Руханият

Әлімхан Ермеков әулетінің Бөріктас қыстауы

Қазақ қыстауларын археологиялық тұрғыдан зерттеу – кенжелеп қалған бағыттардың бірі. Оның нақты себебі кезінде қыстауларды зерттеу қажеттілігінің туындамауы, мемлекет тарапынан да арнайы тапсырмалардың болмауы және қыстаулардың ескерткіш есебінде, тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде мемлекеттік мәртебесінің жоқтығы. Саяси идеологиялық шектеулерге байланысты, Кеңес үкіметі тұсында бұл ескерткіштер тобын барлық аймақтар бойынша кешенді түрде зерттеудің тарихи маңыздылығы үстем болмады. Тәуелсіздік жылдарында ескі қора-қыстаулар ғылыми ортада мамандар тарапынан өзекті тақырып болып көтерілмеді. Осы мәселе төңірегінде ғылыми тұрғыда зерттеудің нақты методикалары қалыптаспады және барлық аймақтар бойынша ғылыми-деректік база жинақталған жоқ.

Қазақ қыстауларын археологиялық тұрғыдан зерттеу осы уақытқа дейін белгісіз болып келген көптеген тарихи тың мәліметтер береді. Бұл Қазақстанның түрлі аймақтарының топографиялық мәліметтерін салыстырмалы түрде сараптауға мүмкіндік болады. ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басындағы қазақ халқының станционарлы үй салу дәстүрін және планиграфиясын анықтауға көмектеседі. Археологиялық қазба барысында қыстаудың планировкасы толықтай ашылады. Тұрғын-жайдың қабырғасы, едені, төбесін жапқандағы тіреу-діңгек, есік, табалдырық орындары және жылыту жүйесін (пеш) орналастыру тәртібі, жалпы архитектуралық ерекшеліктері анықталады. Кешенді материалдан қыстау тұрғындарының қай кезеңде өмір сүргенін, нені тұтынғанын, бір сөзбен айтқанда сол кезеңнің шаруашылық-мәдени, әлеуметтік-экономикалық бейнесін көруге болады. Аталмыш кезең ескерткіштерін зерттеу Қазақстанның ортағасырлар және соңғы ортағасырлар дәуірін зерттеуде зор үлес болып қосылатынын да ескергеніміз жөн.

Соңғы жылдарда Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы оң бастама көтеріп, қаржылай қолдауы арқылы аймақта қазақ қыстауларына археологиялық қазба және реставрация жұмыстары жүргізіле бастады. Солардың қатарында Бөкейханов әулетіне қарасты Жекежал, С.Сейфуллин туған Қарашілік қыстауларына жүргізілген реставрациялық жұмыстар бар. Ал археологиялық қазба жүргізілген екі нысанды айта аламыз. Бұл тұңғыш заң магистрі, Алашорда үкіметінің мүшесі Жақып Ақбаев әулетіне қатысты Көлдібұлақ қыстауы және Ермековтер әулетінің Бөріктас қыстауын айтуға болады. Бөріктас өлкесі – Алашорда үкіметінің мүшесі, мемлекет қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің (1891-1970 жж.) туған жері.

Тарихи-мәдени ескерткіш болып табылатын Бөріктас қыстауы Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Қызыларай ауылдық округінің территориясында орналасқан. Бұл өңір – экожүйедегі өзінің шұрайлылығымен, жайлылығымен ерекшеленетін табиғи, тарихимәдени ландшафт. Бұл жерде Бөріктас қыстауынан басқа, Ермековтер әулеті мекен еткен Әмірхан, Қарағаш, Жазыбек сынды бірнеше қыстау орындары бар. Сонымен қатар ата қорымдарының да осы маңда болуы, бұл жердің Ермековтер әулетіне көп жылдар бойы тұрақты түрде қоныс болғандығын айғақтайды.

2019 жылғы зерттеулер барысында бұрындары қаралған орындардың мәліметтері нақтыланып, координаттары алынды, сипаттамалар жасалды. Осы археологиялық барлаулар, топо-ландшафттық байқаулар, т.б. анықтаулар нәтижесінде Бөріктас өлкесінде қора-қыстаулар тақырыбына қатысты бес маңызды орын белгіленіп, олар «Бөріктас кешеніне» біріктірілді. Бұлар Бөріктас қыстауы, Жазыбек қыстауы, Әмірхан қыстауы, Қарағаш қыстауы, Бөріктас қорымы. Бөріктас қыстауы екі нысаннан тұрады. Қазба жүргізілген бастапқы негізгі құрылыс үш жағынан биік тау қоршап жатқан (солтүстік, шығыс, оңтүстік жақтары) сайдың аузында, тегіс жерге салынған. Батыс жағында аласалау төбелер жатыр. Қыстауға батыс желдерінен ықтасын болып тұрған осы төбелерден кейін кең жазық басталады. Осы жазықтың бергі таманында, бастапқы үйден батысқа қарай жақын жерде Ермековтер әулетінің ата қорымы орналасқан. Қыстаудың батысында Ызылдауық бұлағы күнбатысқа қарай ағып жатыр. Жергілікті халық үш бұлақты айтады: Бас Ызылдауық, Орта Ызылдауық, Аяқ Ызылдауық. Зерттелген ескерткіш Орта Ызылдауық бұлағына жақын. Шағын болғанымен, жақсы ағыны бар, суы тастай әдемі су.

Жазыбек қыстауы аталып өткен Бөріктастан оңтүстікке қарай 1,1 км жерде қазіргі уақытта малшылар отырған Жазыбек қыстауы бар. Барлау барысында Кеңес үкіметі тұсында салынған үй мен қорадан бөлек, одан шығысқа қарай 140 м жерде, таудың батыс беткейінде формалары ұзынша келген төртбұрышты екі ескі қыстау үйлерінің орны байқалды. Үйлердің қабырғаларын іргетасына дейін бұзып әкеткендіктен, жер бетінде құрылыстардың тек сұлбасы ғана көрінеді. Ескі Жазыбек осы. Архив материалдары бойынша, бұл қыстаудың аты берілген Жазыбек Жиенбаев (Жиынбаев) 1913 жылы Темірші болысы, №1 ауылдың биі Исмаил Ермековтің орынбасары болған. Әлімхан Әбеуұлының атасы Ермек Жиенбайұлы мен Жазыбек Жиенбайұлы ағайынды адамдар. Әмірхан қыстауы Бөріктастан солтүстік бағытта 3,4 км қашықтықта Әлімханның туған ағасы Әмірхан Ермековтың қыстауы болған. Мұндағы ескі орындарды планиграфиялық орналасуына қарай үшке бөлуге болады. Қыстау қазіргі Әмірханнан (Кеңес үкіметі кезінде салынған үй) оңтүстік-шығыс бағытта 100 м жерде. Бұнда жермен-жексен болып кеткен онға тарта құрылыс бар. Әбден бұзылғандықтан, нақты санын анықтау мүмкін емес. Бұл қыстау орнынан оңтүстік бағытта 450 м жерде, жалпақ төбе үстінде бір нысан орналасқан. Алдыңғы орынмен екеуінің арасын аса терең емес сай бөліп тұр. Сай табанынан тартылып қалған бұлақтың арнасы аңғарылады. Мұның біреуінен ресейлік кәсіпкерлер Кузнецовтарға қараған «Дулево» фарфор зауыты кесесінің сынығы табылуы бұл орындардың XIX ғ. соңына таман үлкейіп, көтерілгенінен хабар береді.

Қарағаш қыстауы Бөріктас кешенінің төртінші ескерткіші. Қыстау биік таудың оңтүстік-батыс беткейіне, қуысқа салынған үш үйден және олардан бөлектеу, төменірек орналасқан бір ұзын қорадан тұрады. Үйлердің тау іргесіне тақап салынуы, тұрғын-жайдың қабырғалары тіп-тік болып тұрғызылмай, қисықтау болуы, тас қалау техникасының қарапайымдылығы, осының бәрі бұл орындардың жоғарыда аталған қыстаулардың барлығынан ертерек салынғандығын аңғартады. Кіреберіс сай табанынан солтүстік батысқа қарай бұлақ ағып жатыр. Бұлақ суын бойлай қалың шілік өскен.

Бөріктас қорымы Бөріктас қыстауының күнбатысында орналасқан (сур. 1). Қорымда тастан, саман кірпіштен тұрғызылған оннан астам төртқұлақ бейіт пен тағы басқа сопақша үйінді түріндегі жерлеу орындары бар. Осы ата қорымда Әлімханның әкесі Әбеу қажы жатыр. Төртқұлақ бейіттің құлпытасындағы қадым жазуында «1911 жылы 19 мартта жұма күні қазақ әулеті қара нәсілі Оразғұл руы мархұм Әбәу Ермек қажы ұлы 54 жасында ахірет сафары…» деген ақпарат бар. «Қара» деген бұл әулеттің руы екенін ескертеміз, қазақи жүйеде арғын ішіндегі қарашордан бөлінеді, Оразғұл – одан берірек келіп тарайтын ата. Әбеу қажыдан басқа, Әлімханның анасы Ақбілек, ағасы Әмірхан да осы қорымда жатыр.

Бөріктас кешеніне кіретін Қарағаш, Әмірхан, Жазыбек қыстаулары зерттеліп отырған нысаннан ертелеу уақыттікі. Олар әлі қазылған жоқ, бірақ, сыртқы ерекшеліктерінен-ақ осы пікірді айта аламыз. Бөлектеу, таудың сайында орналасқан Қарағаш кешенге кіретін қыстаулардың ең ертесі деп санаймыз. Бөріктас қыстауындағы зерттелген бірінші үй кеңес заманына жетіп, 30-шы жылдарға қарай бос қалған. Көп уақыт өтпей үй қиратылған, төбе ағашын, кірпішінің керегін, жарайтынын арнайы түрде бұзып, алып кеткен. Діңгектердің арамен кесілуі, ол құралдың дәліз еденінде, 5-8 см топырақ үстінде қалуы осы себепті. Әлімхан Ермековтың туған ағасы Ақан Ермеков ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновпен ертеден сыйлас, жақын байланысты болған да, саяси айыптаумен ұсталып, айдауға кеткен, одан қайтып оралмаған. 1930 жылы Әлімханның өзі алғаш рет тұтқындалған. Жалпы, сол тұстарда бұл әулет қатты қыспаққа түскені, одан кейін де Әлімханның ұзақ уақыт қуғындалғаны жақсы белгілі. Бөріктас кешені біраз уақыт зерттеуді талап ететін, ғылыми құндылығы өте жоғары ескерткішке жатады.

Былқылдақ – қалың елдің хан жайлауы

Қыстау жайын сөз еткенде жайлау ұғымын шетке ысырып тастауға болмайды. Мұның бәрі сол кездегі қоғамның ажырамас бір бөлшегі. Сондықтан, қыстауды зерттегенде синхронды түрде жайлауды, мүмкіндігінше, күзеу мен көктеуді де қоса сөйлетудің нәтижесі молырақ бола түсетіні хақ. Зерттелген Бөріктас қыстауының жайлауы жергілікті халықтың жадында, Былқылдақ деп аталады. Ол жайлы ең маңызды кейбір аспектіні қозғап өтсек, бұл – қыстаудан тік тартқандағы тұсы 12-15 км шамасында болатын өзен. Былқылдақ туралы нақты дерек қалдырған осы өңірдің тумасы, Ақан Ермековтың күйеу баласы Қ. Мәкенбаев. Былқылдақтың хан жайлау ретінде дүйім елге таныс болуы ертеректе, Ермек Жиенбайұлы заманында орын алған. Атақты күйші Тәттімбет Қазанғапұлы өзінің ол да атақты «Былқылдақ», «Сылқылдақ» күйлерін осында, үлкен салтанатты мәжілістерде, жиындарда отырып шығарған. Былқылдақ тік арналы, тез ағатын су емес, төбе-төбе арасына жайылып ескен, тармақты, бапты өзен. Наркеткен сынды кең жерлері, үлкен иірімдері де болған. Ермек әулетімен іргелес Жандерке Құдабайұлы, оның баласы Ақбай Жандеркеұлы, т.б. да әулеттер Былқылдаққы келіп отырған. Осындай ел бір-бірімен біте қайнасып, араласып жатқан жаймашуақ кезең 1917 ж. Қазан төңкерісіне дейін ғана емес, 1920-шы жылдары, яғни «жаңа экономикалық саясат», НЭП тұсында болған. НЭП-тің большевиктер партиясының тарихи съезіне келіп тірелгені, оның аржағындағы тәркілеу, сұрапыл аштық, т.б. оқырманға жақсы таныс. Ә. Ермеков 1926 ж. Ташкентте тұңғыш ашылған Қазақ педагогикалық институтына (Казпедвуз) арнайы шақырылып, математикадан сабақ бергені белгілі. Осы институттың директоры, қоғам және мемлекет қайраткері Темірбек Жүргенов Әлімханның ағасы Әмірханның қызы Дәмешпен 1927 жылдың жазында Былқылдақ жайлауында үйлену тойларын өткізген. Оған жан-жақтан келген бір топ зиялы қауым қатысқан. Ал оның алдында, 1925 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақов Жақып Ақбаевтың ағасы Ыбырайдың қызы Зүпнінге үйленіп, отау көтерген де, екеуі үлкендердің батасын алуға тағы осы Былқылдақ жайлауына келген. Әлімханнан кейін Том технология институтына оқуға түскен, болашақ көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев та 1923-1925 жылдың жаз айларында осы жайлауға келген. Былқылдақ жайлауы тек мал бағатын жер емес, халықтың араласып, білісіп, түрлі тарихи оқиғалар орын алып жататын, өнер мен әдебиетке мән берген қалың ортасы болған.

1913 жылы Г.Н.Потанин жанына апалы-сіңлілі Антонина Воронина-Уткина мен Екатерина Воронинаны ертіп, Семей облысы, Қарқаралы уезіне барып, жергілікті халықтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жайлы материал жинаған. Антонина сурет салса, кішісі Екатеринаны қызықтырған шалғай жердің өсімдіктер дүниесі еді. Қастарында аудармашы, әрі жол көрсетуші болып Том технология институтының студенті жас Әлімхан еріп жүреді. Былқылдақта қонақтарға екі үй тігеді, бірі Потанинге арналса, екіншісінде Антонина мен Екатерина орналасады. Потанин осы сапарында Былқылдақ жайлауында Аяпберген Балабатыров, Хасен Бижановтармен кездесіп 27 ертегі жазып алады. Ертегілерді орысшаға аударып, қағазға түсіруге көмектескен де Ә. Ермеков болатын. Антонина Былқылдақта қазақ тұрмысы жайлы фотолар түсіріп, көптеген суреттер салған. Ол туындылар Антропология мен этнография музейінің (Кунсткамера) қорында сақталып келеді. Ғалымның киіз үйіне атақты әншілер Майра Уәлиқызы, Ғаббас Айтбаев, Әлихан Бөкейхановтың інісі Смахан төре сияқты сол маңның зиялылары, өнерпаздары келіп, дәмдес болады. Қонақтар қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі Жақып Ақбаевтың Милыбұлақтағы ауылына да барып қонақ болған. Былқылдақта қонақтар құрметіне әнші-күйшілер қатысқан кеш ұйымдастырылып, Семей гимназиясында оқитын қазақ жастары орыс ақындарының өлеңдерін оқыған.

Д.ШАШЕНОВ, А.БЕЙСЕНОВ

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button