Басты ақпаратРуханият

Шың мен шындық

Соңы. Басы газетіміздің

№48 (4636) санында

«Қызыл жебе» қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа болды. Ұлттың рухын түлеткен көркем шығарма атанды. Ең көп оқылған кітапқа айналды.

Қазақ әдебиетінің алыптары мен әдеби сыншыларының «Қызыл жебе» романы туралы өз ойын жазбағандары кемде-кем. «Т.Рысқұловтың бейнесі қаншалықты құнарлы болса, соншалықты күрделі, кейде шытырман да қиын. Оның бар жолы тұп-тура тіке болмаған. Оның алдынан заманы қилы-қилы қиын мәселелер тосқан. Осы ауыр міндетті Шерхан Мұртаза мойнына алып, шығармашылық ізденістермен тереңдей түсті» деп ой қорытты.

Шігесіне қорғасын құйғандай мығым, терең ойлы, парасатты суреткер Ш.Мұртазаның әр кітабы шыққан сайын жүріс-тұрысы, мінезі мен айбарлы келбеті Тұрар Рысқұловқа ұқсап бара жатқанындай сезілді. Оны әріп­тестері мен әдебиет сыншылары ашық айта бастады. Негізі, «Қызыл жебе» романын «Қазақ әде­биеті» газетінің бас редакторы болып жүргенінде жазғанын айтатын болсақ, оның тигізген әсері шығармашылық ортасында анық байқалды. Қоғам көз тіккен тұлғаның ой-жосығы, шындық пен әділдік жолындағы қайтпас күрескерлігі, қоғамның өткір мәселелерін батыл айтып, барынша батырып жариялауының іргетасы қатая түсті деуге болады. Алаш ардақтысы кешегі мен бүгінгінің тарихында қазақ баспасөзінің «жүрек жұтқан жолбарыс редакторы» атанды. Өз кейіпкеріне қасиет­ті қыр-­сырымен ұқсау­дың құдіреті де, киесі де бар емес пе?! Халықтың басына күн туғанда ерекше қайрат көрсеткен Тұрар көкесі тәрізді қалың елдің қорғаушысы және шындықтың жебесі атанған Шерағаның шыңы дәл осы жал­ғастықтың тамырлас болуынан шығар деген ойдамыз.

Жалпы әдеби ортада «Жазушының шығармасы – жазушының өзі» деген сөз бар. Рас. Егер Шерағаң Тұрар туралы болмаса, «Қызыл жебені» жаза алмас еді. Егер Шерхан Мұртаза елі мен жерін Тұрар Рысқұловтай шексіз сүйе білмесе, елі мен жерінің бүгінгі ақиқатын айта алмаса, бұл жолда құрбандыққа бейім болмаса, қазақтың Шерағасы да атанбас еді» деген ортақ айқындық дәл берілген.

Ұлт перзенті, дарынды талант, айтулы оратор, табиғатынан ерекше туған жан деген қасиеттері де ұқсастық қана ма?!

Жалпы Шераға көркем әдебиетте ғана емес, барлық кезең мен толқынды уақытта Т.Рысқұловтың ұлан-ғайыр ғасыр жүгін арқалаған қызметі туралы жанын беріп, адал сөзін тынымсыз жазды. Екі теңдессіз ерлігі мен абадан еңбегін ерекше келтіреді.

Біріншісі – 1918-1919 жылдарда Орта Азияда, Қазақстанда үлкен аштық. Сонда Тұрар Рысқұлов аштықпен күрес комиссиясын басқарып, халықты жаппай аман алып қалуға барын салды. Күресті. Айқасқа түсті. Ақыры, аштарға жедел көмек көрсету туралы өкіметке қаулы қабылдатты.

Екіншісі – тағы да аштық. Тарихтан белгілі, 1932-1933 жылдары жаппай коллективтендіру кезеңінде Қазақстанда өрескел бұрмалау орын алды. Халықты коллективтендіру туралы Лениннің өсиеті ұмыт қалып, қоғам дамуының объективті диалектикалық заңы бұзылды. Осының салдарынан халық көпе-көрінеу аштыққа ұшырап, өмірде сирек кездесетін нәубетке тап келді. Ал Голощекин бастаған республика өкілдері «Қазақстанда коллективтендіру тамаша өтіп жатыр» деп Мәскеуге ақпар жазумен болды. Халық жаппай күйзеліске ұшырады. Міне, осындай сын сағатта Т.Рысқұлов 1932 жылы тамыз айында Сталинге бірінші хатын жазды. Одан нәтиже бола қоймаған соң, араға бірнеше ай салып Сталин, Молотов, Кагановичтің атына екінші хатын жазды. Тұтас халықтың басына солақай саясаттың алапат қауіп төндіргенін батылдықпен, ашына айқайлап айтты. Дәл осы тұста, жеке адамға табынудың дерті белең алған шақта мұндай орасан батылдыққа барып, өз басын оққа байлау қау­піне қарамай, «халқым!» деп жанұшыра қайраткерлік көрсету теңдессіз ерлік еді. Көп ұзамай Голощекин Казкрайкомның бірінші хатшылығы қызметінен алынып, республика ауыр бұлттан арылып, әділдік орнай бастады. Осы тұста Ш.Мұртаза: «Тұрар Рысқұловтың бұдан басқа да орасан қыз­меттерін былай қойғанда, тек туған халқы үшін, туысқан халықтар үшін жанқияр осындай абадан істері үшін ғана оның ұлы рухын ту етіп ұстап жүруге болады» деп жазады.

Белгілі сыншы Тұрлыбек Мәмесейіт «Алысқа атылған жебе» деген көлемді мақаласында «Рысқұловтың халқына жасаған еңбегі қандай өлшеусіз болса, Шерхан Мұртазаның да Рысқұловты «тірілтудегі» еңбегі сондай зор» деп бағалайды. Бұл жалпыхалықтық баға деп санаймыз. Талғампаз қаламгер Елен Әлімжан «Қызыл жебені» жұрт Шерхан Мұртазаның Тұрар Рысқұловқа қойған ескерткіші деп жатады. Солайы солай да шығар. Дегенмен мен үшін «Қызыл жебе» – ұрпақтан-ұрпаққа қаһармандықтың мәңгілік аманаты, қоғамнан қоғамға ескертпе» деп жазады. Қаһармандықтың мәңгілік аманаты дейді. Қоғам мұны ұмытпауға тиіс. «Оян, Тұрар!» деп басталатын осы шығармасы маған да «Оян, қоғам!» деп тұрғандай болып көрінеді.

Қайсар рухты жазушы, естеріңізде ме, өзінің шығармашылығы мен өмірлік қадір-қасиетіне зор абырой әкелген романының соңында Рысқұловпен қоштасады. Сол тебіреністе: «Мен сізге дәл қазір алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сізбен қол ұстасып, бірге жүріп, бірге тұрдым. Отыз жыл бойы жан-дүниемді, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол еді» дейді. Одан соң «…Біреулер айтты: шеті жоқ, шегі жоқ мұхитқа түсіп кеттің-ау, байғұс, батып кетпесең жарар еді» деді. Олардың айтқаны рас еді. Мен көп малтығып, көп тұншықтым. Жағалауға жете алмай, батып кетуім ықтимал еді. Бірақ, Тұрар көке, өзіңіз алып шықтыңыз. Сіздің жұлқар рухыңыз алып шықты» деп жазады.

Ең бір жарық сәулелі түйінін қараңызшы: «Мен торыққан кезде, Сіздің рухыңыз әл-қуат берді, Тұрар көке. Мен Сізді түсімде көретін болдым» дейді. Иә, жанкештілік еңбекті, ерлікке толы елдікті Тұрар рухы қолдаған шығар, иә, ата-баба әруағы дем берген шығар.

Көрнекті жазушының «Сталинге хат» пьесасы – Рысқұлов­тың рухын тірілткен дара туынды. «Қызыл жебенің» жалғасы іспеттес. Сол жылдарда, бүгіндері келмеске кеткен Кеңес Одағындағы қайта құрудың дүмпуімен Алматы сахналарында батыл шешімге құрылған спектакльдер қойылып жататын. Қалам ұшынан қайраткерлігі саумалаған Шерхан Мұртазаның пьесасы бойынша сахналанған «Сталинге хат» драмасы ашаршылықтың ащы шындығын айтып, Сталинге хат жазған Тұрар Рысқұлов­тың азаматтық ерлігі туралы еді. Бұл қойылымды көру үшін сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин бастап, Үкімет төрағасы қостап, рес­публика басшылығындағы адамдар түгелге жуық театр­ға барады. Жарық дүниенің, қоғамның, адамның ақиқатын теңдей таспалап танудың мәні алдында бас ию, жоқ, бас идіруде сахнаның сиқырлы сыры мен көркем ойдың құдіреті санаға ауыр жүк түсірмей қоймайды. Миға сәуле түсіреді. Сол бір сәттің көрінісіне куә болғандар естеліктері мынадай болып шығады: «Қойылым басталғаннан-ақ Г.В.Колбиннің түрі өзгеріп сала берді. Меңірейіп отырды да қойды. Спектакльден кейін әдетте басшылық ­театр директорының кабинетіне кіретін, қойылым үшін (тіпті онша ұнамаса да) мезірет бойынша алғыс айтылатын, режиссерге, актерлерге табыс тіленетін. Колбин соның бі­реуін де жасамады. Орнынан тұрды да, бірден шығар есікке беттеді. Ауыз ашпаған күйі мәшинесіне отырып, кетті де қалды. Сонша саңылаусыз болмай шықты. Талай нәрсені түсінді. Спектакльдің сүйегі әлдеқашан қурап қалған Голощекин емес, тура сол сияқты Қазақстанға келіп, білгенін істемекші болып жатқан өзі туралы екенін түсінді. Бұл жерден есі барында кету керек екенін сол күні түпкілікті ұққан шығар-ау, тегінде. Мүмкін Орталыққа өтінішін де сол кезде айтты ма екен, кім біледі?».

Тарихтың көзі де, өзі де адам. Сол әйгілі драмалық шығармада Сталин: Халқы үшін шырылдап отқа түсе жаздаған пәруана. Сен сөйтіп қарлығаштай қанатыңмен су себелеген халық саған не жақсылық көрсетер екен? Күндердің күнінде атыңды да ұмытып кетпес пе екен? Білесің бе, аш бала қарны тойған соң жаңа ғана жылағанын ұмытып кетеді.

Рысқұлов: Еңбегім үшін ақы тілемеймін. Ұмытса, несі бар, ұмыта берсін. Тек қарғамаса болғаны, дүниеде бір-ақ нәрседен қорқамын.

Сталин: Ол не?

Рысқұлов: Қарғыс…

Бұл – тұла бойыңды дір еткізетін ұғым, ұлы түсінік. Сұмдық ой. Сұрапыл сауал. Қасиетті сөз жауабы.

Қазақтың биік те тұңғиық ақыл иесі Тұрар Рысқұловтай абзал азаматы еліміздің ХХ ғасыр белесінде ұлт болып ұйы­сып, жұрт болып қалыптасу кезеңдеріне сіңірген тарихи еңбегі мен қызметі үшін туған халқының шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, мәңгілік алғысын алды.

Қазір Тұрардың заманы туды. Тәуелсіздік, бостандық еліміздің басына орнады. Бұл дәурен үшін Тұрар Рысқұлов өмір бойы күресті. Жемісін өзі көре алмады, елі көріп жатыр.

Ақиқат аманат: ұлтқа қыз­мет етудің биік үлгісі болған ұлы қайраткер, қоғамдық санада өшпес із қалдырған көрнек­ті саясаткер Тұрар Рысқұлов­тың туабітті қайсар да қаһарман тұлғасы, біздіңше, әділетті қоғам тұрғысында ешқашан аласармайды, есімі ешқашан да ұмытылмайды, енді егеменді елімен бірге биіктеп, саналы ұрпақтарымен жасай береді.

Бұл күндері Әділетті Қазақстан құру кезінде ар-ождан тазалығы, адал еңбек, адал табыс қаншалықты маңызды болып отырғанын жақсы білеміз. Ал ел басқару ісінде ұлтқа қызмет ету мен ұлттық мүддені жоғары қоя білуде, ең алдымен, өз халқын ойлауға міндетті мемлекетшілдік қасиеттер аса қажет. Ол шешімді шарт болуы тиіс. Дәл осы биікте Тұрар Рысқұловтың тәуелсіз ел жастары үшін қайраткерлік өнегесі, азаматтық ұстанымы, озық ойлары мен тағдырлы, тарихи тағылымы – өміршең ұлт байлығы, таусылмас қазына.

Өркениетті өмірдің дәс­түрінде Тұрар Рысқұлов есімі – қазақ ұлты үшін ешқашан ескірмейтін құндылық.

Енді әңгіменің түйіні: өршіл ұрпақ бүгінгі заманда әр нәрсенің байыбына барып, түсінуді үйрену керек деп ойлаймыз. Ең бірінші кезекте ұлтқа қызмет етудің жалпылама мәнін түсіну үшін ел мұратына адалдық танытқан тарихи тұлғалардың атқарған істерін замандар үрдісінде танып, білуіміз қажет.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button