Басты ақпаратҚоғам

Салалық журналистика: артықшылығы мен кемшілігі қайсы?

Қоғамдық сананы және қоғамдық пікірді қалыптастырушы – ол әлбетте бұқаралық ақпарат құралдары. Елімізде бірқатар университеттер болашақ журналистерді дайындайды. Алайда олардың сапасына сала мамандарының да, білім алушылардың да көңілі тола бермейді. Осы орайда біз «Ашық силлабус» білім беру бағдарламаларына талдау-зерттеу жүргізген едік. 24 отандық және 22 шетелдік оқу орнының білім беру бағдарламасын талдап, салыстырмалы анализ жасадық.

Талдау нәтижесінде Қазақстандағы университеттердің бәрінде міндетті тео­риялық пәндердің міндетті практикалық пәндерден аз екені белгілі болды: 12%-ы – міндетті теориялық пәндер, 31%-ы – міндетті практикалық пәндер, 52%-ы – медиа және журналистикаға байланысты таңдау пәндері және 5%-ы болашақ журналистің мәдени біліктілігін арттыратын пәндер.

Салалық журналистика – белгілі бір саланың өзекті ақпаратын жинау, өңдеу мен түрлі арна арқылы таратудың әлеуметтік қызметі. Отандық ғалымдардың пікірінше, бұған дейін Қазақстан медиа кеңістігінде спорт, ғылыми-танымдық және экономика журналистикасы айтарлықтай дамыған және Білім беру бағдарламаларында да, негізінен, осы салаларға көңіл бөлінген. Соғыс, қақтығыс, лаңкестік, халықаралық қатынастар, саясат журналистикасы 15 университетте қамтылған. Оның артықшылығы мен кемшілігі де бар. Біріншіден, қазіргі қалыптас­қан геосаяси жағдайда соғыс не қақтығыс алаңынан дәл, нақты әрі сауатты ақпаратты халықаралық дау тудырмайтындай жазу – болашақ журналист маманның шеберлігі. Кемшілігі, мұндай пәндердің міндетті немесе базалық электив пәндер қатарында көптеп кездесуі студенттердің көңіл аз бөлінген журналистика салаларын таңдамауына алып келуі мүмкін. Нәтижесінде аз қамтылған немесе мүлдем қамтылмай отырған бағыттар елеусіз қала бермек. Екінші орында 11 университетте оқытылатын экономика/іскерлік журналистика тұр. Қазір қарқынды дамып келе жатқан SMM, блоггинг, мобильді журналистика бағыты үшінші орынды иеленген. Қазақстан университеттері ішінен салалық журналистикаға ең көп басымдық берген Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті мен Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті екені анықталды. Атырау университеті Экстремалды журналистиканы да оқытады.

Әскери журналистика: Бұл бағытқа жастардың қызығуы жылдан-жылға артып келеді. Дегенмен, бұл бағыт тек әскери-патриоттық «Айбын», «Сарбаз» телебағдарламаларын жүргізумен шектелген. Әскери журналистика халықаралық қатынастар, қақтығыс және саясат бағыттарының көлеңкесінде қалып қойған. Дін журналистикасы: Бұл – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан сала. Әлемде діни экстремизм, ал елімізде Ислам құндылықтарына жат діни ағымдар мен секталар қызметін насихаттап жүргенде, бұл туралы конструктив пікір білдіре отырып, дәлелдерге сүйеніп жаза алатын журналистер өте аз. Бұл сала да ЖОО журналистік білім беру бағдарламалары мүлде енбеген. Бұрын ақпарат жеткізе алатын, жаза алатын мамандарға сұраныс жоғары болса, қазір жазу машығымен бірге технологияны да меңгерген әмбебап мамандарға сұраныс артты. Осы орайда елімізде журналистік білім беретін жоғары оқу орындары диджитал заман талабына сай маман дайындауды қолға алып, өзгерістерге бейімделе бастағаны байқалады. Мәселен, отандық бірқатар университеттер «Цифрлық журналистика», «Web журналистика», «Жаңа медиа», «Конвергентті журналистика» білім беру бағдарламасы бойынша маман даярлауды бастаған.

Дегенмен, өңірлік университеттердің бірінде міндетті пәндер қатарына тек «Мультимедиалық журналистика» пәні енген, ал цифр­лық журналистикаға байланысты өзге пәндер тек таңдау компонентіне кірген. Дата журналистикаға байланысты міндетті пән 24 оқу орнының 7-еуінде оқытылады. Ақпараттық технологиялар бағытындағы ЖОО-да компьютерлік бағдарламаларға көбірек мән берілген. Ал талдау нысанына айналған бір университеттің журналистік білім беру бағдарламасында таңдау компоненті мүлдем ұсынылмаған. Журналистік білім берудің әлемдік тәжірибесінде ақпараттық технологияға басымдық беретінін алдағы уақытта ескеріп, ақпараттық технологиямен байланысты пәндерді қосқан дұрыс.

Бұдан шығатын түйін мынадай: ЖОО басым бөлігінде дәстүрлі журналистикаға басымдық берілген. Таңдау және міндетті компоненттер арасында мағыналық жағынан бір-бірін қайталайтын пәндер жиі кездеседі (Web-журналистің шеберлігі, Web-журналистің шеберлігі туралы семинар). Теориялық пән атаулары бірізді емес. Бұл жағдай ғылыми тіл қалыптастыруға кедергі келтіреді. Практикалық міндетті пәндерден гөрі практикалық таңдау компоненттері көбірек ұсынылады. Цифрлық журналистикаға бейімдейтін пәндер қатары таңдау компонентінде көбірек беріледі. Әр оқу орнында міндетті практикалық пәндер әрқилы және кредит саны да әртүрлі.

Енді ұсыныстарымызға келейік. Университетте психология журналистикасы пәндерін қосу қажет. Мейлінше көп сала қамтылса, соғұрлым контент сапасы артады. Салалық журналистиканың өзін бірнеше салаға бөліп қарастырған абзал. Заң журналистикасының өзінен сот журналистикасы тәрізді тармақтарды бөліп оқытуға болады. Қазіргі геосаяси жағдай, әлемдік кеңістікте болып жатқан қақтығыс пен соғысты ескере отырып, оқу орындарында тек конфликтология­мен шектелмей, соғыс журналис­тикасы, лаңкестік журналистика, дағдарыс журналистикасы пәндерін ашу қажет. Салалық журналистика пәндерінен оқытатын оқытушы кадрларын даярлауға ден қою қажет. Спорт журналистикасын дамыту. Оның ішінде спорт тақырыбын тек ер адамдар жазады деген түсініктен арылу, оқыту барысында гендерлік теңдікті ескеру. Ақпараттық технологиялар, программалау тілі, мобильді журналистика машығын үйрететін пәндер міндетті компонент қатарында болғаны дұрыс.

Цифрлық дәуір визуал контентке көбірек сүйенетінін ескере отырып, студенттерге шығармашылық және техникалық пәндерді меңгеруге мүмкіндік беретін графика/дизайн курстарының болуы медиа индус­трия үшін де, студенттер үшін де пайдалы болмақ.

Жасанды интеллект/робототехника халық­аралық медиада белсенді қолданыла бастады. Бұл пән бойынша базалық курстың ұсынылуы болашақ журналистердің мүмкіндігін кеңейте түседі. Газет және журналдардың онлайн трансформациясын ескере отырып, «Газет және журнал шығару» пәнін онлайн басылымға материал дайындау, онлайн басылымдар дизайны мен графикасы, конвергентті журналис­тика тәрізді пәндерге түрлендіру ұсынылады. Отандық оқу орындарына жазу негіздерін үйрететін пәндерде сторителлинг форматына көңіл бөлу ұсынылады. Қазақстанда цифрландырудың қарқынды жүруіне орай журналистика мамандығында студенттерге «Жасанды интеллект», «Цифрлық құқық», «Цифрлық әл-ау­қат», «Цифрлық медиа этикасы» пәндерін қосу қажет.

Журналистикасы дамыған елдің өркениет есігін ашуы жылдамырақ болатыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Өкінішке қарай, қазақ журналистикасының қазіргі заман талабына ілесе алмай отырғаны байқалады. Заманауи журналис­тика көшіне ілесуге ықпал ететін фактордың бірі – журналистика саласында білім беруді жетілдіру. Кейінгі он жылда журналистикаға қажет дағды қатарына деректерді түсіну, алгоритмдерді білу, контент өндіру мен әлеуметтік желілердегі жұмыс қосылды (Berger және Foote, 2017). Сондықтан Батыстағы оқу орындары дата журналистиканы міндетті пән қатарына кіргізіп қана қоймай, оны журналистика мамандығының ішіндегі бөлек бағыт ретінде оқытады. Қазақстандағы кейбір оқу орындары да міндетті практикалық компонентке дата журналистика бағытындағы пәндерді қосқан. Мысалы: «Деректер журналистикасы», «Мәліметтер журналистикасы», «Журналистикаға арналған деректерді визуалдау». Дата журналистикаға байланыс­ты міндетті пән 24 оқу орнының жетеуінде оқытылады. Ал шетел журналистикасында мультимедиа мен конвергенттілікке ойысу байқалады. Дәстүрлі «Тележурналистика», «Радиожурналистика» пәндерінен гөрі «Мультимедиа журналистикасы», «Аудио сторителлинг», «Видео сторителлинг», «Дижитал сторителлинг» тәрізді пәндер оқытылады.

Айнұр СЛӘМҒАЖЫ, Astana IT University

оқытушысы, PhD

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button