Елорда тынысы

Астананың ажарлы ауласы

Елорда тұрғындары қала тазалығына белсенді атсалысуда. Осы мақсатта шаһарымызда жыл сайын экология акциясы өтіп, игі іс аясында үздік аулалар анықталуда. Биылғы «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртiптiң үлгiсi» экология айлығы барысында Алматы ауданы бойынша Р.Қошқарбаев даңғылы, 46/1 үйдің ауласы ажарлы деп танылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде елорда көшелері тазартылып, аумақтарда көгалдандыру және абаттандыру, сондай-ақ жолдарды ретке келтіру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл іске Алматы ауданына қарасты Р.Қошқарбаев даңғылындағы №46/1 үйдің тұрғындары белсене қатысты. 2022 жылдың 7 ақпанынан бері ол үйге «Тұрсын Астана-2» меншік иелері басқармасы қызмет көрсетіп келеді. МИБ жетекшісі Қуаныш Оспановтың іскерлігі мен тұрғындарды тазалық пен тәртіпке жұмылдыра білуінің нәтижесінде аулада соңғы жылдары көп жұмыс істелді.

– Бұл байқауға біз 2 жыл дайындалдық. Ауламыздың бұрынғы келбеті жұрт қызығарлықтай емес еді. Осы уақыт аралығында едәуір қиын кезеңді бастан өткердік, жертөледе көп жұмыс істеуімізге тура келді. Бүгінде бәрі де артта қалды. Ауламыз жаңарды. Үйдегі барлық жертөледе жылу құрыл­ғылары ауыстырылды. Бірақ біз мұнымен шектелмейміз, алда әлі талай жұмыс атқару ойымызда бар. Былтыр ауламыз бен жертөлеміз жаңарса, биыл аумақты жарықтандыру қолға алынып жатыр. Осы күнге дейін біршама шаруа тындырылғанмен, алға қойған жоспарларымыз одан да көп. Бұл ретте тұрғындардың ауыз­біршілігі барлық мәселенің шешілуіне жол ашты. Осы ретте үйдегі 300 пәтердің әрқайсысына жеке-жеке алғыс айтқым келеді. «Үздік аула» атағын жеңіп алуымызға тұрғындардың әрқайсысы өзінше атсалыс­ты. Біздің жеңісіміз – ортақ еңбектің жемісі, – деді МИБ жетекшісі.

Иә, айтса айтқандай, бұл үйдің тұрғындары ерекше ұйым­шыл екен. Ол, әрине, қызмет көрсетуші МИБ жетекшісінің жұмысты ұйымдастыра білуінің арқасы. Олай дейтін себебіміз, бұл үйде әр мереке сайын аулаға қазақтың киіз үйі тігіліп, атаулы күнді тұрғындармен бірге көңілді әрі есте қаларлықтай етіп атап өту дәстүрге айналған және осы үйдің барлық тұрғыны: кәрісі де, жасы да қалмай, бір кісідей атсалысады. Ұйымшылдықтың арқасында атқарылған іс нәтиже беріп, аула заманауи келбетке ие болды.

Көптің арасынан оза шауып, үздік атану, әрине, оңай емес. Тәжірибелі маман, білікті басшы Қуаныш Владимирович бұл ретте жеңіске жетудің құпиясымен бөлісті.

– Астанада тазалық айлығы басталғалы бері біздің аула тұрғындары әр сенбі күнін асыға күтеді. Олар айналаның тазалығына үлес қосуды азамат­тық борышымыз дейді. Экология айлығы биыл 11 мамырға дейін жалғасады. Бір ай бойы тұрғындар жоғары көңіл күймен, өз еркімен сенбілікке шығып, аумақты сыпырып, ағаштарды әктеп, жан-жақты ретке келтіруде. Маңайымыз тазарып, көктемнің лебі сезіліп жатыр. Жалпы қаламыздың таза болуы мәдениетімізді, адамгершілігімізді көрсетеді деп ойлаймын. Ал үздік аула қандай болуы керек десеңіз, менің ойымша, үздік аула болу үшін, ең алдымен, тұрғындардың ұйымшылдығы маңызды. Бірлесе атқарылған істе береке болады екен. Біз жан-жаққа тартпай, бір бағытта, тек жақсылыққа жаршы бола жүріп, бастысы, тұрғындар үшін жайлы аула жасауға талпындық. Бәріміздің ойымыз бір жерден шыққандықтан, нәтижеге тез әрі оңай қол жеткіздік. Болашақ ұрпаққа таза ауа, таза қала қалдырсақ дейміз, – деді Қуаныш Оспанов.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button