Мәдениет

Жүсіпбек салған әндер әуеледі

Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның «Халық әні» бөлімі Қаз КСР Халық әртісі, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жүсіпбек Елебековтің 120 жылдығына арналған «Ән еркесі» концертін ұсынды.

Қазақ ән өнерінің өрлеуіне, соның ішінде халық әндері мен халық композиторлары әндерінің сақталып, заманнан заманға жетуіне Жүсіпбек Елебековтің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ән әліппесін әкесінің інісі Жақыпбек Балғабайұлынан үйреніп, кейіннен Әміре Қашаубаев, Ғаббас Айтбаев, Қали Байжанов салған әндерді тыңдап, өнерін шыңдады. Бозбала шағында Семейдегі «Ес-Аймақ» үйірмесінде ән салып, осы труппаның концерттері мен спектакльдеріне қатысудан өнер жолын бастаған әнші Қазақ мемлекеттік драма театрында, Қазақ мемлекеттік филармониясында, «Қазақконцерт» бірлестігінде қызмет істеді. Абай атындағы опера және балет театрының «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» спектакльдерінде опералық партия­ларды орындады. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары концерттік бригаданың құрамында майдан даласын аралап, жауынгерлердің рухын көтерді. 1967 жылдан 10 жылдай қазір колледжге айналып, өзінің атымен аталатын эстрада-цирк студиясында шәкірт тәрбиеледі.

Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Кенжеғалы Тәшкенов, Мұратбек Жүнісбеков, Санақ Әбеуов, Тұрсынғазы Рахимов, Келденбай Өлмесеков, Жұмабек Қамбаров, Амангелді Жікенов, Ғалым Мұхамедин – бұл Жүсіпбек Елебековтің бір топ шәкірттері, ұстаз ісін жалғастырушылар. Жүсіпбек Елебеков қазақ әндерінің ішіндегі талай жауһар туындыларды шәкірттеріне үйретіп, ән көші заманнан заманға жетіп отыр.

Жүсіпбек Елебеков «Ес-Аймақта» ұлы Абайдың аузынан әндерін алып қалған Әлмағамбет әншіден Абай әндерін үйренді. Репертуарында халық әндері, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Мәди Бәпиұлы, Естай Беркімбайұлы, Жаяу Мұса, Иманжүсіп Құтпанұлы, басқа да халық композиторларының әндері болды.

Концертте сол әндердің біразын көрермендер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Сарина, Мәдениет саласының үздіктері Нұрай Танабаев, Берік Омаров, Тельман Нүркенов, Данияр Мұқан, Әйгерім Нартүйе, халық­аралық және республикалық байқаулардың лауреат­тары Өзгеріс Шерікбай, Жақсыкелді Маясаров, Нұржан Мейір­хан, Рахат Бегасылов, Алуа ­Қалымбекова, Айдос Оңғарбай сынды әншілердің орындауында тыңдады. Концерт барысында «Қорқыт» этноансамблі өнер көрсетті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button