Елорда тынысы

Қалалық ассамблеяның қарымды қызметі

Астана қаласындағы Қазақстан халқы ассамблея­сы құрамында 5 мың адамнан құралған 23 этно­мәдени бірлестік жұмыс істейді. Ауызбіршілік пен ынтымақтас­тықтың арқасында барлық этнос өкілдерінің татулығын сақтап отырған ассамблея елімізде жетекші рөл атқарады.

Ассамблея кү­ші­мен барлық саланы қамтитын түрлі құрылым ашылған. Атап айтқанда, 56 шығармашылық ұжым, 7 этнолингвистикалық бірлестік, ғылыми-сараптамалық топ, аналар кеңесі, елордадағы «Ассамблея жастары» РҚБ өкілдігі, ақсақалдар кеңесі, «Парасат» қайырымдылық қызметті үйлестіру орталығы, «Аналар аманаты» қолөнер шығармашылығы орталығы, «Мәміле» қазақ тілі пікірталас клубы, медиаорталық, журналистерді біріктіру клубы, дыбыс жазу студиясы, блогерлер клубы, ANK Live, медиация кабинеті қарқынды жұмыс істейді.

Елордалық этномәдени орталықтар қалалық және рес­пуб­ликалық деңгейдегі барлық іс-шараға белсене атсалысады. Астанадағы Достық үйін қалалық ассамблеяның бет-бейнесі десе болады. Ол – ресурстық, ақпараттық-әдістемелік, халықаралық және өңіраралық ынтымақтастықтың орталығы. Достық үйі қажетті көрме жабдықтары, аудио-бейне аппаратура, полиграфиялық техникамен толық жабдықталған, онда конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізуге жақсы жағдай жасалған. Тікелей эфирде шығатын АNK Live студиясы республикалық және халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізуге мүмкіндік беретін құрал-жабдықтармен жасақталған. Шығармашылық ұжымдар ән жаздырып, музыка әрлеуге арналған дыбыс жазу студиясы ассамблеяға қарасты орталықтар жұмысын жандандырып келеді. Аталған студияның бір ерекшелігі – қазақ музыкалық шығармаларын түрлі этностың ұлттық аспаптарында ойнау арқылы дүйім елге көрсететін бірегей жобаны жүзеге асыратыны. Атап айтсақ, бұған мысал ретінде Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін, «Әлқисса» мен «Көроғлы» күйлерін өзге ұлттардың аспаптарында ойнап, соны дыбыстық жазбаға түсіру жұмыстарын атауға болады. Одан басқа, Беларусь мәдени орталығы төрағасының «Радима» әніне, «Шабыт» қазақ ұлттық университеті деканының «Біз – қазақстандықтар» әніне клип түсірілді. Достық үйінің 5 жылдығына орай «Достық үйі» әнінің тұсауы кесіліп, Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Менің Қазақстаным» әніне бейнебаян дайындалды.

Тәуелсіз Қазақстан мен елордамыздың қалыптасуына үлес қосқан түрлі ұлттың еңбегі ерен азаматтары туралы «Ассамблея. Тұлға. Тағдыр» атты бейнеролик түсіру жобасы жүзеге асуда. Себебі қатардағы азаматтардың тағдыры арқылы осында отанын тауып, Қазақстан халқының құрамына кірген этностар тарихы жасалады. Осы ретте қалалық ассамблея этностар арасындағы келісім мен толеранттықты нығайтуға бағытталған мазмұнды да тартымды көптеген іс-шараның ұйытқысы болуда.

Ассамблея мұрындық болған ең танымал іс-шаралардың қатарында Қазақстан халықтары достығының қалалық фестивалін, «Жастар жолы» көшпелі жастар лагерін, Алғыс айту күні аясындағы қайырымдылық акцияларын, қасиетті жерлерге саяхаттауды, Ұлттық домбыра күнін тойлауды, «Алтын күн» патриоттық әндердің балалар фестивалін атауға болады.

Халық дипломатиясы тәжірибесін дамыта отырып, Достық үйі үнемі өз алаңында шетелдік делегацияларды қабылдайды. 2022-2024 жылдар аралығында Достық үйінде Ресей, Польша, Германия, Қырғызстан, Әзербайжан, Башқұртстан, Армения елдерінен делегациялар келді. Осылайша Достық үйі кездесу мен пікірсайыс алаңына айналды. Елорда мен қалалық ассамблея өміріндегі маңызды оқиғаның бірі – Сингапур елінің бұрынғы президенті Халима Якоб бастаған делегацияның келуі. Сонда өткен дөңгелек үстел барысында Қазақстан халқы ассамблеясының екі ел халқының гуманитарлық байланысын дамыту, этносаралық қарым-қатынасты үйлестіруде маңызды институт ретіндегі қызметі таныстырылды. Соны­мен қатар елордалық Достық үйінде Нұрлан Шакиев төрағалық ететін Қырғызстанның Жогорку Кенеш делегациясы қонақта болды. Ресми кездесу кезінде ассамблея қызметімен
танысып, оның жұмысына жақсы баға берді.

2023-2024 жылдары қалада ассамблеяның мұрындық болуымен 282 ірі іс-шара, соның ішінде 18 халықаралық, 20 республикалық, 244 қалалық іс-шара өткен.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button