Қоғам

Сауаттылық – сапа белгісі

Аделия Тухбатова 2018 жылдың сәуірінен бүгінгі күнге дейін Татарстанның «Жаңа ғасыр» телерадиокомпаниясының Қазақстандағы  өкілдігін басқарады. Осы кезеңде Қазақстан татарлары, ҚХА қызметі және жалпы ұлтаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік ұлттық саясаттың жүзеге асырылуы туралы 600-ден астам сюжет шығарды. Аделия Астана қаласындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайы жанындағы татар-башқұрт этнолингвистикалық мектебінің меңгерушісі болып, «Мемлекеттік (қазақ) тіл элементтері бар татар тілі», «Ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар» пәндерінен сабақ береді. 2021 жылы Астанадағы Қазақстан халқы Ассамблеясының Журналистер клубы құрылған күннен бастап оның төрағасы болып еңбек етіп келеді. Бағыты басқаша клубтың жұмысы біздің сұхбатымыздың негізін құрады деуге болады.

– Журналистер клубы бекерден-бекер құрылмады және бұған белгілі себептер болды. Оған елордалық БАҚ өкілдерінің барлығы дерлік кірді. Мысалы, «Вечерняя Астана», «Астана ақшамы», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», ақпараттық порталдар, редакторлар мен тілшілер, бейнеоператорлар да қабылданды. Ал клубтың мақсат-мүдделері туралы мәселеге тоқталатын болсақ, ең алдымен, журналистік этиканың негіздерімен бірге ұлтаралық қарым-қатынас тақырыбының қоғам алдындағы маңызын жеткізу. Және бұл жерде ұлтаралық қатынастар тақырыбының, әсіресе қазіргі заманғы шындықтарды ескере отырып, өте нәзік және осал екенін түсіну маңызды. Сол себепті бұл тақырыпқа қалам тартқанда аса жауап­кершілік пен дайындық қажеттігін түсіну керек. Клуб қызметі журналистердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, яғни терминологияны дұрыс қолдану, ұлтаралық және конфессияаралық қатынастар тақырыптарын сауатты насихаттау ісін қамтиды.

– Мұның бәрін жүзеге асыру үшін арнайы әдістемесі немесе белгілі бір тәжірибесі болуы керек  қой. 

– Қазіргі таңда әлемде болып жатқан күрделі геосаяси жағдайында этносаралық қатынастардың ерекшелігін бұқараға жеткізу бұрынғыдан да өзекті.

Біздің клубтың міндеті – журналис­терге бағыт-бағдар ұсыну. Жалпы, ұлтаралық қарым-қатынас тақырыбын қозғағанда бірі екіншісін кемсітетін, не болмаса қалыптасып қалған стрео­типтерді қолдануға болмайды. Жеке басынан асып, әркімнің өз  ұлты тұрғысында жағымсыз пікір есту кімге болса да ауыр әсер етеді.

Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі журналистер үшін ұсыныстар әзірледі, тіпті этникалық терминологиялық сөздік бар, онда осы салаға қатысты барлық терминдер көрсетілген. Біз оны ҚХА қызметі бойынша терминологиямен аздап толықтырдық. Мысалы, Қазақстанда тұратын этникалық топтарға қатысты «диаспора» сөзін қолдануға болмайды. Журналистер мұндай қателікті жиі жібереді. Жалпы күнделікті тілімізге енген ұлт, ұлыс, этнос, диаспора, толеранттық,  бірлік және әралуандық, этномедиация сияқты атауларды анықтап өз мағынасында дұрыс қолдану сауаттылықты да білдіреді. Мысал үшін айталық, 2007 жылы ассамблеяның мәртебесі конституциялық түрде бекітілді, содан кейін институт Қазақстан халқы Ассамблеясы деген атаумен атала бастады. Кейбіреулер оның атын әлі қате жазады. Халықтар ассамблеясы деген атауды бұрынғыдай қолданбаймыз, өйткені бізде бір халық, бір ұлт, бір ел, бір Қазақстан бар.

– Клуб жұмысы журналис­терге қатысты тағы қандай талаптары бар? 

– Журналистер клубындағы басты мақсаттарымыздың бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардың санын көбейту емес, осы материалдардың сапасын арттыру болып табылады. Айтайын дегенім, клуб жұмысы жолға қойылғалы, біз өте тығыз жұмыс істейтін және біздің клубтың бір бөлігі болып табылатын журналистердің зерттеулері болсын немесе телерадио хабарлары болсын әлдеқайда қызықты, тақырыпты тереңірек алып тарқатады. Әрине, журналистің шеберлігі мен біліктігіне де көп нәрсе байланысты. Журналистер клубы БАҚ өкілдері мен сарапшылар арасындағы байланысты жылдам құруға мүмкіндік береді. Этнос өкілдерін біріктірген этномәдени орталықтарының жұмыс барысымен хабардар болып, ұлтаралық қатынастар тақырыбын еркін талдайтын болады.

– Журналистер клубының жұмысына қалай қатысуға болады?

– Ол үшін клуб төрағасына немесе журналистер клубының хатшысына өтініш беру жеткілікті. Өтініш кезекті журналистер клубының отырысында қаралады. Негізінен, журналист өтініш берген сәттен бастап жұмысқа кіріседі. Журналистердің кәсіби құзыреттілігіне келсек, біз мұнда ұлтаралық қатынас тақырыбында журналистер арасында түрлі байқаулар өткізіп тұрамыз. Және бұл байқаудың тек кәсіби журналис­тер ғана емес, жаңадан бастаған журналистер, тіпті журналистика факультетінде оқитын студенттер арасында да өтуі маңызды. Бұл, ең алдымен, журналистеріміздің осы тақырыпқа қызығушылығын арттыру үшін қажет. Өйткені бізде ұлтаралық қарым-қатынастарды өз мәнінде алып жүретін, осы туралы жазатындар өте аз. Бізде этносаралық қатынастарға арналған «Шаңырақ» республикалық байқауы бар.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button