Басты ақпаратЕл тынысы

Халық үндестігінің үлгісі

Астанадағы Президенттік орталықта Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған «Қазақстан: халық үндестігі» көрмесі өтуде. Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгі болатын даңғыл жолды бастап келеді.

Президенттік орталықтың музейлік экспонаттары арқылы тұрақтылықты нығайту, ұлтаралық келісім, мәдениетаралық диалогтың қазақстандық үлгісінің жетістіктерін көрсету мақсатында ұйымдастырылған көрмеде ұсынылған бірегей заттар Қазақстан Республикасының түрлі этностарының тарихи  қарым-қатынасын, олардың ынтымақтастығы мен мәдени қалыптасуын айқындай түседі.

Мұнда қойылған «Ақниет» панносы қазақ мәдениетіне арналған бөліктің ажарын ашып тұр. Көңілдің ақтығы, риясыз тазалықты білдіретін ақ матаға  әр ұлттың өрнегі кестеленген. Бұл – ҚХА орталыққа атаған сыйлығы. Алтын жіппен әдіптелген қазақтың ұлттық киімдері де көрменің сәнін ашып тұр.

Қырғыздардың мәдениетінің символы ретінде Манастың өміріне арналған кәдесыйлардың қатары киізден жасалған қырғыз­дың ұлттық киімі кементай, шекпенмен толықтырылған.

Беларусь-орыс мәдениетіне тән гүлдермен кестеленген халық рушнигі көрменің көрнекі жеріне қойылған Келушілер түрікмен, өзбек, әзербайжан, беларусь, орыс, корей және басқа халықтардың ұлттық киім, ыдыс-аяқ, кілем тарихымен жақынырақ таныса алады. Көрмеде Президенттік орталықтың киімдер, кілем және киіз, жұмсақ инвентарь, кәдесыйлық бұйымдар, ыдыс-аяқ, бейнелеу өнерінің туындылары және материалдық мәдениет заттары топтамаларынан 200-ден астам музейлік құндылықтары ұсынылған.

Соның ішінде өзбектің ұлттық пүліштен тігілген киімін 2018 жылы Өзбекстан Республикасы Ш.Мирзиеев тарту еткен екен. Тәжіктердің ұлттық киімін де орталыққа Тәжікстан Республикасы Презденті Э.Рахмон сыйға тартқан екен. Мұндағы әрбір жәдігер сол ұлттың дәстүрінен хабардар етеді. Мысалы, түркмендердің ер-азаматының сырт киімі «дон» деп аталады. Жібектен кең пішіліп тігілген шапанның белдігін құшақпен буып қояды. Жібек шапан мен қойдың терісінен жасалған ақ бөрік те – Түркімен Президентінің сыйы. Түрікменстанда кілем тоқу экономиканың маңызды салаларының бірі болып табылады. Көздің жауын алатын дәстүрлі түрікмен кілемі түрікмендердің бұрынғы Президенті С.Ниязов­тан 1998 жылы сыйға берілген. Бұл көрме көрші елдердің президенттерінің сыйлығымен ерекшеленеді. Ингуш ұлттық киімін 1999 жылы Ингушетияның басшысы  Рустан Аушевтан келген. Шешенстан Президенті болған Доку Завгаев сыйлаған күмістен жасалған қару-жарақ та халықтың шеберлігіне көрсетеді. Аджардың ұлттық киімі де – сол елдің басшысының тәбәрігі.

Әзербайжандар қуғын-сүргінге ұшыраған Кавказ халықтары есебінде елімізге 30-жылдардың аяғында қазақ еліне жер аударылды. Одан кейін 1950 жылдары көптеген әзербайжандар тың жерлер мен жаңа индустриалды аймақтарды игеруге келді. 1980-90 жылдары Әзербайжаннан қоныс аударушылардың жаңа толқыны әлеуметтік-экономикалық және этносаяси процестердің әсерінен едәуір күшейе түсті. Көші-қон процестері Қазақстанның әртүрлі аймақтарында тұратын әзербайжандардың тығыз бірігуіне ықпал етті. Әзербайжандардың «Тұран» конгресі Қазақстанның әзербайжандарын біріктіреді. Бұл этностың мәдениетінің бір ұштығы осы көрмеге қойылған. Мұндай қойылған «Пазырық» түкті кілемнің тарихы ерекше. Әзербайжанның Қазақстан Рес­публикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі З.А.Гашимовтің 2010 жылы сыйлаған кілемі – біздің дәуірімізге дейінгі VI-III ғасырлардағы Пазырық мәдениетінің қорғанынан табылған әйгілі археологиялық олжаның қалпына келтірілген көшірмесі. Әлемдегі ең көне кілемнің түпнұсқасы Санкт-Петербург қаласындағы Мемлекеттік Эрмитажда сақталған. Тәжіктің жұқа кілемі – сузани деп аталады. Жібек немесе мақта жіппен кестеленген шағын кілемше де  көрмеге қойылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Ассамблеяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде нығайту керек» деген болатын. «Ассамблея бірегей азаматтық институт ретінде өзара құрмет пен сенімнің қоғамда орныға түсуіне зор үлес қосып келеді. Біз алдағы мерейлі белесті ассамблея қызметін халыққа түсіндіріп, насихаттауға және азаматтарды ел бірлігін нығайту жолындағы ауқымды жұмысқа жұмылдыруға ұтымды пайдаланамыз» деген ел Президентінің сөзіне орай Астана төрінде өткен көрме осы бірлікті паш етеді.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button