Басты ақпаратЕл тынысы

Күшіміз – бірлікте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде «Тасқын басталғаннан бері Қазақстан халқы ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатыр. Оған бүкіл ел куә. Жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылды. «Жүректен-жүрекке» деген ауқымды акция жүргізіліп жатыр. Апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарлар жолданды. Оның жалпы сомасы шамамен 770 миллион теңге болды. Су тасқынымен күреске этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілі қосылды. Олар қайырымдылық және гуманитарлық көмек жинауға жұмылды. Сондай-ақ жұртты қатерден хабардар етуге және қауіпсіз жерге көшіруге атсалысты. Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі» деп атап өтті.

Расында, халқымыздың басына ауыр сынақ түсті. Еліміздің жартысына жуық аумағын тасқын су басып қалды. Халықтың тұтастығы, мызғымас бірлігі сын сағатта сыналды. Президент осы жиында: «Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілі бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын. Біз сын сағатта жұрт болып жұмылдық. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық» деді.

Өңірлерде су тасқыны басталысымен-ақ біз, ассамблея мүшелері, алдыңғы шепте жүрдік. Гуманитарлық көмек көрсету үшін республикалық және өңірлік штабтар құрылып, тәулік бойы жұмыс жүріп жатыр. Республикалық штабтың жетекшісі ретінде су басқан барлық өңірге бірнеше рет барып, тұрғындармен жүзбе-жүз кездесіп, тілдесіп, не керек екенін нақтыладық. Штаб өкілдерімен бірге зардап шеккен азаматтар мен құтқарушыларды ыстық тамақпен, киім-кешекпен, төсек-орындармен және басқа да қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп келеміз.

Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары ретінде маған сенім артып, осы қызметке тағайындалған кезден бастап еліміздің бірқатар өңірін, атап айтқанда, Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Атырау облыстары, Шымкент және Алматы қалалары, сондай-ақ аталған өңірлердегі аудан орталықтары мен ауылдарды аралап шықтық. Өңірлердегі халықпен бетпе-бет кездесіп, жергілікті маңызды мәселелерді талқыладық. Кездесулер кезінде Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларының орындалуы туралы түсіндіру жұмысын, ортақ диалог жүргіздік. Жалпы алғанда, өңірлерде, әсіресе этностар көп шоғырланған аудандарда жағдай тұрақты әрі барлығы тату-тәтті күн кешіп жатқанына көз жеткіздік. Бұл дегеніміз, әрине, ең алдымен, мемлекеттік саясат дұрыс бағытта жүріп жатыр дегенді білдіреді.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүгінде ассамблея меценаттары зардап шеккен елді мекендерді қалпына келтіру жұмысына кірісіп кетті. Қазірдің өзінде Батыс Қазақстан облысына 14 вагон цемент жөнелтілді және 5 жаңа үй тұрғызып беру жұмысы басталды. Әрине, мемлекет тарапынан да көмек көрсетіліп жатыр. Ең бастысы – өңірлердегі халқымыздың ұйым­шылдығы мен ауызбірші­лігі. Азаматтардың туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігі олардың апатпен күндіз-түні тынымсыз күресуінен анық байқалады. Бұл – ешқашан сарқылмайтын күш. Су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір азамат мемлекеттің көмегінен тыс қалмайтыны анық. Оларға үймен бірге әлеуметтік нысандарды салу мәселесі де тұр. Бұл – өте ауқымды жұмыс.

Ассамблея және қайырымдылық – егіз ұғым. Қайырымдылық – біздің бірлігімізді бекемдейтін іс. Былтырдың өзінде біз бір ғана «Мектепке жол» акциясы кезінде 7 мыңға жуық оқушыға қолдау көрсеттік. Мемлекет әрда­йым кәсіпкерлікті жан-жақты қолдап келеді. Президентіміз құрылтайда елге жанашыр барша іскер азаматты қоғамға пайдалы әлеуметтік жобаларға көбірек мән беруге шақырды. Мұны біз, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, өңірлердегі елді мекендерде іске асырып келеміз. Мәселен, былтыр Ақмола облысына қарасты Қабанбай батыр ауылы және Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласына республикалық тәжік этномәдени орталығының меценаты, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Мансұр Мазбутұлы 17 мыңнан астам халықтың мұң-мұқтажын өз көзімен көріп, қоқыс полигонына айналған жерді ұтымды пайдалану мақсатында жоба құны 8 млн болатын балаларға арналған спорт алаңын салып берді. Сондай-ақ біздің меценаттар Түркістан облысында спорт кешенін және қазақ тілінде үш бірдей балабақшаны пайдалануға берді.

Биылғы Алғыс айту күні жарияланған республикалық «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында қолдауды қажет ететін қуықтай ғана бір бөлмеде 8 баласымен және асыраушысы жоқ 5 баласы бар екі отбасына қолымда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, елорда төрінен өз атымнан 2 жаңа пәтердің кілтін табыстадым. Осы акцияны әрі қарай белгілі меценатымыз, «Cotton мақта» серіктестігінің директоры Абдухашим Боев қасиетті Рамазан айында Мақтаарал ауданындағы пәтер жалдап жүрген көпбалалы екі отбасын баспанамен қамтамасыз етіп, 200 отбасыға азық-түлік таратып шықты. Әрине, осындай игі істерге көптеген этнос өкілдері белсене атсалысып жатыр. Өйткені Қазақстан – баршамыздың ортақ Отанымыз. Отанымыздың одан әрі дамуына, әсіресе өңірлердегі елді мекендердің өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше атқаратын жұмыстарымыздың аясын кеңейте береміз. Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінде үлкен мән бар. Достық пен татулықтың темірқазығындай болған ел бірлігі – ең басты құндылығымыз, баға жетпес байлығымыз. Осылайша еліміздің ауызбіршілігі артып, әл-ауқаты жақсарса, өзгелермен тереземіз тең, керегеміз кең ел ретінде одан әрі дами беретініміз анық. Одан бөлек, менің Қазақстандағы этностарға үндеуім – осы елде тусаңыз да, келіп тұрсаңыз да, мемлекеттік тілді құрметтеу азаматтық парызыңыз екенін ұмытпағаныңыз абзал.

Мемлекет басшысы мені Қазақстан халқы ассамблея­сына орынбасар етіп таға­йындағанына ризашылығымды білдіремін. Бұл маған жүктелген зор жауапкершілік екенін түсінемін. Себебі еліміздегі көптеген ұлыс пен этностың өзара татулығы мен достығын, мемлекетіміздің тұтастығын сақтаудағы саясатына атсалысу – маңызды іс. Еліміз бен жеріміз үшін әрқашан адал болып, халқымызға қызмет етуге қашанда дайынмын. Биылғы «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты сессия тақырыбының өзі тәуелсіз мемлекетіміздің тұтастығы мен бірлігі үшін барша қауымды мемлекеттік саясатты қолдап, Қазақстан деген әлем танып келе жатқан егемен елдің дамуына жан-жақты атсалысуда.

Біз, ассамблея меценаттары мен елге жанашыр азаматтар, бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті болсын!

Акбаржон ИСМАИЛОВ, тәжік этномәдени

орталығының төрағасы, меценат

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button