Елорда тынысы

«Татулық – тыныштықтың тірегі»

Астана қаласы әкімдігінің Сервис және туризм колледжінде 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күніне арналған «Татулық – тыныштықтың тірегі» ұлттар фестивалі  өтті. Іс-шара студенттерді елін, жерін сүюге, бірлік пен ынтымақтастыққа баулуға, өзге ұлт өкілдеріне құрметпен қарауға, ұлттық құндылықтарымызды мақтан етуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды. Жиынға Астана қалалық Білім басқармасы мен Корей мәдени орталығының өкілдері, әлеуметтік серіктестер қатысты.

Аталған оқу орнының бір ерекшелігі – мұнда 29 ұлттың өкілінен студенттер білім алып жатқандығы. Фестиваль барысында сол студенттер бірнеше ұлт өкілдеріне бөлініп, бірінші бөлімінде олардың тыныс-тіршілігі, мәдениетімен, өнерімен таныстырды. Екінші бөлімінде ұлттық тағамдар жәрмеңкесін ұйымдастырды. Салтанатты жиында Астана қалалық Білім басқармасының кәсіптік және техникалық білім бөлімінің басшысы Ақмарал Рахметоллақызы мен колледж директоры Салтанат Басығараева сөз сөйлеп, жастарды мерекемен құттықтады.

– Студенттер Қазақстанды көбірек мекендеген 13 ұлт өкілінің киімін киіп, тағамдарын дайындады және солардың өнерін көрсетті. Жалпы колледжде 1546 бала тамақтандыруды ұйымдастыру, туризм, қонақүй шаруа­шылығы бизнесі, автомобиль көліктеріне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану мамандықтары бойынша тегін оқиды. Солардың ішінде 29 ұлттың өкілдері бар. Олардың қатарында өте сирек кездесетін табасаран, ноғай, грек, күрт, румын, чуваш, лезгин сияқты ұлттар кездеседі. Осы балалардың бәріне ұлтына, дініне, тіліне қарамай білім беріп, мамандар етіп тәрбиелеп жатырмыз. Мұның бәрі еліміздегі этносаралық ынтымақтастықты сақтаудағы мемлекеттік саясаттың жемісі, – дейді колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Әбелдинова.

Оқу орнының студенттерінен құралған «Үкілі» би ансамблі «Шашу» ұлттық биін орындап, «Әжелер» ансамблі қазақ халық әндерінен попурри айтып, шашу шашып, кештің басын бастап берді. Корей мәдени орталығының білім бөлімінің қызметкері Джи Ёң құттықтау сөзінде болашақта осы колледжпен бірлесе жобалар жүзеге асыруға ниетті екенін жеткізді. Мерекелік фестивальде оқу орнының студенттері орыстың халық әндері, өзбектің, Кавказ халықтарының, әзербайжан, кәріс, армян, ұйғыр, грузин, түрік, қазақ елдерінің ұлттық билерін билеп, өнерімен көпшілікті тәнті етті. Соңында барлық қатысушы ұлттар өкілдері Алғыс хаттармен марапатталды.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button