Басты ақпаратЕл тынысы

Бас қала – тазалық пен тәртіп аймағы

Ескерткіш аумағын абаттандырды

«Жасыл аймақ» апталығы аясындағы сенбілік Байқоңыр ауданындағы Махатма Ганди ескерткіші маңында өтті. Оған алыс-жақын шет елдердің елшілері, қоғам қайраткерлері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері қатысып, 350 көшет отырғызды.

– Ағаш отырғызуға және қаланы қоқыстан тазартуға қатысқан белсенді азаматтарды көрдім. Махатма Ганди табиғатымызды қорғауға міндетті екенімізді айтып, аманаттаған. Сондықтан бұл шараны жоғары бағалаймыз, Қазақстан халқы көктемгі іске ерекше маңыз беретініне қуаныш­тымын, – деді Үндістанның төтенше және өкілетті елшісі Нагендра Прасад.

Экоакцияға Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері де қатысты. Ақын Сәнді Ақылай қалаға таза және әдемі көрініс беру үшін экология акцияларын өткізу маңызды екенін, 4 ағаш, 3 шырша отыр­ғызғанын атады.

«Злата» болгар этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Владимир Достов: «Тамаша көңіл күймен және қолайлы ауа райымен «Таза Қазақстан» экоакциясын бастадық. Махатма Гандидің тарихи маңызы зор. Ол бүкіл әлемде адами қасиеттерді сақтаған және табиғат туралы үлкен білімі бар бітімгер ретінде есте қалады» деді.

Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізілуде.

Зиялы қауым үлес қосты

«Таза Қазақстан» акциясына зиялы қауым өкілдері қатысып, «Атамекен» этномемориалдық кешені маңында көшет отырғызды.

Нұра ауданының ашылуына бір жыл толуымен үндескен іс-шарада Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есілов, Төлеген Мұхамеджанов, Абай Байгенжин, Надежда Петухова, Мұхтар Төлеутаев шырша көшетін отырғызды.

Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов:

– Қаладағы бесінші ауданның құрылуы – Астананың дамып, көркейіп келе жатқанының белгісі. Бұл жаңа тараудың басталуына жүздеген ғылымда жүрген ағаларымыздың, дәрігерлердің, құрылысшылардың, саясаткерлердің, мұғалімдердің және өз саласының басқа да мамандарының еңбегі зор болды, – деді.

«Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев бұл іс-шараның болашақ ұрпақ үшін өнегелі іс екенін атап өтті.

«Бір топ ардагер ағаш отыр­ғызып, қаланың сәніне сән қосатын бір қадам жасап жатыр. Мәңгі көгеріп тұратын шырша ағаштары секілді Астанамыз да көктеп, көгере берсін деп тілек айтқым келеді. Нұра ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен біз сияқты алдыңғы толқын аға буынның ағаш отырғызып жатқаны болашақ үшін тәрбиелі, өнегелі іс болады деп санаймын» деді Өмірзақ Озғанбаев.

«Жасыл аймақ» апталығында Нұра ауданында 600-ге тарта түрлі ағаш отырғызылды. Ауқымды абаттандыру жалғасуда.

«Жағалау» маңы жайқалады

Елорданың Нұра ауданында «Жағалау» тұрғын үй кешенінің абаттандыру жобасы таныстырылды. «Киелі мекен» апталығы аясында өткен іс-шарада ауқымды сенбілік ұйымдастырылып, тұрғын үй кешені ауласына 100 ағаш отырғызылды.

Сенбілік кезінде Нұра ауданы әкімі Жүсіп Жұмағұлов тұрғындарға орамішілік аумақты күрделі жөндеу жобасы туралы айтып берді. Биыл аудан әкімдігі 18 гектарды құрайтын аумақта абаттандыру жұмысын жүргізбек. Оның аясында «Жағалауға» қарасты барлық 19 тұрғын үй ауласы қамтылады. Сондай-ақ 150 ағаш, бос жерлерге көпжылдық өсімдіктер мен көшеттер отырғызу, 200 жарықтандыру тірегін орнату жоспарланған.

«Абаттандыру жобасына балалар алаңдарын күрделі жөндеу, тротуар желілерін, тұрақ аймақтарын салу, ағаштармен, көпжылдық өсімдіктермен көгалдандыру және саябақты абаттандыру кіреді. Өзгеріс­тер тек аулаларға ғана емес, Ш.Айтматов пен І.Омаров көшелеріне де әсер етеді» деді Нұра ауданы әкімдігі ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Ернар Мырзахан.

Аталған тұрғын үй кешенінің тұрғындары барлығы 120 қап қоқыс жинады. Қоқыс толы қаптар купондарға және спорт құрал-жабдықтарына айырбасталды. Одан соң қалалықтар үшін палау, шай және тәтті­лерден дастарқан жайылды. Сенбілікке қатысқандардың бірі – елордалық зейнеткер Тілеубек Сәмітбаев.

«Жағалау» тұрғын үйі кешенінде 6 жылдай тұрамын. Аула маңы жыл сайын көркейіп келеді. Ауданымыздағы хакім Абайға арналған саябақ ерекше ұнайды. Күнде кешкісін немерелеріммен серуендеп қайтамыз. Бірақ аумақтағы орындық не жарық тіректерін сындырып кететін жағдайлар да кездеседі. Әр тұрғын өз ауласын тазалауға, бұзақылық жасамауға, жасыл желекті күтіп-баптауға атсалысу керек» деді қала тұрғыны.

Дін қызметкерлері де атсалысты

Конфессияаралық келісім аллеясына 60 ағаш отырғызылды. Акцияға Астана қаласы діни бірлестіктерінің өкілдері, сондай-ақ Дін істері басқармасының және Діндерді зерттеу орталығының қызметкерлері қатысты.

«Біз 60 ағаш отырғыздық. Бізбен бірге экоакцияға Астана қаласы діни бірлестіктерінің басшылары қатысады. Мұндай акциялар қаланы таза ұстауға, елорда тұрғындарының экология мәдениетін дамытуға ықпал ететініне сенімдімін» деп атап өтті Діндерді зерттеу орталығының бөлім басшысы Олег Синяков.

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Закир мұндай экоакциялар шариғатта да бар екенін атап өтті.

«Бәріміз бір Астанада тұрамыз және оның таза әрі әдемі болғанын қалаймыз. Таза өмір сүруге деген ортақ ­ниетімізді көрсету үшін қалада ұйымдас­тырылған экология акциясын қолдаймыз. Осындай жақсы іс-шараларды өткізу шариғаттың тазалық пен тәртіп жөніндегі басымдықтарына сәйкес келеді» деді ол.

Сондай-ақ Астана қаласы Успен кафедралды соборының протоиерейі Дмитрий Байдек қала тұрғындарын елорданың өркендеуіне өз үлесін қосуға шақырды.

«Менің ойымша, әркім біздің қаланы абаттандыруға үлес қосуы керек, біз ағаштарды неғұрлым көп отырғызсақ, соғұрлым ол әдемі болады. Сұлулық адамдардың қолымен жасалуы керек» деді ол.

900 көшет отырғызылды

Сарыарқа ауданының «Жас­тар-2» скверінде ауқымды ағаш отырғызу ұйымдастырылып, оған қала мәслихатының депутаттары, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының мамандары және белсенді тұрғындар, еріктілер қатысты.

Алаңға, қылқан жапырақты және жапырақты ағаштарды қосқанда, 300-ден астам ағаш отырғызылды. Сонымен қатар алдағы күндері аудан бойынша 900-ден астам жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Сая­бақта Моңғолия, Палестина, Ливия және Малайзия елшіліктерінің өкілдері ағаш отырғызуға, аумақты абаттандыруға жиналды.

– Экоакция аясында санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмысы жүргізілуде. Осы аптада аудандағы қоғамдық демалыс орындарында 900-ге жуық көшет отырғызылды, – деді Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жұмағұлов.

Әке мен бала ағаш екті

Қалалық Білім басқармасы, Әдістемелік орталық, Әкелер қауымдастығының қолдауымен орталық аллеяда, Әйтеке би, Қорғалжын көшелерінің қиылысында 100 әке баласымен бірге ағаш отырғызды. Мақсат айқын, меже біреу – аумақты көгалдандыруға және абаттандыруға, экология жағдайын жақсартуға үлес қосу, балалар мен ересектерді табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу. Іс-шара әке мен бала арасын жақындатып, бос уақытты бірлесіп өткізуге, отбасындағы қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді. Акцияға қатысқан балалар әр адам өз қаласын абаттандыруға және табиғатты қорғауға үлес қоса алатынын ұғынды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,

Индира БЕРЖАНОВА

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button