Басты ақпаратБілім

Тарихи тұлға тағылымы

Елордада ана тілімізде білім беретін оқу ордасының сенбілік таңы ерекше атты. Астананың оң жағалауында қазақтың ғажап жазушысы Ғабит Мүсірепов көшесінде орналасқан жаратылыстану-математикалық бағытындағы №64 мектеп-лицейіне осы оқу жылында Алаштың ардақты ұлы  Сұлтанбек Қожановтың есімі беріліп, биылғы 130 жылдығына орай бюсті ашылып, семинар өткізілді. Ұлт ертеңі үшін күрескен тұлғаның ісін тәуелсіз елдің ұландары жалғастырады. Ұлт санасында мәңгі жасау деген осы.

Мектеп мерейі

– «100 мектеп – 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған мектеп 2010 жылғы 1 қыр­күйекте қолданысқа берілген. Жоба бойынша 1200 оқушыға арналған, тек қазақ тілінде оқытатын мектеп. 2020 жылы 450 орындық қосымша ғимарат берілді. Бүгінде 114 сыныпта 3495 оқушы білім алуда, – дейді Сұлтанбек Қожанов атындағы №64 мектеп-лицейінің директоры Бану Баймұратова.

Білім ордасы заманауи материалды-техникалық базасымен қамтамасыз етілген. Мектептепте химия, физика, география, математика, робототехника кабинеттері бар. Жалпы мектепте 80-ге жуық кабинет. 2 спорт зал, 2 шеберхана, 4 спорттық алаң, 650 орындықтың Акт залы және кіші Мәжіліс залы, 360 орындықты асхана, 60 адамға арналған кітап­хана жұмыс жасау­да. Барлық кабинеттерде компьютер мен интернет желісі қосылған.

2022-2023 оқу жылында мектепішілік, аудандық, облыс­тық (қалалық), республикалық, халықаралық түрлі олимпиадаларға, конкурстарға, жарыс­тарға 450 оқушысы қатысып, 164-і жүлдегер атанды. Оның ішінде қалалық түрлі олимпиада, конкурстардан 135, рес­публикалықтан 23, халықаралықтан 4 оқушы жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленді. Табыс­ты мектеп, табыс­ты мұғалім, табысты оқушы үштігі бірлігінде оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған мынадай жобалар жүзеге асыруда: «64-те қонақта», «3 күн ата-ана жұмысында», «Эко-мектеп», «Азамат» пікірсайыс алаңы, «Функциялар және сандар», «Бір айда бір кітап», «Өнерлі өрендер», «Қазақтың 100 әні, 100 күйі», «STEM оқыту», «Master ART» қалалық жобасы, «Мен сенің қолғанатыңмын!», «Роботтар лигасы», «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу жобасы, «Сән, сымбат, денсаулық» қыздар клубы, «Өркендеу», «Алтын ұрпақ» рес­публикалық жобалары жұмыс жүргізілуде.

Астана қаласының кейбір білім беру ұйымдарына танымал тұлғалардың есімдерін беру туралы Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, биылғы жылдың басында мәслихаттың шешімімен №64 мектеп-лицейге Алаш ардақтысы Сұлтанбек Қожанов есімі берілді.

Сұлтанбек Қожанов – ұлт перзенті

Алаштың ардақты ұлы, ірі мемлекет қайраткері, ақын, ағартушы Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына арналған «Тарихи тұлға есімімен болашаққа қадам» деп аталған қалалық семинар жиынына қатысушыларды  мектеп оқушылары ән айтып, би билеп, салтанатты қарсы алды. Кіреберіс­тегі кеңістікте оқушылардың тақырыпқа сай салған суреттері, қолымен жасаған дүниелері көрме етіп қойылған. Мәжіліс залында тұлғаның өмірі, қызметі туралы мәліметтер стенд етіп қойылған.

Семинарға мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш ­Айтаханов, тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет ­Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Тұрсын Маханұлы, Сұлтанбек Қожановтың немере інісі Төлен Қоңқақов, сұлтанбектанушы Әбурайра Манахов, Астана қаласындағы «Сұлтанбек Қожанов» қорының төрағасы Абай Абуов, Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Әлия Чокушева, Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Қасымхан Сенғазыев, Түркиядан арнайы келген С.Қожанов­тың шөбересі Сардар Жолбарыс Шеншен, сондай-ақ тағлымы мол жиынға елордадағы зия­лылар қауымы, ел елден, жер жерден сұлтанбектанушылар, ұлт перзентіне тағзым етушілер келді. Өзі туған ауылы Созақтың Ақсүмбе елді мекеніндегі мектеп директоры Мейрам Әлмаханов, тағы басқа ұстаздар, мұғалімдер болды.

Мектеп фойесінде оқушылардан құралған оркестр Құрманғазының «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін ойнаса, халық әні «Бипыл» қазақ биін  Айжан Жакеева жетекшілік ететін «Сарыарқа» би ансамблін орындады. Толқын Сарсенбаева жетекшілігіндегі «Қазақстаным» әнін шыр­қаған балалар хорының ана тіліміздегі айрықша орындауы келгендерді тамсантты. Домбырамен арнау айтқан оқушы Асхат Жексенбайдың өнері қазақтың қара нардай қайыспай ұлтқа қызмет ұлына тағзым ретінде қабылданып, тыңдармандар ду қол шапалақпен қошеметтеп, қол соқты. «Атамекен» әнін ғажап орындаған талантты ұлдар Аңсар Серіков пен Мирас Садибайдың өнеріне де келгендер риза болысты.

Іс-шараға келгендер Сұлтанбек Қожановқа арнайы қойыл­ған бюстің ашылуына қатысып, салтанатты рәсімін жасады. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев құттықтау сөз сөйледі. Ықылас гүл әкелінді.

Сұлтанбек салған сара жол

Семинар басталар алдын мәжіліс залында жиналғандарға «Сталинмен бетпе-бет» атты театр­ландырылған қойылымы көрсетілді. Жұмат Жолтайдың «Сталинмен бетпе-бет» тарихи драмасынан театрландырылған қойы­лымын сахналаған мектептегі «Нұр» театр үйірмесінің оқушылары.

Қылышынан қан тамған кешегі кеңестік жүйе кезінде Сталинмен кездесіп, ұлтының қамы үшін басын қатерге тігіп, Мағжандай аяулы ақынға қамқор болғаны үшін, ұлтына шексіз қыз­мет еткен еңбегі үшін, білімді, зиялы, ғалым, сая­саткер, қоғам қайраткері жендеттердің қолына түсіп, ұлт мұраты жолында қаза тапты. Тұлғаны сомдаған мұғалім де, қойылымға қатысқан оқушылар да сахналандырған көрініске тарихты оқып, зерделеп, ерекше дайындалғаны көрініп тұр. Семинарға қатысушылар кешегі зұлмат заманға бір сәт оралып, ұлт перзентінің аяулы тағдырын бір сәт еске алып, көздеріне жас алды.

– Мектепке кіріп келгенде оқушылардың ана тілінде сөйлеп, туған тілімізде ән салып, күй орындап, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуі, мұғалімдердің, оқушылардың  ұлттық киіммен қарсы алуы – бәрі-бәрі шұбарланған тілмен сөйлейтін басқа мектептерге барғандағы өкінішімізді шайып жібергендей, келешекке үмітпен қарайтындай әсерге бөлегені анық. Сол үшін де айрықша атмосфера сыйлаған мектеп ұжымына алғыс айтамын!, – деді мемлекет және қоғам қайраткері ­Қуа­ныш Айтаханұлы семинарда сөйлеген сөзінде. Бұдан кейін сөз алған профессор ғалым ­Тұрсын ­Маханұлы да, басқа баян­дамашылар Сұлтанбек Қожанов туралы ғажайып, тың деректерді келтірді.

Оқу-ағарту министрлігі атынан келген Ә.Чокушева семинарға  қатысушыларға министр Ғани Бейсембаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Қожановтану жалғасады

Елі үшін еңірген, халқын шексіз сүйген ұлтшыл тұлға – Сұлтанбек Қожанов есімі қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырғаны анық. Сұлтанбек Қожанов – мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, публицист және редактор. Түркістан автономиясының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін зор еңбегін сіңірген күрес қатысушысы. 1919-1920 жылдары Түркістан қаласында уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған және азық-түлік комитетін басқарған. Сол жылдары Қазақстанда әлі аяқталмаған «үлкен жылан» деп аталатын жұттың зардабын шеккен аш-жалаңаштарға азық-түлікті әділетті бөліп, халықтың сүйіспеншілігіне бөленген.

Сұлтанбек Қожанов 1894 жылы тамыз айында Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданы, киелі Ақсүмбе ауылында дүниеге келген. Сұлтанбекке болашақ өмірлік жолдама берген, киелі мекен Түркістан болды. Бала Сұлтанбектің қаршадайынан білімге құштар болып, табиғи зеректігінің жылдам жетілуіне әртүрлі себептер бар, өңірдегі ағартушы көзі ашық ұлттық ағартушылар мен орыс жерінен келген зиялы қауым және аға буын Алаш қайраткерлерінің ықпалы болды.

Сұлтанбек Қожанов – қазақтан шыққан тұңғыш дипломат, сол уақыттағы бірінші кеңес дипломаты, отандық ғылымда атын алтын әріппен қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұловтың шәкірті.

Сұлтанбек Қожанов есімін Алматыдағы университетте оқып жүргенде Алаш азаматтары туралы енді ғана зерттеулер кітап болып шығып жатқан тұста профессор ұстазым Темірбек Қожакеевтен естідім. Есімі, қызметі жадымда жатталып қалыпты. Қазақ тарихына жазылар керемет күн болды.

Мектеп-лицейдегі Алаштың ардақты азаматы Сұлтанбек ­Қожановтың туғанына 130 жылдық мерейтойының құрметіне мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған шахмат, қолөнер, сурет салу, отбасылық эстафета, футбол, волейбол, баскетбол, қол күресі, тоғыз­құмалақ, құстар ұясын жасау, асфальтқа сурет салу, жас эколог және экодебат сайыстары, асық ойыны, спорттық эстафета, эссе жазу байқауы, жас ақындар мүшәйрасы – спорт, өнер байқау­ларының қорытындысын құрметті қонақтар жасап, жеңімпаздарды арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Қазақтың тарихында алтын әріптермен жазылатын Сұлтанбек Қожановтың есімі, елге жасаған қызметі бүгінде осылайша жас ұрпақтың санасында қайта жаңғырып, ұлтқа, халыққа қызмет ететін ұл-қыздардың өсіп шығуына бағыттайды. Бүгінгі игі іс-шара, ана тілімізді, тарихымыз­ды, өнерімізді дәріптеген жиын осыны меңзейді.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button