Басты ақпаратРуханият

Кітапханада құдірет бар

Көкірегінде сәулесі бар адам кітапханаға барады, кітап оқиды. Биік мәдениеттің, барлық білімнің бастауы да, қолдаушысы да осы жер. Елорда – тек өнер мен өндірістің орталығы ғана емес, ғұмыры өміршең кітапханалар мекені. «Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі – Астана мәдениетінің бір бөлігі.

Рухани ортада – қызу тіршілік

«Астана қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты елордалық кітапханалар – көркем әдебиеттің қомақты қоры жинақталған, барушылар үшін іздеген кітаптарын жедел және шығынсыз танысуға мүмкіндік беретін басты дереккөз. Яғни бұл жер оқу, жұмыс және қарым-қатынас, шығармашылық даму үшін ашық кеңістікке айналды. Мұнда күн сайын қызықты іс-шаралар, таңғажайып және интеллектуалды адамдармен кездесулер өтеді.

– Елордалық орталықтандырылған кітапханалар жүйе­сінің қызметкерлері «Оқитын Қазақстан – оқитын ұлт» жобасы аясындағы «Astana Eurasian Book Fair-2024» халықаралық кітап көрмесін ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысты. Кітап көрмесінің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, әдеби мұраны қолдау және дамыту, оқырман мәдениетін қалыптастыру, сондықтан бізге қарасты кітапханалар, оның білікті қызметкерлері бұл үдеден шыға білді, – дейді Астана қаласы әкімдігі орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі кітапхананы дамыту және әдістемелік жұмыс қызметінің басшысы Сәуле Уразбаева.

Жақында ғана өткен кітап көрмесі кезінде осы мекемеге қатысты кітапханалар жетекші баспалардың кітап өнімдерінің ең үздік заманауи ассортименті бойынша әлеуетті пайдаланушыларға уақытылы ақпарат беру, әлем деңгейіндегі кітаптарды шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтың ұлттық әдебиетімен танысу, баспа саласындағы жетістіктермен байланыс орнату және көрсету, әдебиеттің, кітап мәдениетінің қазіргі дамуы мен оның таралуын талдау арқылы достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту секілді жоғары талаптарды зор жауапкершілікпен, нағыз кәсіби біліктілікпен атқарды.

Нағыз оқырмандар – балалар

17-20 сәуір аралығында ­конгресс-орталықтың балалар аймағында ашық ақпараттық-­танымдық іс-шаралар өтті. Оны қаланың қоғамдық және мәдени орталықтарымен бірлесіп қаланың орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі кітапханаларының қызметкерлері ұйымдастырды. Мысалы, 17 сәуірде Жанар Батырға­лиева мен Айсұлу Акулованың «Өнер арқылы саяхат» арт-­терапиясы «Замандас» отбасы аула клубымен бірге ересек балаларға арналды. Балалар жазушысы Зәуре Төреханмен өткен «Балалардың талғамын тапқан жазушы» кездесуі өте қызықты, тартымды өтті. Балалар жазушысы бүлдіршіндерге арналған кітаптарын таныстырып, кейіпкерлерін «сөйлетті». Сондай-ақ мектепке дейінгі балалар үшін ұйымдастырылған «Қара шаңырақ» ұйымының жетекшісі Тұрар Сәттарқызының «Кітаппен дос боламыз» шеберлік сыныбы айрықша әсермен өтсе, «Көңілді суреттер» балалар студиясының қатысушылары студия жетекшісі Елена Остапчукпен бірге көрмеге келген барлық балаға арналған «Өз қиялыңдағы ертегі» шығармашылық шеберханасын тамаша ұйымдастырды.

– Біздің кітапханалардың «Astana Eurasian Book Fair-2024» халықаралық кітап көрмесіне қатысуы – руханият­тағы өте маңызды оқиға. Өйт­кені осы көрмелер арқылы елорда тұрғындары мен қонақтары республика өңірлерінің өлкетану әде­биетімен, сондай-ақ қазақстандық жазушылар мен ақындардың көркем шығармаларының тамаша үлгісімен танысты, – дейді Астана қаласы әкімдігі орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесі кітап­хананы дамыту және әдістемелік жұмыс қызметінің басшысы Сәуле Уразбаева.

Береке бастауы – тату тірлік

Ел ішіндегі берекелі, тату тірлікті қолдаған халқымыз тұтастық қағидасын берік ұстанып келеді. Осыған қатысты қала кітапханаларында түрлі іс-шара тұрақты өтіп тұрады.

Қалың оқырманға қала жүйелерінің кітапханаларында «Ұлт бірлігі – ұлы байлық», «Халықтарды біріктірген ел», «Бірлікпен, достықпен және еңбекпен мықтымыз», «Ұлттар достығы – тұрақтылық кепілі», «Ынтымағы жарасқан туған өлкем – Қазақстан», тағы басқа көптеген кітап көрмесі, инсталляция дайындалып, өткізілді.

Көрмелерде ұсынылған материалдар, құжаттар мемлекетіміздің ұлтаралық келісімді сақтау және нығайту міндетін баяндайды. Қаламызда, елімізде тұратын халықтың ұлттық құндылықтарын, мәдениетін сақтап, дамытуға ықпал ететін этномәдени бірлестіктердің, орталықтардың рөлін көрсетеді.

Орталық қалалық кітап­хананың қызмет көрсету бөлімінде «Достығы жарасқан ел» достық кеші, №9 көпшілік кітапхананың «Татулық – ел тірегі» балалар мерекесі, №2 көпшілік кітапхананың «Ұлттар достығы» патриоттық сағаты, «Менің Қазақстаным, сені әнге қосқым келеді!» №8 балалар кітапханасында достық мерекесі қызықты өтті. Онда кітапхана қызметкерлері іс-шараға қатысушыларға бейбітшілікті сақтау жолында адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың маңызын айтып, өз Отанының тарихын білу, басқа халықтармен үйлесімді өмір сүру қаншалықты маңыз­ды екенін насихаттады.

Халықаралық балалар кітабы күні – қалалық кітапханалардағы балаларға арналған нағыз сиқырлы ертегілер күні мерекесі. Мереке аясында қалалық жүйедегі кітапханаларда кітап пен оқуды насихаттау­да «Кітаппен әлемді бағындыр!» PR-акциясы өтті. Оның мақсаты – кітапқа деген қызығушылық пен сүйіспеншілікті тәрбиелеу, кітап оқуға ынталандыру, кітап оқуды насихаттау, кітаппен қарым-қатынас мәдениетін сақтау, балаларды көркем мәтінді тыңдауға және түсінуге үйрету.

Әлемді бағындыр!

Елордада «Кітаппен әлемді бағындыр!» акциясы аясында қызықты іс-шаралар ұйымдас­тырылды. «Кітап әлемі достарды жинайды» көрме-инсталляциясын орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімі өткізді. «Кітаппен әлемді бағындыр!» акциясы кезінде балалар жазушысымен мотивациялық кездесу орталық балалар-жасөспірімдер кітапханасының қабырғасында өтті. «Менің алғашқы кітабым» әдеби-танымдық ойынын №3 көпшілік кітапхана қызметкерлері №68 мектеп-гимназия оқушыларына арнады. Кітапхана қызметкерлері осы іс-шараларда балаларды әйгілі ертегілер шығармашылығымен, әдеби кейіпкерлерімен таныс­тырды. Кездесулердің мақсаты – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын ояту, жас жеткіншектердің кітапқа деген мәдениетін тәрбиелеу және оқу арқылы шығармашылығын дамыту, кітапханаға жүйелі түрде баруға ынталандыру.

Ғарышты игерейік!

Жыл сайын орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мекемесінің қызметкерлері Дүниежүзілік ғарышкерлер және авиация күнін атап өтеді.

– Қызықты тақырып төңірегінде өткен қоғамдық іс-шаралар: «Адам ғаламды ашады» ғарыш сағаты, «Ғарышқа сапар», «Еліміздің мақтаныштары – қазақ ғарышкерлері», «Жердегі тартымдылыққа қарсы тұра» танымдық сағаты, «Белгісіз жұлдыздарға ұшып, ғарышқа адам шықты…» танымдық сабағы. Кітапхана қызметкерлері іс-шаралар арқылы жұлдыздарға қалай жақындауға болатыны, мұндай батыл арманның неге апарары туралы қызықты ақпарат беруге тырысты. Байқоңыр ғарыш айлағы, алғашқы ғарышкерлер және адам әрқашан жұлдыздарға, биікке, күнге жақынырақ ұшуды армандайтыны туралы, адамзаттың ғаламға жеңісті шығуы Қазақстан жерінен басталғаны туралы тамаша ақпараттар айтылды. Оқушылар ғарыш, белгілі ғарышкерлер туралы білімін көбейтіп, арманына қанат байлап, болашаққа сеніммен қарауына, есте сақтау қабілетін, логикасы мен ойлауын дамытуға, өз елі үшін мақтаныш сезімін тәрбиелеуге ықпал еткені анық, – дейді ­Сәуле Қабдешқызы.

Еңбек адамы –елдің құты

Қазіргі қоғамда еңбек адамын, өз ісінің білгірін насихаттау өзекті. Қала кітапханаларының басым міндетінің бірі – оқырмандар арасында еңбек құндылығы идеология­сын ілгерілету бойынша жұмыс ұйым­дастыру.

– Қоғамдағы еңбек құндылығы идеологиясын насихаттау, өз кәсібінің шеберлері ісін ілгерілетуге қатысты атқарылған жұмыс қомақты. Оқу залында кітап көрмелері, тақырыптық бұрыштар үнемі жұмыс істейді, «Еңбек адамы – ел әл-ауқатының негізі», «Шығармашылық және жасампаз еңбек», «Мен өз жұмысымды жақсы көремін» және тағы басқа кітап көрмелеріндегі құнды материалдар, қызықты құжаттар еңбекке ынталандырудың оң мысалын көрсетеді, еңбек адамына құрметпен қарауға бастайды, – дейді Сәуле Қабдешқызы.

Осы орайда №1 көпшілік кітапхана қызметкерлері Астанадағы №7 спорт мектебінің оқушыларымен «Еңбек бәрін жеңбек» еңбек сағатын ұйымдастырып, өткізді. Кездесулерде кітапхана қызметкерлері қатысушылардың әртүрлі кәсіп туралы ой-өрісін кеңейтіп қана қоймай, жұмысшы кәсібінің беделін көтеруге тырысты. Еңбек адамына құрметпен қарау, мамандық таңдауда жастардың кәсіби бағдар алуы, еңбекке әлеуметтік қызығушылықты тартуды мақсат етті.

Тарихты тану –өзіңді тану

Биыл белгілі авторлардың, ақындардың, танымал тұлғалардың мерейтойы аталып өтеді. Кітапхана қызметкерлері қалың оқырман арасында жазушылардың, ақындардың, мәдениет, қоғам қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын насихаттау жолында еңбектеніп жүр.

Кітапхана қызметкерлері Жошы ұлысының құрылғанына 800 жыл толуын қалың оқырман арасында атап өтіп, мемлекетіміздің ғасырлар бойы түпкі тамырын көрсетуге тырысты. Мысалы, №2 көпшілік кітапхананың қыз­меткерлері №49 орта мектептің 9-сынып оқушыларына «Жошы хан және оның ұлысы» атты тарихи сабақ ұйымдастырса, «Алтын Орда – Жошы ұлысы» кітап экспозициясының әдебиеттеріне бір ай бойы орталық қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімі оқу залының қызметкерлері шолу жасады.

Кітапхана қызметкерлері деректі материалдарға, тарихи құжаттарға сүйене отырып, оқырмандарға Жошы ұрпақтарының алты ғасыр бойындағы, 1224-1860 жылдар аралығындағы Қазақстан тарихын көрсетті. Көптеген джучид ке­йінірек біздің тарихымызда маңызды рөл атқарды. Олар: Әлихан Бөкейханов, Шоқан Уәлиханов, Ермұхан Бекмаханов, Санжар Асфендияров және тағы басқа қазақтың біртуар танымал тұлғалары.

Астана қаласы әкімдігінің «орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің құрамына 18 кітапхана кіреді. Кітапхананың жалпы кітап қоры – 738000. Оқырман саны 83200-ден асады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button