Басты ақпаратРуханият

Шың мен шындық

Қай қоғамда болмасын ұлттық ұстанымдар мен құндылықтарды сақтап, ел мерейі мен абыройын өсіретін өскелең мәдениетке ие болуымыз керек. Әсіресе қазіргі төрткүл дүние аласапыранға түсіп, жаһандану дәуірінде құндылықтарды бағалау басқаша сипат ала бастаған кезеңде бұл ой-сана деңгейі тіптен маңызды. Өркениетті қоғам дамуында қанша заман өзгерсе де, ел бастаған тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің ұлтқа қызмет ету өнегесі – ең қажетті, еш тозбайтын құндылық. Қазақ халқының ұзына бойғы арғы-бергі тарихында Тұрар Рысқұловтың өмір жолы, мемлекет пен қоғам дамуына атқарған қызмет абыройы, жалпақ жұртқа кеңінен тараған күрескерлік даңқы, саяси салмағы мен қайраткерлігі айрықша екені басы ашық мәселе.

Кешегі кеңес дәуірінде мемлекеттік мансапта Тұрар Рыс­құловтың шыққан тұғыры мен дәрежесіне басқа замандас, үзеңгілес әріптестерінің бірде-біреуінің қолы да, ойы да жеткен жоқ.

Жаңа дәуір туғызған жарқын тұлға шыңыраудан шыңдалып шықты.

Ол күні кешегі он бес одақтас республиканың орталық кеңістігінде ең ірі партия және кеңес қайраткерлері, саяси көшбасшылары санасқан қазақ саясаткерлерінің бірегейі болды.

Сес, айбын және ақылды тұрпаты өзгенің мысын басты.

Оның «Түбі бір түркі жұрты бірге бол!» деген саяси идеясымен Орта Азиядағы мұсылман мемлекеттерін бір тудың астында Түркістан одағын құру жолындағы әрекеті мен ұмтылысы талайғы ұлт көсемдерін мойындатқаны рас.

Тарихтың әр кезеңінде ат құлағы көрінбес қара түндерде жарқ етіп сөнген жасындай «түрік баласы, түгел бол!» деп дабыл қағып өткендер аз болмаған. Бірақ оларды кім естіді?

Бірігудің жылнамасын осы Тұрар Рысқұловтың бар болғаны 20 жасында жанұшырып ұмтылған идеясының арнасынан табамыз, онысы алысқа естіліп, алысқа тарағаны да, ойлап тұрсаң, қоғам дамуының бір қалың қатпары мен озық ойы болып шығады. Бұл – ата тарихқа мә­лім ерекше жағдайлар, олар жөнінде ресми құжаттар да жеткілікті, көптеген ғылыми зерттеудің арқауына айналған.

Ел жадында сақталған ХХ ғасырдың өшпес кезеңі, қазақтың елдік, мемлекеттік тарихы Тұрар Рысқұлов­тың аса ірі қайраткерлігі мен жанкешті қызметінсіз жалаң болып қалары хақ.

Қазақ жастарының ара­­сында саяси көзқарасы от боп оянған бірден-бір азамат Тұрар Меркедегі қазақ мектебінде хат таниды. Бішкекте ауылшаруашылық училищесінде үздік оқиды, Ташкенттегі мұғалімдер институтына қабылданады. Дәл осы кезде Қазақстан мен Орта Азияда ұлт-азаттық көтерілісі бұрқ ете түскен еді. Тұрар осы қозғалыс­тың ортасында жүрді.

1917 жылдан бастап алғыр өреннің саяси өршіл қызметі тұтас Тұран елінің көз алдында болды. Жап-жас шағында Әулиеата уезі совдеп – кеңестер депутатының төрағасы, Түркістан республикасының денсаулық сақтау халық комиссары болды.

РСФСР Ұлт істері Халық комиссариаты төрағасының орынбасары, 1922-1924 жылдары Түркістан республикасының төрағасы болып қызмет атқарды. Оның комитеттерінің уәкілетті өкілі ретінде Моңғолиядағы қызметінің бір өшпес белгісі – ел астанасына Ұланбатыр деп аталуына ұсыныс жасап, ұйытқы болуы. 1926 жылы Қазақ өлкелік комитеті баспасөз бөлімінің меңгерушісі, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің редакторы болды. Ал 1926 жылдың маусымынан 1937 жылдың тамызына дейін РСФСР Халық Комиссарлары Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметінде аса жауапты қоғамдық-­саяси міндеттерді атқара жүріп, ауқымды теория­лық мәселелермен айналысты. Саясаттанушы және экономист ғалымдар айтып жүргеніндей, оның саяси, тарихи және басқа да өзекті тақырыптарда 250-ге жуық құнды еңбегі бар.

Біз бұл ретте Т.Рыс­құ­ловтың ел мен ұлт мүд­де­сі үшін халықаралық деңгейде атқарған сан қыр­лы саяси басшылық қыз­меті мен көшбасшылық күрес­керлік ерен еңбегін толық қамти алмаймыз. Бұл жөнінде елімізге танымал тарихшы ғалымдар мен мемлекет тарихын тиянақтап жүрген беделді оқымыстылардың зерттеу еңбектері мен ойлары баспа бетінде жарық көргені көпшілікке аян. Алайда аса көрнекті тұлғаны мәңгілікке алғысқа бөлейтін, саналы ұрпақтары ұмытпайтын және екі мәселені бөле-жара айта кеткенді орынды деп білеміз.

Біріншіден, ол байтақ даламызда ірі өзгерістің өзегі, экономикамыздың күретамыры – Түрксіб теміржолын салу комиссия­сының төрағасы болған. Екіншіден, оның тікелей ұсыныс-тілегімен Ташкентте Орта Азия университеті ұйымдастырылса, Алматыда Қазақ мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) шаңырақ көтерді. Ендеше Тұрар Рысқұловтың есімімен тығыз байланысты тұтас еліміздің айрықша маңызды кезеңі және сілкіністі өзгерістерге толы әрі тағдырлы жылдарының тағылымы мен сабақтарын бағалай алғанымыз абзал.

Халық арасында зор беделге ие және Орта Азиядағы басшылардың ішінде ең көрнекті, ықпалды тұлға тұғыры сол сұрапыл уақыт бедерінде-ақ жоғары тұрды. Дегенмен біздің құрметті тарихшы ғалымдар мен саясаткерлер еш ренжімейтін шығар, қазақ халқына және жалпы оқырмандарға ұлы тұлғаны толыққанды танытқан көркем әдебиет, хас таланттардың суреткерлік табандылығы деп айтуымызға болады. Дәлірек айтқанда, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе» романы екені айдай анық.

Қаламгердің алғашқы кітабы «Қызыл жебе» (1-кітап «Рысқұл», 2-кітап «Тұрар») деп шыққан сәтінен-ақ әдебиетшілер қауымын елең еткізді. Одан кейінгі жалғасын асыға күткен оқырмандарда есеп болмады. Бұған Шерағаның мұрағатында сақталған жүздеген оқыр­ман хаты куә бола алады. Атақ-даңқы дүрілдеп шыққан «Қызыл жебе» – Тұрар Рысқұловтың бейнесі бұдан әрі «Жұлдыз көпір», «Қыл көпір» және «Тамұқ» деп аталған кітаптарда көрініс тапты.

Шын мәнінде, Тұрар Рысқұлов – өте күрделі тұлға. Қырық жылғы қазақ басынан өткерген тарихы, қиямет-қайым өмірі, жеке арыстардың іс-әрекеті, мың құбылған саясат соқпағы, пендешілік тартыстар, сан түрлі көз­қарастың арпалысы, кемеңгерлік қадамдар осы ұлы тұлғаның бітім-болмысымен ғана шынайы және сенімді болмақ. Бұл кеңес дәуірінің алапат сұмдықтары ақыл таразысына түскенде сүттің бетіне шыққан ұлт қаймақ­тарын ұрындырған ненің зорлығы екенін қазір айтуға ғана оңай. Ол кезде тозақ оты болатын. Қолдан жасалған заман зұлматынан сақтану да сұрапыл сынақ еді.

Тақсырет біткеннің бәрі жеке ірі тұлғаларға ғана қатысты болмаған, жалпы сол заманның зобалаңы мен зұлматы қарапайым халық үшін өте қымбатқа түскен еді. Сондықтан дәл осы жаралы да ауыр жылдар жайында, тарихи тақырып туралы роман жазу екінің бірінің қолынан келмейді. Қазақ әдебиетінде тарихи тақырыпқа арналған «Абай жолы», «Оянған өлке», «Көшпенділер», «Ақ Жа­йық» және «Қан мен тер» романдарын, әлбетте, ойға алғанымыз жөн.

Сонымен, өзінің көркем шығармашылық биігін айқындап берген «Қызыл жебе» романының жазылуына не түрткі болды, аса қауіпті саналған тақырыпқа Шераға қалай қалам тартты деген сауалға келсек, бұл да намысқа тиген, жүрекке соққы жасаған сойқан құбылысқа толы.

Автордың «Менің бала кезімде Тұрар Рысқұловтың есімі ауызға алынбайтын. Оны білетін ауылдың ересек адамдары: «Е-е-е, есіл ер, нақақтан кетті ғой, енді ондай қайраткер қайда?!» деп сыбырласып, күбірлесіп қана еске алатын.

Тұңғыш рет Тұрар Рысқұловтың кім екенін 1960 жылы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған қарт журналист, партия қызметкері Рахымалы Байжарасовтың көлемді мақаласынан оқып, білдім» деп жазады жазушы өз естелігінде.

Бұл қанқұйлы 1937 жылдан соң Т.Рысқұлов туралы жазылған алғашқы мақала еді. Өзі де кезінде республикалық жастар газетінде басшылық жасаған, ақиқаттың аспанын тұман тұмшалаған кезде жазықсыз жалаға ұшырап, Сібірге айдалған Р.Байжарасовтың бұл мақаласы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті идеология жөніндегі хатшысының шымбайына түскен шоқтай болады. Саяси қырағылық танытпағаны үшін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы мен оның орынбасары қызметінен босатылады. Дереу редакциялық қарсы мақала жаздырып, бойын тіктей берген Тұрарды қайта құлатады.

Тағы да Рахмалы Байжарасовтың күрескерлік табандылығының арқасында арнайы комиссия құрылып, тиісті қорытынды шығарылып, ақбоз ел перзентін ақтайды. Ке­йінірек Мәскеуден шығатын «Вопросы истории КПСС» журналына Тұрар Рысқұловтың револю­ционерлік еңбегі хақында жаңағы комиссияның бір мүшесі Ляховтың адал-ақ мақаласы жарияланады. Сол айтары мол мақаланы Шерағаң 1964 жылы өзі басқаратын «Лениншіл жас» газетіне аударып басады. Бұл жағдай да аяқ астынан дүрбелең туғызады. Орталық Комитеттің сол идеология жөніндегі хатшысы газет редакторы Шерағаны өзіне шақыртып алып: «Пантюркист, пиғылы жат адам жайындағы мақаланы неге басасың?» деп діңкелейді. «Тұрар азаматтық жағынан ақталғанмен, партиялық тұрғыдан ақталмаған» деп бой бермей, редакторлықтан алып тастайтындай ашулы болды. Әйтсе де жастығын ескеріп, әрең дегенде орнында қалдырады. Бірақ бұл талантты жазушыны Тұрардан бездірмей, қайта қайратын қайрай түсті. Содан асыл азаматтың күреске толы өмір жолын жан-жақты зерттеп, ұзақ жыл бойы әбден шаң басқан түрлі-түрлі архивке барып, керекті ресми құжаттарды көз майын тауысып оқып, табандап отырады. Бұл қадам қаламгердің басын бәйгеге тігумен бірдей ерлік еді. Әлі де болса 1937 жылдың саяси қуғын-сүргініне ұшырап, сотталып, жер аударылып, атылып кеткендер жайында жылы лебіз айтуға да қорқынышты, үрейлі уақыт табы бір­жолата жоғалып кетпеген еді. Қызыл өкіметтің кедергі-кесапатынан өтудің өзі қаламгерді қаншама азапқа салып, қинайтынын елестетудің өзі ауыр болатын, қауіп сеңі сетінемеген жағдайда еді.

Алға қойған мақсатына жету үшін жазушы бас кейіпкері Тұрар Рысқұлов­тың барлық тарихи дерек-дәйегін мұқият жинас­тырып, талайғы оқиғалар желісімен ой сарабынан өткізу үшін өз еліміздегі партиялық архивтерден бастап, Мәскеу, Ташкент, Баку, Бішкек, Қазан, Кисловодск, Орынбор, әріде Қиыр Шығыс, Моңғолия және басқа да қалалардың тиісті архивтеріне барып, саяси кітаптарда, түрлі журнал мен газетте жарияланған саяси мақалаларды сараптамадан өткізіп, сан ондаған саяси қайраткердің өмірі мен қызметіне терең ой жіберуіне тура келді. Сол өткен заманғы саяси оқиғаларға қатысты көзқарастарын талдап, талқылау, сол тағдырлы жылдарда өмір сүрген, небір сұмдықты көрген адамдармен әңгімелесу қаншама уақыт пен зейінді, ыждаһаттылық пен еңбекті қажет еткенін жүрекпен сезінуге болады деп ойлаймыз.

Адалын айтайық, қо­ғамдағы қайраткерлігі айқын жазушы осы өзі таңдаған шығармашылық жолда мақсатына жету үшін тек өз күш-жігеріне, дүниетаным, терең біліміне, интеллектуалды қарым-қабілетіне, ақылы мен қажымас қайрат-жігеріне, жолсапарларында жеке қаржысына иек артты. Зор еңбектің нәтижесі қандай болғаны зерделі, зейінді жандарға белгілі. Сонымен бірге жазған кітаптарын шығаруда сырт көзге көріне бермейтін қиямет-қайым, іштарлықтан туындаған тартыс, қызғаншақтық, көреалмау секілді кедергі жағдайлар да кездеспей қалмады.

Текті ұрпақтың аса талантты айбары, тұтас ұлттың мақтанышы Тұрар Рысқұлов туралы әрбір кітабы шыққан сайын жазушы жасанды, жалалы кедергілерге бетпе-бет келетінін білмей қалған жоқ. Әсіресе алғашқы кітабы «Қызыл жебе» шыққан сәтте жалалы арыз жан-жаққа қардай борады. Орталық Комитетке, жоғары тұрған органдарға «Рысқұлов – пантюркист, оны жазған Мұртаза – неопантюркист. Мұндай кітапты шығаруға болмайды» деген қара таңбаны жағуға тырысып бақты. Салмаған талқысы жоқ. «Қызыл жебенің» бір бөлігі «Жұлдыз көпірді» тұтқындауға «жау­лар» ерекше жабылады. Бұл тартыстың барысы қалай болғанын Шерағаның күнделік жазбаларынан оқысаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Қара күйе күйдірмейді, бірақ былғайды. «Жазғыштар» ойсыздық әрекетімен Алматы мен Кремльдегі «политбюро» мүшелеріне де­йін шағымданады. Бірақ шыңдағы шындық пен бұлтартпайтын тарихи ақиқат мойындатады. Ақыл-ой кемерінде Ш.Мұртазаның суреткерлік таланты әдеби-көркем биіктен, шынар шыңнан шынайылықтың шыра­йын келтіргені бірден аң­ғарылды.

Мейрамбек

ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button