Басты ақпаратСараптама

Кадрдың қадірі бар ма?

Соңғы оқиғалар су саласында білікті кадрлар тапшылығын анық байқатты. Өзен суы тасыған Ақтөбе қаласындағы су қоймасының қаланы су шайып кету қаупі туғанда зейнетке шығып кеткен маманды тауып, апаттың алдын алып үлгергенін барлық бұқаралық ақпарат құралы жарыса жазып жатты. Өзен суы мол, қар көп жауатын елордамыз – Астананың халі жақсы ма, мамандар тапшылығы бар ма, су мамандарымен қамтамасыз ету деңгейі қалай, қайтсек қауіптің алдын аламыз? Бізді мазалаған сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Мамандар тапшылығы аңғарылды

Ауылда болсын, қалада болсын, су маманы – шаруа­шылыққа ең қажет маманның бірі. Бала кезімізде ауылдың белгілі мұрабы еш құралсыз, өлшеусіз, тек өзіне Алла дарытқан ерек қабілеті арқасында ылғи осылай дариядан тартылатын арналар бағытын көрсетіп беретін. Олар қайсы аймақтың болмасын шырағы ғой. Өйткені ол адамдарға Алла көпке бермеген қабілет бұйыртып, көпке қызмет етуді нәсіп еткен, бұл жұрттың да баға жетпес мол несібесі болатын.

Тарих қойнауына енген Кеңес Одағында «кадры решают все» деген қанатты сөз болатын. Ендеше оның қатесі жоқ екенін тірі жанға көнбейтін әділ уақыт дәлелдеп көрсетті. Ол аз десеңіз, атақты шайыр Шораяқтың Омары: «Білімсіз іске аспайды дәркілдек би» деп осыдан жүз жылдай бұрын ұрпағына аманаттаған. Сонда өңірлеріміздегі, қалалардағы азаматтардың басты күнкөрісіне айналған суармалы алқаптарды, қаладағы су қоймаларын су маманынсыз жоғары талаптарға сәйкес пайдалануға болады дегенге қалай көніп, қалай илануға болады?!

Туған қаласын алапат судан сақтап қалған Шыңғыстау ­Әбдиев 36 жыл бойы Ақтөбе су қоймасында техник-­механик мамандығы бойынша кран тасымалдаушы болып жұмыс істеген екен. Былтыр желтоқсанда зейнетке шыққан. Аймақта су тасқыны басталған кезде оның кәсібилігі мен тәжірибесі төтенше жағдайды шешуге және қаланы су тасқынынан құтқаруға көмектесті деп хабарлады бұқаралық ақпарат құралдары.

– Тау іші тола өзен мен көл Алматыны Құдай сақтап тұр. Бетін әрі қылсын, бұл қалада апатқа төтеп берер жүйе мен мамандар бар ма? Кәріз жүйе­сіне жауапты «Алматы су» мекемесінде үнемі шу шығып жатады. Арық, құбырлардың жағдайын қарап, бітелген құдықтарға түсіп, белуардан лас кешіп жүретін слесарь-сантехниктер айлығымыз аз деп екі жылда бірнеше мәрте жиын өткізеді. Сонда шопыр болып істейтін бірнеше жігіт кәсіп­орынды сотқа беріпті. Себебі «160 мың теңгемен 5 баланы қалай асыраймын, айлық аз, жиылып бастықтарға бару керек» деген жігітті WhatsApp-та құптап: «дұрыс! қолдаймыз!» дегендері үшін жұмысынан қуылыпты… Слесарь мамандар жиынға да қатыспаған, заңды демалысында үйінде жатқан адамды 10 қаңтарда ұйым­дастырушы ретінде статьямен шығарған. Чатта слесарьларды қолдаған шопырларға да шүйлікті, – дейді сонда істеп, жұмыссыз қалған танысым. Өйткені аз ақшаға нәжіс иіскеп, канализация тазалап, жан баққысы келетін адам аз. Табылмайды. Ал шопыр болудың жарасы жеңіл деп ойлайды, сондықтан өзгелерге сабақ болсын деп осыларға төніпті.

– Негізі, осы күні ауыр техника жүргізетін шопыр да қат емес пе? Ол да жоғалып бара жатқан мамандық. Кадрдың қадірін білмеу – осы. 160-200 мың деген жалақыға жақсы маман ұстау мүмкін бе? Бір апта 12 сағаттан жұмыс істеп, бір апта демалысында құрылысқа жалданып амалдайтын жігіттерді түсінуге болады. Содан барып арық, арна, кәріз жүйе­сі неге нашар дейміз. Қазір гидронысандар тілін білетін кәсіби мамандар тапшы екенін көріп отырмыз, Президент те оны қадап айтты. Ал мына беттен таймасақ, аз уақытта өзен түгілі, қарапайым құбырдың жөнін білетін пенде қалмайды. Жанбағысым қиын дегеннің бәрін жұмыстан қуа беру жақсылыққа апармайды. Қазақстанға мықты менеджер, экономист, заңгерден бөлек, жоғары разрядты слесарь, дәнекерлеуші, шопыр, механизатор да керек! – дейді қоғам белсендісі Серік Әбікенұлы.

 Астанадағы жағдай қалай?

Осыдан оншақты күн бұрын Астана маңындағы Талапкер ауылын еріген қар суы басқаны белгілі болған еді. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы билік 30 минут ішінде қалпына келтіріліп, ашық учаскелерден және су басқан аула аумақтарынан еріген су сорылған болатын.

Былтыр да Астанада қатты нөсер жауып, қала көшелерін су басқан еді. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаланың нөсерлі кәріз жүйесі істен шыққан еді.

Бас қаланың нөсерлі кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі және соның салдарынан кейбір учаскелерді су басқаны үшін «Elorda eco system» директоры Тимур Шоданов қызметінен босатылғаны белгілі.

«Отын-энергетика кешені жә­не коммуналдық шаруа­шылық басқармасы мен «Elorda eco system» алдына жерүсті ағын суын бұруды қамтамасыз ету үшін тиісті іс-шаралар жүргізу міндеті қойылды: коллекторлар мен жаңбыр суын қабылдағыштарды тазарту, құбыр­ларды булау, нөсерлі кәріз желісінің қуатын ұлғайту және т. б.» делінген әкімдік хабарламасында.

Былтыр жерүсті ағын суын бұру үшін 2,5 км магистралдық нөсер кәріз желісі салынды. Мәселен, осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су тасқыны мәселесі шешілген болатын.

Үкімет іске кірісті

Премьер-министр Олжас Бектенов жуырда Астана қаласының және Ақмола облысының әкімдері Жеңіс Қасымбекпен, Марат Ахметжановпен су тас­қынының ағымдағы жағдайын тексергені белгілі.

Астана қаласы арқылы тасқын суды өткізуге және ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайын бақылады. Контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метрді құрайтыны баяндалды. Ал келіп жатқан ағын секундына 248 текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метр­ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Суды ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде жүзеге асады, су қоймасының көлемі 409 млн текше метрді құрайды. Пре­ображенский торабы шарықтау шегіне жетті, Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайып келеді: қазіргі уақытта секундына 1400 текше метр өтуде.

Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде.

Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмысы аяқталуда. Биыл қолданыстағы 2400 метрлік бөгетке ұзындығы 1200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет тұрғызылды.

Жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізіп отыр деген мәлімет берілді. Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметі бойынша ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда, Астананы су басу қаупі жоқ.

Қайтсек қауіптің алдын аламыз?

Президенттің тапсырмасы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі 2030 жылға дейін су шаруашылығы құрылысын қалпына келтірудің кешенді жоспарын әзірледі. Онда 57 жаңа су қоймасын салу, 133 гидротехника құрылысын, 7 мың шақырымнан астам ирригация жүйесін және 1200 шақырым топтық су құбырын қайта жаңартуды, сондай-ақ 3628 тік дренажды ұңғыманы бұрғылау қарастырылған.

Бүгінде 114 жоба бойынша жоба-смета құжаттамасы әзірленді. Суару жүйесінің тозуы салдарынан тасымалдау кезінде судың шығыны мәселесін шешу үшін 14 мың шақырымнан астам каналды реконструкциялау жоспарланып отыр. Жобаны 3 кезеңде іске асыру ұсынылған. 1-кезеңде 2024-2025 жылдары ұзындығы 3500 шақырым 337 арнаны қайта жаңарту жоспарланды.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button