Басты ақпаратҚала мен Сала

Сенбілік – еңбек мерекесі

Елордада «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясы өтіп жатыр. Бұл экологиялық акциясы «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ» апталығына бөліп, тазалау, қалада жинау, жуу, көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен аптада тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға арналды.

Елші де сырт қалмады

Байқоңыр ауданында үш мекенжайда сенбілік өтті. Біріншісі – Ататүрік саябағы. Аумағы 6,5 гектарды қамтитын саябақтағы сенбілікке 500-ден астам адам жиналды. Онда көшет отырғызылып, жасыл желектер тазаланды. Түркияның негізін қалаған Мұстафа Кемал Ататүріктің ескерткіші жуылды.

Оған Түркияның Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджу арнайы келіп қатысты. Мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерден бөлек, қала тұрғындары ерікті тұрғыда қатысып, тазалау жұмыстарына серпін берді.

– Барлығымыз қаланың таза әрі жайлы болғанын қалаймыз. Сенбілік – қала тұрғындарын көктемнің жайдарлы күні ортақ іске біріктіреді. Бастысы, шаһардың шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі. Астана қаласы – тазалық пен тәртіптің үлгісі. Бұл істе қала тұрғындарын бей-жай қарамай, сенбілікке жаппай атсалысуға шақырамын, – деді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов.

Астанада 117 ескерткіш бар, оның 46-сы мемлекеттік қорғау­ға алынған. Олардың үшеуі республикалық, қалған 44-і қала деңгейіндегі жергілікті маңызы бар ескерткіштер болып саналады. «Киелі мекен» апталығында тарихи жерлердің маңы абаттандырылды.

Қаламгерлер күрек ұстады

Екіншісі – Қаламгерлер аллеясында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілді. 2019 жылы өткен Азия елдері ақын-жазушыларының I форумы аясында ашылған аллея аумағы 1,2 гектарды қамтиды. Шыршалар көктеп, жасыл желегі демалушы адамдардың тынысын кеңейтеді.

Мұндағы сенбілікке зиялы қауым өкілдері, жазушылар, журналистер белсенді қатысты. Қаламгер арасында Қуаныш Жиенбай, Балапан Базар, Әдiлбек Ыбырайымұлы, Нұрлан Қалқа тазалық жұмыстарына дем берді.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай: «Бас қаламызда қаламгерді құрметтейтін аллея бар. Мұндай орталықты тазалау жұмыстарына қатыспай, қалай отыра аламыз. Бүгін бірқатар әріптестеріммен бірге келіп, демалыс аймағын шөптер мен жапырақтарды, тұрмыстық қоқыстарды алып тастап, көшет отырғыздық» деді.

Үшіншісі – Жұмабек ­Тәшеневтің ескерткіші мен Қазақстан Қарулы Күштерінің Мемлекеттік әскери-тарихи музейіндегі саябақта тазалық жүргізілді. Ескерткіш және музей аумағын тазалауға Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мен «Жас сарбаз» жастар ұйымының тәлімгерлері, Ж.Тәшенев атындағы №10 гимназия мектебінің ұстаздары мен оқушылары қатысты. Сенбілікке келгендер арасында кеудесінде медалі жарқыраған соғыс ардагерлері де болды.

Ауған соғысының ардагері Сембек Қабиев:

– Сенбілік – тазалық, тәртіп және жақсы көңіл-күй мерекесі. Ортақ күш-жігермен жергілікті аумақты ретке келтіруге болады. Соның ерен үлгісін бүгін көрдік. Қатысушылар сарғайған шөптер мен жапырақтарды тырмалап, тұрмыстық қоқыстарды алып, саябақтың айналасын жинады. Бір жағы, сенбілік дене белсенділігін арттырып, денсаулыққа жақсы әсер етеді, – деді.

Сенбілік аясында оқушыларға «Киелі мекен» атты тәрбие сағаты өткізіліп, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтың өтпелі кезеңде ел дамуына сіңірген еңбегі аталып, киелі жерлерде құрметтеудің парқы түсіндірілді.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің ресми өкілі Үкілім Саятқызының сөзінше, сенбілік жұмыстарына 1,3 мың адам қатысты.

– Ауқымды экоакция шеңберінде қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта «Өнегелі ұрпақ» апталығында ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалап, абаттандырсақ, «Мөлдір бұлақ» деп аталатын соңғы бесінші аптада су қоймаларының айналасы өзен-көлдер қоқыстан тазартуға мән береміз, – деді ол.

Елорда тұрғындары эко іс-шараларға белсенді қатысып, тұрғындар тазалықты қамтамасыз етуге үлес қосуда. Бір ғана Байқоңыр ауданында тазалық айлығы жүйелі өткізілуде, мұндай үдеріс қаланың өзге аудандарында да көрініс тапты.

Жұмыс та істеді, дәм де татты

Байқоңыр ауданы әкімдігі ұйымдастырған сенбілікте жаңа жобаға куә болдық. Ататүрік саябағында өткен тазалық іс-шарасы қазақ-түрік тағамдарының жәрмеңкесіне ұласты.

Онда түрік елінің әйгілі бөректері, симиттері және ірімшік пирогтары ұсынылды. Сондай-ақ тұрғындарға бауырсақ, құрт, ірімшік, шай таратылды.

– Түрік асханасында өзіндік орны бар бөректің дәмі тіл үйіреді екен. Біздің бауырсақ көпшілік қонаққа арналған, қолжетімті тағам түрі ғой. Түріктердің ерте кездерден келе жатқан симиттің дәмін көрдік. Сонау Осман империясы кезінде сұлтандық тағам мәртебесіне ие болған симит түрік асханасының алтын рецептері санатына кіреді екен, – дейді жәрмеңкеде түрік асханасымен танысқан қала тұрғыны
Сейдулла Алпысбаев.

Сенбілікке қатысушылар ірімшіктің түр-түрінен дәм татып, қазақтың мерекелік дастарқанының негізгі тағамы – бауырсақты дайындау тәсілдері туралы да ақпарат берілді.

Қоршаған ортаны дамыту марафоны

Сарыарқа ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экомарафон өтті. Марафонға қатысушылар 4 шақырымға жүгірді.

Экомарафонның мақсаты – қоршаған ортаға, қалаға және бір-біріне ұқыпты қарау деңгейін арттырып, экологиялық әдеттерді тәрбиелеу.

– Марафон бұрынғылардан ерекше әрі өте креативті өтті. Себебі біз спорт пен тазалықты қатар алып жүрдік. Экоакция аясында Есіл өзенінің бойындағы қоқыстарды жинадық, – деді «Open society» қоғамдық қорының директоры, марафоншы Марғұлан Ермағанбетұлы.

Марафонға қатысушылар, соның ішінде жастар, ересектер мен қарттар іргелес жатқан аумақтарды тазартуға белсенді атсалысты. Ең жас қатысушы, ең үлкен қатысушы және 1, 2, 3 жүлделі орындар тағайындалды.

Марафон жеңімпаздарына Сарыарқа ауданының әкімі атынан арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Елордада барлық тұрғындардың күшімен Мәдени мұра нысандарының, ескерткіштер мен оларға іргелес аумақтың қасбетін ретке келтіру жұмыс­тары жүргізілді.

Сенбілікке шығып сыйлық алды

Елордадағы Ботаникалық саябақ, Орталық саябақ, Триатлонда тазалық акциясы қатысқандар «Орел мен решка» бағдарламасының форматында ақшалай сыйлық ұтып алды. Сонымен қатар акция аясында Ботаникалық бақта «Түлектер аллеясы» ашылды.

«Мұндағы мақсат – мектеп түлектерінің бойында экомәдениеттілікті қалыптастыру. Бүгін – тарихи күн. Өйткені қаладағы Ботаникалық саябақта алғаш рет 2023-2024 жылғы «Түлектер аллеясы» ашылды. 30 шақты алма ағашын отырғыздық. Әлемдегі дамыған елдердің 80 пайызы ағаштармен безендірілген.
Бұл қаланың көркеюіне, әсемденуіне, ары қарай дамуына үлес қосуда. Таза қоршаған орта, таза ауа – біздің болашақтың дені сау, тәні сау, санасы таза ұрпақтың қалыптасуына және өсуіне әсер ететін фактор. Сол үшін бұл акцияны жалғастыру керек деп ойлаймын» деді Кәрім Мыңбаев атындағы 59 мектеп-лицейінің 11-сынып жетекшісі Нұрбек Ерікұлы.

Ал Алматы ауданында өткен тазалық жұмысында сыйлық берілмесе де, тұрғындар белсенді қатысты.

Алматы ауданында нөсер және арық кәріз желілерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізіледі. Жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды күтіп-баптау бойынша іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жоюға мән берілді.

Сарыарқа ауданында «Киелі мекен» апталығында 35 тарихи-мәдени ескерткішті тазалау және абаттандыруға 4,2 мың адам қатысты.

Жас жұбайлар алаңы ашылды

Астанада Орталық саябақта жас жұбайлар алаңы ашылды. Ашылу салтанатында жас жұбайлардың некесі қиылды және ескерткіш ретінде ағаштар отырғызылды.

Алаңның ашылуы «Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акция аясында өтті. Жас жұбайлардың бақытты күнді еске алуы мақсатында шаңырағына құлыптар мен таспаларды бекітетін киіз үй орнатылды. Алаңның ашылу салтанатында 5 жұп некеге тұрды. Неке қию рәсімінен кейін жас жұбайлар алаңға ескерткіш ағаш отырғызды. «Біз өткен жылы әлеуметтік желіде танысып, дос болдық, ал бүгін үйленіп жатырмыз. Осы ағашқа күтім жасауға және атау тақтасын орнатуға дайынбыз. Неке қию күні бізге осындай мүмкіндік түскені қуантады» деді жас жұбайлардың бірі Қуат Ахметов.

Іс-шараға 50 жылдық мерейтойын атап өткен ерлі-зайыптылар Марат Тоқсанбаев пен Күләш Асқарова шақырылды. Олар акцияға қатысушыларды құттықтап, батасын берді.

– Бұл алаң ұрпақтар сабақтас­тығының символына айналуы керек. Менің ойымша, мұнда ағаш отырғызған адамдар қалаға ешқашан зиян тигізбейді. Сондай-ақ олар өз отбасыларымен қарым-қатынас орнатады, – деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.

Қамыстан тазартуға көңіл бөлінуде

Сарыарқа ауданының аума­ғын тазалық айлығында абаттандыру және жөндеу-­қалпына келтіру жұмысы қарқын алды.

Әлия Молдағұлова алаңы, Сиреневый бульвар және Есіл өзенінің жағалауы және тағы басқа қоғамдық орындарды жөндеу, қалпына келтіру жұмысы белсенді жүргізілуде. Жиектерді, қоршауларды, билбордтарды және маңдайшаларды тазалау, жуу, сырлау қолға алынды.

Коммуналдық қызметкерлер қамыс пен арам шөпті шабуды басымды етті. Күнделікті режимде құрғақ өсімдіктер аула аумақтарында және бос жерлерден жойылуда. Білім беру мекемелері мен басқа да әлеуметтік нысандар маңындағы учаскелерге ерекше көңіл бөлінуде.

«Қатты ыстықта бұл өсімдіктер тез тұтанады, ал от тез тарайды. Осы жағдайлардың алдын алу үшін біз қамысты жою жұмысын бастадық. Қазіргі уақытта 5,4 гектардан астам жер орылды» деп атап өтті Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы Атажан Нұрбек.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button