Ел тынысы

Тасқын тапшылықты болдырмайды

Еліміздің әртүрлі аймағында су тасқыны қаупі артқанда «Астанаға да топан судан қауіп төніп тұр» деген алыпқашпа әңгімелер әлеуметтік желіде тарағаны мәлім. Осыған орай, Астана қаласынан сайланған сенатор Бибігүл Жексенбай өз әріптестері Галиаскар Сарыбаев пен Алишер Сатвалдиевпен бірге қала сыртындағы гидротехника нысанына барып, су қоймаларындағы ахуалмен танысты. Сенаторлар қазір қалаға келетін су көлемі біртіндеп азая бастағанын айтады.

«Астана қаласы арқылы тасқын суларын өткізуге және ықтимал су тасқынынан қор­ғауға арналған «Астана» қарсы реттеуіші нысанның жағдайын өз көзімізбен көрдік. Барлығы толыққанды бақылауда, реттегіш деңгейіне сәйкес жұмыс істеп тұр. Астана контррегуляторы қазір секундына 30 текше метр суды жіберуде. Қарсы реттегішке түсетін су секундына 248 текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда қарсы реттегіштің ағызуын 40 текше метрге дейін жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері бірлесіп, жақын маңдағы елді мекендер мен қаланы су басуының алдын алуда» дейді Б.Жексенбай.

Сенат депутаты Ақмола облысында Астана су қоймасын толтыру 99,6 пайызды құрағанын, бұл елорда тұрғындарын жыл бойы ауыз сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ Есіл өзенінің гидрология жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретінін мәлім етті.

«Астана су қоймасындағы өзеннің өткен жылғы көлемі қаланы ауыз сумен толық қамтамасыз ете алмағандықтан, су қоймасын Сәтбаев каналы арқылы толтыру қажет болған еді. Биыл көктемгі су тасқыны су қоймаларын толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Табиғи сынақ тек сабақ қана емес, ертеңгі күнге қайырлы болып, жаз кезінде су тапшылығының алдын алуға мүмкіндік те береді деп сене­йік» деді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button