Мәдениет

Алаш арыстары дәріптелді

Астана қаласы әкімдігі «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен Алаш арыстары Жүсіпбек Аймауытов, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлиннің шығармашылығын ұлықтау мақсатында ҚР Президенттік орталығында «Ұраным, қорғаным сен, Алаш!» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.

Алаштың тау тұлғалы алыптарының сан-салалы мұрасын насихаттау, Алаш қайраткерлері ту еткен ұлттық сананы көтеру, ұлттық руханияттың өзегі – ана тілінің рухани-мәдени тарихымыздың дамуындағы алатын орнын айқындап берген ардақты арыстардың озық ойлы көзқарасын елге паш ету – басты мақсат. Көрнекті ақын, қарымды қаламгер, бойына сан өнерді тоғыстырған жан-жақты дарын иелерінің ұлт жолындағы күрескерлік еңбектерін бағалау, Алаш идеясы – қазақтың мемлекеттік, елдің ұлттық идеясы екенін кеңінен дәріптеу, рухы мықты, жігерлі, намысты, жалынды жастарымызды Отанды құрметтеуге, елін, жерін қадірлеуге тәрбиелеу.

Іс-шара барысында ҚР Президенттік орталығының басшысы Бақытжан Темірболат сөз сөйлеп, ой-пікірін білдірді. Алаш арыстарының рухына арнау өлеңін мәдениет саласының үздігі, ақын Серік Молдабек оқыды. Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы Ақбілектің рөлі сомдалып, сол бір кезеңдегі қазақ халқының басына түскен зобалаң, қазақ әйелдерінің ауыр тағдыры суреттелген шығарманың өн бойы көрерменнің көз алдына келтірілді. «Руханият» мекемесінің қызметкері Айбек Жиғаншин ақын Ғалым Жайлыбайдың «Рух» өлеңін оқыса, ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларының жүлдегері Нұрислам Бейсенбай С.Сейфуллинге арналған «Пешене» атты жүрекжарды өлеңін оқыды. Б.Майлиннің «Туған жер» атты өлеңін педагогика және филология ғылымдарының магистрі Нұргүл Ермұхан оқыса, сөз өнерінің майталманы, қазақ әдебиетінің классигі ­Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесінен сахналық қойылымды С.Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушылары актерлік шеберлігін көрсетті. Сондай-ақ Алаш арыстарының фотосуреті мен қанатты сөздері жазылған фотогалерея қойылып, тұлғалардың мұрасына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айжан СЕРІКҚЫЗЫ,

Астана қаласы әкімдігі
«Руханият» мекемесі
баспасөз қызметінің
жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button