Шаһар шаруашылығы

Қосымша қаржы бөлінеді

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысында елорданың 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті нақтыланды. Құжатқа енген өзгерістермен қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев таныстырды.

Кірістерге тоқталған баяндамашы түсімдер жоспары ұлғайғанын, соның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер жоспары көбейгенін атап өтті. Ал шығыстар қаланың басқармалары мен департаменттері, қала аудандары арасында бөлінді.

Атап айтқанда, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына мерекелік төлемдерге, жәрдемақы алушылар санының ұлғаюына және АЕК айырмашылығына байланысты, мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және әлеуметтік қолдауға, 2400 адамға үйде көрсетілетін әлеуметтік қызметтерге 5 млрд 595,2 млн теңге сомасында қаражат көзделген.

Білім басқармасына оқулықтарды сатып алуға және жеткізуге, орта білім беру мемлекеттік ұйымдарында жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға, 24 балабақшаны ағымдағы жөндеуге, ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың күрделі шығыстарына 4 млрд 792,8 млн теңге сомасында қосымша қаржы қарастырылды.

Мәдениет басқармасына мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыруға, «Салтанат қақпасы» монументін ұстауға (аумақты жинау, мүлікті қорғау, бейнебақылау, «Әлем қабырғасы» монументіндегі LED экранына техникалық қызмет көрсету), ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен мәдениет ұйымдарының күрделі шығыстарына қосымша 1 млрд 984 млн теңге көзделді.

Дене шынықтыру және спорт басқармасына республикалық және халықаралық спорт жарыстарына түрлі спорт түрлері бойынша құрама командалар мүшелерін даяр­лауға және қатысуға, жан басына шаққандағы қаржыландыру бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа, жасөспірімдер спорт мектептері үшін жабдықтар сатып алуға, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Елорда» спорт клубының күрделі шығыс­тарына 3 млрд 667 млн теңге сомасында қосымша қаражат қарастырылды.

Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамытуға қосымша 103 млн теңге бөлінді.

Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына көлік инфрақұрылымын дамытуға, қоғамдық көлік тасымалдау­шыларының шығыстарын субсидиялауға қосымша 25 млрд теңге қарастырылды.

Коммуналдық шаруашы­лық басқармасына «ЕлордаEcoSystem» компаниясына нөсер кәрізін ұстауға, тазартуға, «Астана Су Арнасы» мекемесіне атмосфералық жер үсті ағындарын ағызуға және тазартуға, сумен жабдықтау және су бұру жүйесін дамытуға, нөсер кәрізін дамытуға қосымша 14 млрд 254 млн теңге көзделді.

Энергетика басқармасына жылу-энергетикалық жүйесі мен газ тасымалдау жүйесін дамытуға қосымша 2 млрд 117 млн теңге бөлінді.

Құрылыс басқармасына қаланы абаттандыруды дамытуға, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалауға, дамытуға және жайлас­тыруға, білім беру және денсаулық сақтау нысандарын салуға және реконструкциялау­ға, халықтың әлеуметтік осал топтарына пәтер сатып алуға қосымша 11 млрд 823 млн теңге қарастырылды.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасына қаланы абаттандыруды дамытуға, «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС үшін 39 бірлік суару-жуғыш машиналар мен 50 бірлік арнайы техника сатып алуға  қосымша 9 млрд 506 млн теңге көзделді.

Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасына білім беру нысандарын, жол-көлік инфрақұрылымын салуға, скверлер құрылысы және өзен арнасын реконструкция­лауға, көппәтерлі тұрғын үй кешендерін және басқа да нысандарды салу үшін жер телімдерін сатып алуға қосымша 2 млрд 467,3 млн теңге бөлінді.

Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына елді мекендерде құрылыс салудың бас жоспарларын әзірлеуге қосымша 500,0 млн теңге қарастырылды.

Алматы ауданы әкімі аппаратына елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге, жасыл желектерді ағымдағы күтіп ұстауға, абаттандыру элементтерін жөндеуге, аулаларды абаттандыруға (Сенатор, Қазанат-2) қосымша 6 млрд 370 млн теңге көзделді.

Байқоңыр ауданы әкімі аппаратына көше жарығын, орамішілік және саябақ жарығын ағымдағы күтіп ұстау­ға, сәндік жарықтандыруды күтіп ұстауға, елді мекендердің санитариясын қамтамасыз етуге, қоғамдық кеңістіктерді ағымдағы жөндеу мен жайластыруға; жасыл желектерді ағымдағы күтіп ұстауға және басқа жұмыстарға қосымша    4 млрд 692 млн теңге бөлінді.

Есіл ауданы әкімі аппаратына осындай жұмыстарға қосымша 8 млрд 950 млн теңге, Нұра ауданы әкімі аппаратына қосымша 3 млрд 300 млн теңге және Сарыарқа ауданы әкімі аппаратына қосымша 2 млрд 595 млн теңге қарастырылды.

Полиция департаментіне еңбекақы төлеу қорына және аттестатталған құрамға тұрғын үй төлемдеріне қосымша 2 млрд 285,6 млн теңге көзделді.

Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына инвестициялық қызметті дамытуды қамтамасыз ету (штат санын ұлғайту және мүлікті (көкөніс қоймасы) балансқа қабылдау) жөніндегі қызметтерге, шағын және орта бизнес субъектілерінің несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға, «Астана-Тазалық» ЖШС және «Астана көгалдандыру құрылысы» ЖШС үшін арнайы техника сатып алу үшін лизинг бойынша міндеттемелерді өтеуге қосымша 2 млрд 594 млн теңге бөлінді.

Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасына «Фотобейнетіркеу және бейнеталдау аппараттық-бағдарламалық кешенін құру және пайдалану» мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасына (Сергек) қосымша 1 млрд 605 млн теңге қарастырылды.

Баяндамашы өз сөзінде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1500 пәтер сатып алуға 24 719 780 мың теңге сомасына мемлекеттік бағалы қағаздар шығару жүзеге асырылатынын жеткізді. Енгізілетін өзгерістердің есебінен Астана қаласының 2024 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 1 трлн 165 млрд 548 млн теңгені құрайтынын айтты.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button