Шаһар шаруашылығы

Ғарышкер – тың өлкесінде

Байқоңырдан көтерілген талай ғарыш кемесі жерге оралғанда, ­Ақмола облысының аймағына қонатын. Сол сәтте ғарышкерлер жергілікті халықтың ыстық ықыласына бөленіп, Целиноградта қонақ болып, шаруашылықтарды аралайтын.

Ғарыш әлеміне үш рет барып қайтқан КСРО ұшқыш-­ғарышкері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, полковник Виктор Васильевич Горбатко целиноградтықтармен 1971 жылы 28 қаңтарда кездесті. Тың өңіріне онымен бірге ВЛКСМ Орталық Комитетінің екінші хатшысы Б.Пастухов, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы З.Камалиденов келді.

Қонақтарды Целиноград облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Ефимович Кручина қарсы алды. Ол әңгіме үстінде қонақтарға облыстың халық шаруашылығын өркендетудегі табысы жөнінде айтып, алдағы уақытта Есіл өңірінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытудың жоспарымен таныстырды. Меймандар бұдан соң Тың игерушілер сарайын көруге келді. Олар ондағы құрметті қонақтар кітабына мынадай жазу қалдырды: «Қымбатты достар, бұл сарай тың игерушілердің тамаша еңбегін атап өтуге лайық екен. Жаңа табысқа жете беруіңізге, қызықты кездесулер өткізіп, сарайыңызды ән-күй ошағына айналдыра беруіңізге тілектеспіз!».

Бұдан соң қонақтар Целиноградтың көрнекті жерлерімен, сол кезде салынып жатқан Жастар сарайының құрылысымен танысты, «Целиноградсельмаш», «Казахсельмаш», керамика комбинаты жұмысшыларымен жүздесті.

Суретте ғарышкер Виктор Васильевич Горбатконың ­Целиноград қаласындағы ­«Березка» балабақшасына келген сәті. 1971 жыл.

Ғазиза ИСАХАН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button