Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Қарғын суға дайындық қарқынды жүруде

Жасыратыны жоқ, жаңбырлы кездері елорданың орталық көшелері суға толып кетеді. Егер көктемгі қарғын суға дайындықты күшейтпесе, су алғанның көкесін сонда көреміз. Астана қаласының Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасына хабарласып, су тасқынына қарсы шаралар туралы білдік.

– 2023 жылдың қыркүйегінде елорданың су тасқыны қаупі бар учаскелері комиссиямен тексеріліп, 20 учаске бойынша аудан әкімдеріне каналдарды тазалау, арық-науа жүйесін орнату туралы ұсыным берілді. Төтенше жағдай жөніндегі комиссияда дайындық жұмыс­тары пысықталып, жауапты мемлекеттік мекемелерге іске сергек қарау тапсырылды. Қаңтар айында су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы басталды, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары іске асып, ықтимал қауіпті учаскелерде 86 рейд жүргізілді, – деді басқарма бастығы.

Солтүстік өңірлерде тоң бір метрге дейін қатқандықтан, көктемде еріген қар жерге сіңуі қиын. Оның үстіне, Астана жазықта орналасқандықтан, жиналған су ағып кетуі қиын. Оған қоса жерасты суы жер бетіне жақын жатыр. Осының әсерінен жауын-шашын кезінде көлкіген су тез сіңіп кетпейді. Қыста қалың түскен қарды тазалап үлгермесе, қарғын судың алып кетуі мүмкін. Сондықтан коммуналдық қызмет саласындағылар көшелерден бөлек, көп қабатты тұрғын үй аумағындағы қарды тездетіп тазалағаны дұрыс.

Бүгінде коммуналдық қызметтер қаладан 5,7 миллион текше метрден астам қар шығарды. Қар тазалау жұмысы қарқын алды. Мәселен, 33 мыңнан астам метр арық-науа желісі, 2360 метр коллекторлар, 1087 дана жаңбыр қабылдау құдықтары тазартылды

– Бүгінде коммуналдық қызметтер қаладан 5,7 миллион текше метрден астам қар шығарды. Қар тазалау жұмысы қарқын алды. Мәселен, 33 мыңнан астам метрі арық-науа желісі, 2360 метрі коллекторлар, 1087 дана жаңбыр қабылдау құдықтары тазартылды. «Астана-Тазалық» базасында көлемі 2,5 мың текше метр құм және ағаш қоры дайындалды. Тағы 11 мың текше метр инертті материалдарды жеткізуге келісімшарт бар. Төтенше жағдай орын алған жағдайда азық-түлік пен жанар-жағармай жеткізуге 12 меморандум жасалды, – деді Бақытжан Мауленбердиев.

Егер төтенше жағдай орын алса, халықты уақытша қабылдайтын 2260 орынды 7 қонақ үймен меморандум жасалды және зардап шеккен халықты қабылдайтын 16 пункті дайын­далыпты.

– Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев жауапты мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырма берді. Су тасқыны құбылыстарына уақтылы ден қою мақсатында жеке құрамның 586 адамынан, 156 бірлік техникадан, 65 мотопомпадан тұратын азаматтық қорғау қызметтерінің жалпы тобы құрылды, – деді спикер.

Кей жылдары ауа райының өзі қарайласып, көктем айларында су тасқыны орын алмайды. Ал наурыз, сәуір айы жаңбырлы болса, онда қармен қосылған судан қауіп күтуге болады. «Қазгидромет» болжамынша, көктемнің алғашқы екі айында тәулігіне бір айлық жауын-шашын мөлшері түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда көлдер мен өзендерден бөлек, ой-шұңқыр мен сай-сала суға толып, халық қиындықпен бетпе-бет келеді. «Қазгидрометтің» гидрологиялық хабарлауына сәйкес, Астана су қоймасына көктемгі су тасқыны ағынының күтілетін көлемі нормадан жоғары.

– Жеке сектордың тұрғындары үйдің аумағынан қарды жол жиегіне шығарып, үйден ағынды суларға немесе су өткізгіш құбырларға су бұрғыштар орнатуы керек. Егер ауланы су басқан жағдайда 109 нөмірі бойынша «Ikomek» Қалалық мониторинг және жедел ден қою орталығына, 112 нөмірі бойынша құтқару қызметіне шұғыл хабарлауды сұраймыз, – деді салаға жауапты басшы Бақытжан Мауленбердиев.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button