Басты ақпаратБілім

«Тоғызқұмалақпен» ұлттық мектеп құрылмайды

Білім саласында қордаланған мәселелер аз емес. Айта-айта жауыр болған оқулықтың сапасы мәселесі де бүгінге дейін шешілген жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында еліміздегі оқулықтардың сапасы сын көтермейтінін айтып, мәселені шешу үшін Үкіметке оқулықты әзірлейтін азаматтардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыдан реттеп, сапасыз оқулық дайындағандарды жауапқа тартуды тапсырған болатын. Содан бері 3 жыл уақыт өтті. Бірақ сапасыз оқулықтар әлі айналымда жүр. Ендеше, оқулық сапасын жақсартып, ұстаздардың біліктілігін қалай арттырамыз? Бұл жөнінде тәжірибелі педагогтар не дейді? Осы сауалдарға жауап іздеген тілшіміз жоғары санатты химия пәні мұғалімі, химия ғылымдары бойынша PhD докторанты, Республикалық «Қазбілім» орталығының директоры Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫМЕН әңгімелесіп қайтты.

Оқулық жазудың жүйесі дұрыс емес

– Аятжан Ахметжанұлы, сапасыз оқулықтар мәселесі қазіргі білім саласындағы жедел шешуді қажет ететін негізгі түйін. Соңғы кездері депутаттар да бұл тақырыптарды кеңінен талқылай бастады. Қазіргі беталысымызбен оқулықтардың сапасын жақсарта аламыз ба?

– Мен білім беру саласына 2010 жылы келдім, 2012 жылы «Оқулық олқы болса, оқушы қайдан оңады?» деген мақала жазған едім. Сол кезде жұрт сапасыз оқулық мәселесін жиі айтып жүретін. Содан бері 15 жылға жуық уақыт өтті, оңалған, өзгерген ештеңе жоқ. Керісінше, «жаңартылған бағдарлама» енгізілетін тұста, яғни Сағадиевтің тұсында тіпті кері кетті. Аймағамбетов оқулық мәселесімен мүлдем айналысқан жоқ. Себебі оқулық білім саласының заңы бойынша 4 жылда бір өзгеруі керек. Яғни Сағадиев заманындағы оқулықтар 2022 жылы қайта жаңартылуы керек болатын. Бірақ министр ауысып кетті де, оқулық жаңалау жұмысы да тоқтап қалды. Ал қазір сол оқулықты жаңартатын кезі келгеннен кейін, парламентте де көтеріліп жатқан болса керек.

Жалпы «жаңартылған бағдарлама» кезеңінде оқулықтарда үлкен олқылықтар, қателіктер бар екенін бұрынғы министр де, сол дәуірде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып тұрған қазіргі министр де мойындаған. Ең өкініштісі, сол кемшілік әлі күнге дейін түзетілген жоқ. Түзетілмейді де. Өйткені бізде оқулық жазудың жүйесі қате. Жүйе дұрысталмай, оқулық та дұрысталмайды. Мәселен, Мемлекеттік стандартты Оқу-ағарту министрлігі бекітеді. Осы стандарт негізінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен Оқу-ағарту министрлігінің орта білім беру комитеті бірлесіп, үлгілік оқу жоспарын әзірлейді. Осы жоспар негізінде бір жұмыс тобы бағдарлама жазады. Ол бағдарламаны жазатындар – әр жерден таңдап алынған мамандар. Бірақ олар бұл жұмысты сабағын бере жүріп, қосымша жұмыс ретінде атқарады. Оның кейбіреуіне ақы төленеді, кейбіріне төленбейді. Өзі қосымша жұмыс және төлейтін сомасы мардымсыз болса, қолы тиген бос уақытында міндет өтеу үшін жазған бағдарламада сапа бола ма, болмайды. Ал оны келесі бір топ сараптайды, олар да оны екінші жұмыс ретінде атқарады. Сараптамадан өткеннен кейін ол баспаларға беріліп, олар авторлар ұжымын жинап алып, оқулық жазғызады. Олар да – жоғарыдағы сияқты, баспаларда қосымша жұмыс істейтін қызметкерлер. Олар да екінші жұмыс ретінде бұл тапсырманы орындап, оқулық жазып береді. Оқулық білім мазмұнын сараптау орталығына жібереді. Сараптау комиссиясы келіп түскен оқулықтардың арасынан біреуін таңдап алып, оған ескертпелер береді. Оқулық басылып шыққаннан кейін бір мектеп сынақ мерзімінде қолданып, олар өз ұсынысын бергеннен кейін, оқулық бекітіледі. Демек, бір оқулықтың басында 4 мекеме, 4 жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Ондағы мамандардың көбінің екінші жұмысы болса, сапалы оқулық шыға ма?!

Қазақстанда орыс тілін білмей қандай деңгейдегі қызметке баруыңыз мүмкін? Орыс тілін білмесеңіз, министр немесе әкім бола аласыз ба? Жоқ. Ал қазақ тілін білмесең, министр немесе әкім бола аласыз ба? Әрине, бола аласыз. Осыны көріп, біліп отыр­ған халық баласын орыс мектепке немесе аралас мектепке сүйремей қайтеді?!

– Енді не істеу керек?

– Шетелдердің тәжірибесін алып қарайық, олардың минис­трлігі мықты мамандарды бүкіл қаржысын төлеп, бір жылға немесе екі жылға шақырып әкеліп, сол топқа арнаулы кабинетті беріп оқулық жазу жұмысымен айналысуға міндеттейді. Бағдарламаны да сол топ жазып, соңынан қайталай сараптап шығады. Ал баспа тек кітапты басып шығарумен ғана айналысады. О заманда, бұ заман, баспа оқулық жазғанды қайдан көрдің?! Міне, мәселе осында. Сондықтан оқулық жазу жүйесі өзгермей, оқулықтың сапасы да дұрысталмайды. Кезінде сапалы оқулық жазу жөніндегі ұсынысымды жоғары лауазымда отырған бір ағамызға айтқанымда «беліңе көтере алатын шоқпарды байласаңшы» деді. Өйткені баспалардың артында оқулық басуға жұмсалатын миллиард­таған ақшалар айналып жатыр.

– Қазір балалар түске дейін мектепке барса, түс­тен кейін қосымшаға баруға мәжбүр. Бұл мектептердің оқу сапасы төмендігінің көрінісі ме?

– Білім беру орталықтарының көбеюі – мектептердің оқу сапасының нашарлығының айқын көрінісі. Өйткені еліміздегі мектептер мемлекет бекіткен, мемлекеттік стандартты толық орындауға қауқарсыз. Себебі ол стандартты орындау үшін 2-3 түрлі шарт-жағдай толық болуы керек. Бірінші, барлық сыныпта бала саны 24-тен аспауы керек. Екінші, барлық мектеп бір ауысымда оқуы керек. Үшінші, негізгі сабақтары факультативтері, паратифтері толық орындалуы керек. Қазір мектептердің көбі 2 немесе 3 ауысымды. Бір сыныпта 30-дан артық оқушы бар. Көздеген мақсатты орындай алмайды. Сондықтан балалар қосымшаға баруға мәжбүр.

– Орта білім беру комитетінің өткен жылғы маусымдағы дерегінше, Қазақстанда 7724 мектеп бар. Оның ішінде, ауылдық жерлерде – 5279 мектеп, қалалық жерлерде 2445 мектеп бар. Мұның ішінде бір ауысымды – 2740 мектеп, екі ауысымды – 4847 мектеп және үш ауысымды 137 мектеп бар екен. 2024 жылы – 208 мектеп; 2025 жылы 151 мектеп пайдалануға берілмек. Бірақ сонда да мектеп мәселесі толық шешілмейді. Неге біз екі, үш ауысымды мектептен құтыла алмай жүрміз?

– Меніңше, мұның бірнеше түрлі себебі бар. Біріншіден, біздің елде ішкі көші-қон өте бейберекет кеткен. Кенттендіру аяқ алысы тез және жабайы. Яғни ауылдарда мектеп жабылып жатса, қалаларда мектеп жетпей жатыр. Екіншіден, біздің саяси карьерада мерзім жоқ. Сондықтан олар ешқашан ұзақ уақыттық жоспар жасамайды. Көз алдағы мәселені шешіп берсе болды, ұзақ болашақтық мәселелерге бас қатырмайды.

Сапа меншікпен өлшенбейді

– Жекеменшік мектептердің көбеюі оқу сапасын төмендетіп жібермей ме?

– Сапаны меншікпен өлшеу – коммунистік сананың бейнесі. Сапа меншікпен өлшенбейді. Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетті, Сулейман Демирел атындағы университетті сапасыз оқу орны деп айта аласыз ба? Жекеменшік оқу орындарының арасында сапалы білім беретіндері бар, білім сапасы төмендері де бар. Сол сияқты Мемлекеттік мектептердің де сапалы білім беретіні бар, төмені де бар. Демек, сапа басқару мен оқытушылар қосындысының мықтылығымен байланысты. Жекеменшік мектептің көбеюі білім беру саласындағы бәсекелестікті күшейтеді. Бәсеке болса, сапа да көтеріледі. Қазір елімізде, қателеспесем, 672 жекеменшік мектеп бар, білім сапасы төмендеп кетеді деп, оның бәрін жауып тастасақ, онда біздің қайтадан 3 немесе 4 ауысымға көшуімізге тура келеді.

– Қазір қоғамда мешіт салғанша, мектеп салсын деген көзқарас күшейді. Сіздің көзқарасыңыз қалай?   

– Бұл қажеттілікке байланыс­ты айтылған сөз ғой. Екінші жақтан, мешіт салу сауап үшін болғанымен, дәулетімен жарысуға айналып бара жатқан жағы да жоқ емес. Қоғамның ең үлкен сұрағы – «Біз ғылым-білімге қашан қаржы саламыз?» деген мәселе. Бұл 100 жылдан бері айтылып келе жатқан сұрақ. Міне, осы мәселеде «неге мешіт сала береміз?» деген сұраққа мұрындық болып тұр. «Той деп шашылды, ас деп шашылды, ар, білім деп дәулет шашарға қай қазақтың қайраты жетеді?!» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, қазір де біз ғылым деп шашылып жатқамыз жоқ. Сондықтан қоғамның ішінен шыққан қыжылды біреулер өнімді пайдаланып, мәселені мешітке қарай бұрып жібереді. Бұл – қоғамның еліміздің білім беру жүйесіне қанағаттанбауынан шыққан реакция.

– Мұғалімдердің сапасы қалай?

– 1991 жылдан 2018 жылға дейін педагогикалық мамандықтарды кімдер таңдады деген сұраққа жауап іздесеңіз, мұғалімдердің сапасы көз алдыңызға келеді. Яғни, басқа мамандыққа түсе алмағандар, басқа саладан жұмыс таба алмағандар мұғалімдік кәсіпке келді. Сондықтан соңғы 3-4 жылдағы жағдайға байланыс­ты министрліктің жұмысына рақмет айту керек. 2018 жылдан бастап педагогикалық мамандықтар көш басына шықты. Бұрын мұғалімдік кәсіптен кетіп қалған талантты ұстаздар қайтып өз кәсібіне оралып жатыр. Мұның өнімі енді 5 жылдан кейін көріледі деп ойлаймын. Бірақ сапалы мұғалім жетіспеу мәселесі біздің елде әлі 15 жылға дейін өзекті түйін болып тұрады. Неге? Өйткені алдыда тағы демографиялық дүмпу келе жатыр. Мәселен, 2023 жылы 11 сыныпты 175 мың бала бітірсе, 4 сыныпты 415 мың бала бітірді. Яғни екі жарым есе көп. Бұл өз кезегінде мектеп жетіспеу, сапалы мұғалім тапшылығы сынды мәселелерге тағы да тірейді.

Ұлт тәрбиеснің ұйытқысы

– Ұлттық мектеп деген не? Сіз қалай түсінесіз?

– Мағжан Жұмабаев «Қазақ­тың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік, һәм өз жанымызға (қазақ жанына) қабысатын, үйлесетін негізге құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт» дейді. Ендеше қазақтың жанына жақын мектеп – ол нағыз ұлттық мектеп. Ұлттың тарихынан, мәдениетінен, елдік болмысынан сыр шертіп, бала жанын соған тартып тұрса, сондай-ақ ұстаздар мен оқушылардан тұтас ұлттың келбеті, бітім болмысы аңқып тұрса, сол нағыз ұлттық мектеп. Бізде тоғызқұмалақты, қазақша күресті енгізіп, ұлттық мектеп жасадық дейтіндер көп. Ұлттық мектеп құру үшін кешенді жұмыс керек. Яғни оның барлық бағдарламасы ұлттық идеологиямен сабақтасып жатуы керек. Мектеп директоры болып тұрған кезде осыған талпындым. Бірақ құрып үлгермедім. Ал жеке мектебімде көп нәрсе қаражатқа тіреліп тұр.

Ұлттық мектеп құру мәселесінде маған қатты әсер еткені, ағылшындарда 2 ұлттық мектеп бар. Соның біреуінің құрылтайшысына бір тілші «сіздер неге премьер-министр шығарудан жарысасыздар?» деп сұрағанда,  «Жоқ, біз  премьер-министр тәрбиелеумен бәсекелеспейміз, біз балаларымызға «ағылшын арманын орындау» мақсатын қоямыз. Сол арманды орындау жолында премьер-министр боп жатса, оның несі жаман?» деп жауап берген екен. Тура осы сияқты ұлттық мектеп құру да – қазақ арманын жүзеге асырсақ деген талпыныстан туған идея.

– Қалыптасқан ұлттық идео­логиясы жоқ елде сіз айтқан талапқа сай келетін ұлттық мектеп құру мүмкін бе?

– Сіз ұлттық идеология жоғары жақтан төмен қарай қалыптасады деп ойлайсыз. Ал мен керісінше, төменнен жоғары қарай қалыптасады деп ойлаймын. Егер біз ойдағыдай ұлттық мектеп құра алсақ, ұлт ретінде жан-жақты ойлана алатын зия­лы қауым болса, кешегі Алаш қайраткерлеріндей ұлт мүддесін басты орынға қоя алсақ, ұлттық идеологияны қалыптастыра аламыз. Өйткені кейбір нәрсені билік жасамайды, халық жасайды, тарих жасайды.

Кінә кімде?

– Қазір қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде білім беретін мектептер көбейіп келеді. Бірақ неге кейбір ата-­аналар баласын орыс тілді мектепте оқытуға құмар? «Қазақ тілді мектептерде сапа жоқ, орыс тілді немесе аралас мектеп ашыңдар» деп талап қоятын қазақтар да аз емес. Мұның басты себебі неде?

– Қазақы ұғымға жақындатып айтқанда оқушының да «үш жұрты» бар. Ол – отбасы, мектеп және қоғам. Бұрын баланы отбасы тәрбиелесе, қазір бала тәрбиесіндегі қоғам мен телефон, теледидардың тәрбиелік рөлі басым. Бұл арада мектепті, ата-ананы кінәлағанмен, ештеңе өзгермейді. Өйткені мемлекет балаға керекті дүниелерді жасап бере алып жатыр ма, мемлекет ұрпақтарды қазақша оқуға ынталандырып жатыр ма? Сенің балаң қазақ тілінде оқыса, мемлекеттік тілді білсе, мынадай деңгейге жетеді деген мүмкіндік бар ма? Қазақстанда орыс тілін білмей қандай деңгейдегі қызметке баруыңыз мүмкін? Орыс тілін білмесеңіз, министр немесе әкім бола аласыз ба? Жоқ. Ал қазақ тілін білмесең, министр немесе әкім бола аласыз ба? Әрине, бола аласыз. Осыны көріп, біліп отырған халық баласын орыс мектепке немесе аралас мектепке сүйремей қайтеді?! Сондықтан бұл жерде басты кінә – билікте. Оны мойындауымыз керек. Аналар айтқандай, қазақ тілінде білім беретін мектептердің орыс тілді мектептерден оқу сапасы төмен деген де бос сөз. Бірақ олар неге керек емес тілде баласын оқытып, ұрпағын қинайды. Кешіріңіз, олар солай қарайды, қазақ тілі керек емес тіл деп санайды. Тіпті қазақ тілді мектептің де баласы айтады «не үшін керек маған қазақ тілді мектеп?» деп.

– Президент «Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек» деген еді. Қазақ тілі қашан ғылым тіліне айналады деп ойлайсыз?

– Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналған кезде, ол ғылым тіліне айналады. Егер билік 100 пайыз мемлекеттік тілде сөйлеп, іс-қағаздарды 100 пайыз мемлекеттік тілде жасаса, барлық заңды қазақ тілінде қабылдаса, қоғам бір-ақ күнде өзгереді. Абай «көпте ақыл жоқ, ебін тап та билей бер» деген жоқ па?! Ебін таба алмай отырған басты кінә – билікте.

– «Болашақ» бағдарламасымен оқуға баратындардан мемлекеттік тілді білу талап етіліп жатыр. Бұл өз өнімін бере ме?

– Бермейді. Керек емес дүние тез ұмытылып қалады. Егер мемлекеттік қызметке келгісі келетіндерден қазақ тілінен емтихан алып, мемлекеттік тілді білмесең қызмет істей алмайсың десе, онда жағдай өзгеруі мүмкін. Қазір айқай-шумен ештеңе шешілмейді, бәрі заңмен реттеледі. Тіл мәселесін де заңдық тұрғыдан реттеуіміз керек.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button