Басты ақпаратҚоғам

Әке – отбасы тірегі

Астана қаласы Әкелер қауымдастығының төрағасы Бекдайыр Күзембайдың айтуынша, бүгінгі күнде әкенің отбасындағы орны құлдырап бара жатыр. Сол себепті де әкелер институтын дамыту, олардың  отбасындағы рөлін арттыру, дәстүрлі отбасылық негіздерін нығайту,  балаларды бірлесіп тәрбиелеудің, парасатты да саналы әке болудың жолын насихаттау  қолға алынды. Бүгінгі күнде балалар мен әкелердің құқықтарын қорғауда қауымдастық болып құрылып, өзіндей ұлтжанды мүдделестерін біріктіріп, игілікті жұмыстарды атқару үстінде. 

Мұндай қажеттілік неден туындады дегенде, көптеген құндылықтардың кері шегінуі алдымен отбасы институына кері әсерін тигізуде дейді. Бүгінгі әкелер балалары үшін де, жалпы отбасы үшін жауапкершілікті көтеруге дайын емес. Нардың жүгін көтеретін қазақтың азаматтары азайып барады. Кесек тұлғалы, қайсар мінезді әкелеріміздің тәрбиесін көрген орта жастағылар өз ұлдарының бойынан әкелік табиғатты таба алмай дағдаруда. Жалпы әкенің бар сипатын ашатын  «еркектік» бұл нағыз ер адамның бітім-болмысы еді. Аз сөзді, шаруақор, ештеңеден ықпайтын, ұсақ-түйектен биік тұратын. Ақыл-парасатына қарай айналасына қалқа болып, жақындарының өмірлерін қалыпты ететін тұрақтылықтың алтын қазығы екенін ұмытып барамыз дейді.

– Осыдан 12 жыл бұрын басталған Әкелер одағының құрылуына осы мәселелер түрткі болды. Ол кезде қалалық білім беру басқармасының басшысы Әсима Бимендинаның қолдауы­мен және сол жағалаудағы жалғыз мектеп №59 мектеп директорының дабыл қағуының арқасында, әкелер мектеп, бала тәрбиесіне араласып келеді, – дейді Бекдайыр Нығметұлы.

Оқиға былай былай өрбіген. Сол жылдары №59 мектептің оқушыларын сенбілікке алып шығады. Байқаса, 10-11 сынып оқушылары түгелімен күрек  ұстау білмейді. Жер тырмалап көрмеген. Содан дабыл қағып «зіңгіттей жігіт болдыңдар, бес минуттан кейін мектеп бітіріп кетіп барасыңдар, ертең әскери міндетің тағы тұр. Мына түрлеріңмен Отаныңды қалай қорғайсыңдар?» деп сұрақтың астына алады. Осыған дейін еңкейіп көрмеген балалар сөз ұқпайды. Содан ата-аналар жиналысына әкелерін шақырады. Жиынға қоғам, мемлекет қайраткерлерін де шақырыпты. Бұл өте дұрыс, дер кезінде ұйым­дастырылған жиын болады. Нәтижесінде Қуаныш ­Жұматаев деген жас жігіт әкелер тізгінін қолына алады. Былтыр Үкімет қаулысымен маусым айының екінші жексенбісі Әкелер күні болып белгіленді. Әкелер тұғырын көтеру, бала тәрбиесіне әкелердің қатысын белсендіру бұл қозғалыстың басты мақсаты деп танылды.

– Әкелерді мектеп қабырғасына тарту оңай шаруа  емес. Мектепте ата-аналар жиналысы десе әкелері келмейді. Қалалық әкелер қауымдастығы жұмысын  қолға алғанда өзімнің көзім талай жеткен. Осыдан төрт жылдай бұрын  балаларым оқитын сегіз жүзден астам шәкірт білім алатын мектепте әкелер кеңесін ұйымдастырарда осындай шара өткізбекші болдық. Өз есебімізше, жүз шақты жалғызілікті тағы басқадай жағдайлары бар дегеннің өзінде жеті жүздей әке келуі тиіс. Сонда бар-жоғы жеті түйір әке келді. Ал не істейміз? Мұғалімдермен ақылдаса келе, әкелерді мектептегі спорт шараларын өткізу арқылы тарту керек деп шештік. Спорттық шара ретінде әр аптада бір рет  тегін келіп ойнасын деп келістік. Артынан тәтті шәй береміз дедік. Осыдан кейін әкелер мектепке келер жолды тапты. Алдымен он адам, келесі жолы жиырма, отыз адам… Келген әкелерді жұмысқа тартып, тіркей бастадық. Ортақ чат аштық. Қозғалысты қолдаған 120 әкенің өзі дүние­ні дөңгелетіп жіберді. Он мың адамның жұмысын істеп жатыр. Бала тәрбиесіне өте жауап­кершілікпен қарайтын азаматтар топтасты. Ал волейбол ойнау дәстүрімізге айналды. Ұстаздар шәй қояды. Бір күні шәйіңіздің қақысы болсын, не көмек бар дедік. Олар тек қана балаларыңызға ие болыңыз­дар, тәрбие­леңіздер, ұлттық құндылықты бойына сіңіріп, қазақ тіліне қатты мән беріңіздер деп өтінішін айтты. Содан бұл үрдіс елорда мектептеріне тарады. Былтыр әр мектепте әкелер академиясы ашылсын деген министр шешімі шықты. Қаладағы 170-тей білім ордаларының барлығында әкелер кеңесі құрылып, жұмысын жүргізе бастады. Оның бастауында біздің ізгі ниетіміздің болғанына қуанамын.

Яғни, бұл қажеттілік арқылы ер-азаматтың ең алдымен, өз балаларына қатысты тәрбие жұмыстарына араласып, баланың өсу жолындағы   өзгерістерге қарай ықпалын арттырып, кейбір мәселелерді ұтымды шешуде әке беделін жақындата түседі. Осылайша өз рөлін жақсы түсінетін әкелердің тұлғасы қалыптасады. Өздерінің ұл-қыздарының ер-жетіп есейгеніне мән бермейтін, күнделікті тәрбиесіне араласпайтын, өз жауапкершілігіне бей-жай қарайтындардың санын азайтып, тіпті әкелік міндетінен бас тартқысы келетіндерге үлгі болып, оның  жолын көрсетеді. Жауапты әке болуды, оны ­наси­­­хат­таудың қоғамдық қолдау тәжірибесі ерекше маңызға ие екенін де қауымдастық мүшелері  жақсы түсінеді.

– Әкелерді бала тәрбиесіне белсене араласуына шақырар едім. Бірақ алдымен, өзін түземесе баласын түзей алмайды. Баяғыда бір әке сапарға шығып, баласына былай жүр, олай жүр деп көп ескертулер жасапты. Сонда баласы шыдамай: «Әке, өзіңіз байқаңызшы, мен сіздің ізіңізбен келе жатырмын ғой» деген екен. Жақсы әке әрқашанда өзінен бастап, ісі мен сөзіне өте мұқият болуы керек. Сүйікті жарымен, ағайын-туыс, көршісімен сыйласа білсе, ол отбасында үлкен азамат өсіп шығады деп сенемін. «Әкелік», «әке болу міндеті» әншейін әңгіме емес, бұл – «адамға ата-ана ретінде жүктелетін және ұлттық мәдениеттің жүйесі. Отбасы құрылымына негізделген әлеуметтік институт, жауапкершілік пен міндеттер, қажет десеңіз, елдің болашағын түзейтін үлкен сенім мен соған орай талап етілетін жүйенің жиынтығы. Бүгінде ер-азаматтар әкелік міндетті алдымен анасына, сосын балабақшадағы тәрбиешіге, түрлі қоғамдық ұйымдарға одан қалды мектеп мұғалімі тағы сол сияқты тек өзінен басқасына іліп қойды. Әкелік шынайы қамқорлық, имандылыққа, үлкен өмірге баулуда бөтен адам өз әкесіндей бере алмайды.

Үлгілі әке болу аса қиын емес. Өзімнің сыныптасым әрі әкелер қозғалысының белсенді мүшесі «Евразия» жақта тұрады. Айналасы тұрғын үйлер. Демалыс күндері ерінбейді, барлық ауланы аралап шығады. Аулада ойнап жүрген балалардан әкең қайда деп сұрап, бар болса телефонын сұрап, алып сөйлеседі. Баланың жақсы тәрбиелі мінезіне тәнті болса, алғысын айтады. Тентектігін көрсе, әкесіне «келіп қайтыңызшы» деп шақырып алып, қиыс кеткен жерін ескертеді. Бұл да өзіміздің баламыз үшін керек, өйткені  бала ортада да тәрбие алады. Қол боста, демалыс күндері той тойлап жүргенше бір мезгіл аулаға шығып, балаларың кіммен ойнады, кіммен араласып, немен айналысып жүр оны да білуі керек.

Сонымен бірге №72 мектеп-лицейіндегі Қожахметов Шыңғысхан, Әлихан Бөкейхан атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі Қонақбаев Руслан, Зерде мамандандырылған мектептегі Шотбаев Мұхтар және №80 мектеп лицейіндегі Құспеков Жалғас басшылық етіп жүрген Әкелер одағының жұмысы да мақтауға тұрарлық.

Жақсы әкелер түрлі жарыс­тар, жасыл желек отырғызу, жасөспірімдер мен жастармен әскери-спорттық ойындар өткізу сияқты түрлі бұқаралық іс-шаралардың басында жүргені абзал. Бұл олардың есейе келе құмар ойындарға, алкогольдік немесе нашақорлыққа үйір болуының алдын алу немесе жолын кесіп, физикалық және психикалық денсаулығын сақтап, толыққанды азамат болып өсуіне ерекше әсер етеді. Отбасының түтіні түзу ұшып, шаңырақта үйлесім мен бақыт орнауы тұрақтылыққа, балалардың әлеу­меттенуіне де, одан қалды әлеуметтік-психологиялық жағына да ықпалы болып, қоғамда орнын таппағандар саны азаяды.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button