Білім

Оқушылармен бірге ойланады

XXI ғасыр – жаһандану, жаңалықтар ғасыры. Осы процесті жандандырып дамытуда жас ұрпақтың білімі мен біліктілігі орасан зор рөл атқарады. Жаңа заман талабына сай жаңашыл мұғалімдерге сапалы және инновациялық технологияларды меңгерту өзекті. Білім сапасын көтеруде инновациялық технологияларды дұрыс және сауатты қолдану жылдан-жылға күрделі және маңызды мәселеге айналуда. Оқыту барысында озық, тиімді технологиялар іс-тәжірибеге енуде.

Қазақстандағы оқу жүйесіндегі басты жаңалық – мұғалімдердің жаңаша форматта білімін жетілдіру. Бұл – өркениет үдерісі. Ал қазіргі өркениетке ілесетін адам өмір бойы білімге ұмтылуы тиіс. Мұғалімдік тәжірибемдегі мақсатым – оқу мен оқыту процесінде түрлі кедергіні жеңе отырып, алған білімімді саралап, зерделеп, одан әрі толықтырып, нәтижелі білім беруге бағытталған әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану жолдарын іздестіру.

Әдіс – оқу-тәрбие жұмысының алдында тұрған міндеттерді дұрыс орындауда мұғалім мен оқушылардың бірлесіп жұмыс істеу үшін қолданатын тәсілі. Әдіс арқылы мақсатқа жету үшін істелетін жұмыс ретке келтіріледі. Оқыту әдістері танымға қызығушылық туғызып, оқушының ақыл-ойын дамытады, ізденуге, жаңа білімді түсінуге ықпал етеді. Оқытуда ең басты нәрсе – оқушылардың танымдық жұмысы. Оқыту әдістері ең анық фактілерді білуді қамтамасыз етеді, теория мен тәжірибенің арасын жақындатады.

Тәсіл – оқыту әдісінің элементі. Жоспарды хабарлау, оқушылардың зейінін сабаққа аудару, оқушылардың мұғалім көрсеткен іс-қимылдарды қайталауы, ақыл-ой жұмысы тәсілге жатады. Тәсіл оқу материалын түсінуге үлес қосады.

Оқыту әдістерін таңдау, әдетте, сабаққа оқу материалының мазмұнын таңдаған кезде жүреді. Ол дидактикалық мақсатқа, оқушылардың білім, мұғалімнің дайындық деңгейіне байланыс­ты. Әңгіме – оқу материалын ауызша баяндау. А.Байтұрсынов «Сөзден әдемілеп әңгіме шығару өнері үй салу өнеріне ұқсас» дейді. Сөз өнерінің айшықты болуы сөздің дұрыстығына, тілдің анықтығына, дәлдігіне, көркемділігіне, тіл тазалығына байланысты екенін дәлелдеп, алмастыру, кейіптеу, бейнелеу (ұқсату), әсірелеу тәсілдерінің мәнін ашады. Міржақып Дулатов оқытудың баяндау, әңгіме, түсіндіру әдістеріне ерекше мән беріп, тұрмыс-салтқа, әдет-ғұрып­қа байланысты тақырыптарды әсерлі баяндаудың тәсілдерін көрсетіп берді. Ол «баланы толық жауап беруге әдеттендіру керек» дейді. Сөйтіп, оқытушы көркемдеп оқытудың жаңаша жолдарын ұсынып, мұғалімдерден соны іс-әрекеттерді талап етеді. «Балалар дұрыс оқи алмай, қиналған жерде мұғалім өзі оқып, көрсету лайық» дейді.

Әңгімелесу – оқытудың ­диалогтық әдісі. Мұғалім оқушыларға мұқият ойластырылған сұрақтарды жүйелі қою арқылы олардың жаңа оқу материалын меңгеруіне жағдай жасап, бұрын оқылған материалдарды қалай меңгергенін тексереді. Әңгімелесу – дидактикалық әдістің ескі түрі, оны Сократ шебер түрде қолданған, сондықтан әңгімелесу әдісін «Сократ әдісі» деп атайды.

Оқу материалының мазмұны, оқушылардың шығармашылық-танымдық қызметіне қарай дидактикалық процестегі әңгімелесу әдісінің көптеген түрі бар.

Оқуда қолданылатын әңгімелесу түрлері:

Әңгіме-дебат барысында:

1) ой-пікірлерде үлкен алшақтық болады және әрқайсысы өз шешімінде қалады;

2) ресурстарды біріктіруге бағытталған аздаған талпыныс жасалады;

3) қарым-қатынас көбіне «иә, бұл солай», «жоқ, олай емес» деген бағытта жүзеге асады;

4) орта бірлесуден гөрі, көп жағдайда бәсекелестікке бағытталған.

Топтық әңгіме барысында байқалатын жайлар:

1) айтылған пікірлермен тыңдаушылардың әрқайсысы механикалық түрде келісе беруі;

2) әңгіме білім алмасу мақсатында жүргізілгенмен, оған қатысушылардың өзгелер ұсынған қандай да болсын идеяларды төзіммен тыңдауы;

3) идея қайталанады және жасалады, бірақ үнемі мұқият бағалана бермейді.

Зерттеушілік әңгіме жүргізілу үстінде:

1) әркім ақылға қонымды мәлімет ұсынады;

2) әркімнің идеясы пайдалы ретінде бағаланғанмен, мұқият бағалау жүргізіледі;

3) қатысушылар бір-біріне сұрақ қояды;

4) қатысушылар сұрақ қояды және айтқанын дәлелдейді, осылайша әңгімеде дәлелдеме «көрінеді»;

5) топтағы қатысушылар келісімге жетуге тырысады (олар келісімге жетуі де, жетпеуі де мүмкін, ең бастысы – келісімге ұмтылу).

Көптеген талқылау, әдетте, әртүрлі әңгіме түрінен құралады. Ұжымдық түсіну мен білім беруге қол жету аясында табысты талқылауларда әңгімелесудің зерттеушілік түрі басымдыққа ие болады. Зерттеушілік әңгіме барысында оқушылар өз сыныптастарымен шағын топтарда жұмыс істейді. Оларда ортақ проблема болады, бұл мәселе бойынша бірлескен түсінік қалыптасады, идеялармен пікір алмасып, бір-бірінің идеясын талқылайды,баға береді, ұжымдық білім мен түсінік қалыптасады. Басқаша айтқанда, оқушылар бірге ойланады. Шәкірттер зерттеушілік әңгімеге тартылғанда, өз ойын дауыстап айтады; болжамдар ұсынып, талқылайды. Талқылау кезінде олар «мүмкін», «егер», «бәлкім» деген сияқты сөздерді қолданып, өз идеясын дәлелдеу үшін «сондықтан» деген сөзді пайдаланып, топ тарапынан қолдау қажет болғанда «солай емес пе?» деген сұраққа сүйенеді. Осындай сценарий бойынша оқушылар бір-бірін тыңдап, өз жауабын талдайды. Бұлай жұмыс істеген оқушылардың дәлелдері пікір алмасудың нәтижесі болып шығады. Алайда бұл әңгіме олар үшін қалыпты дүние емес, сол себепті мұғалімдер бірігіп істеген жұмыс құндылығын түсінуіне көмектесу керек.

Әңгімелесу әдісінің артық­шылығы:

– ес пен тілді дамытуы;

– оқушылардың оқу-танымдық қызметін белсендетуі;

– оқушылар білімінің белгілі болуы;

– жақсы диагностика құралы;

– үлкен тәрбиелік күші бар.

Әңгімелесу әдісінің кемшілігі:

– уақыттың көп кетуі;

– қауіп элементі бар (оқушы дұрыс жауап бермеуі мүмкін, оны басқа оқушылар естіп, есінде сақтап қалуы мүмкін).

Ойымды қорыта келе айтарым, оқытудағы жаңа әдіс тісілдер арқылы сабақ барысында нәтижелі білімді игерту кепілі екеніне көзім жетті. Яғни оқыту мен оқудағы әдіс-тәсілдерді дұрыс қолдану керегін үйрену және зерттеушілік әңгіме әдісі оқушылардың бірін-бірі толықтырып, өз ойын дәлелдеп және жүйелей, айқындай алатынын түсіндім.

 Айнұр БОКСЕНОВА,

№79 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button