Білім

Ұлт перзентіне арналған көрмелер

Қазақтың біртуар ұлы, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай Астана қаласының кітапханаларында «Дәуір аясындағы портрет», «Әлемге әйгілі Қаныш Сәтбаев», «Ұлтының ұлы перзенті» атты кітап көрмесі қойылды.

Көрмеге қойылған материалдар мен құжаттарда академиктің өмір жолы, қызметі, ғылымға сіңірген еңбегі ретімен таныстырылды. Сәтбаевты Қазақстандағы тарихи оқиғалардың, патшалық Ресейдің бір кездері артта қалған шеткі аймақтарының озық индустриялық-аграрлық республикаға айналғанын көрсететін белсенді қатысушысы ретінде көрсетеді. Мұнда хронологиялық тәртіпте өмірі мен қызмет шежіресі, материалдар жинақтары ұсынылды.

Кітапханалардың оқу залдарында өткен ең қызықты іс-шаралар – №3 көпшілік кітап­ханасының «Тұңғыш қазақ академия­сы» тәрбие сағаты, №4 балалар кітапханасының «Қаныш Сәтбаев – Ұлы даланың ұлы перзенті» атты кеш, «Қазақтың ұлы ғалымы – Қаныш Сәтбаев» атты №2 бұқаралық кітапхананың ашық сабағы. Онда кітапхана қызметкерлері академиктің кітапханалар кітап қорларындағы сақталған бай да қайталанбас эпистолярлық мұрасына сү­йене отырып, Қаныш Имантайұлының ғылым мен білімді насихаттаған ерекше талантын, оның жан-жақты публицистік қызметі туралы әңгімеледі. Сондай-ақ қаламыздың орта мектептеріндегі 10-сынып оқушылары ұйымдас­тырып, оқырмандардың қызығушылығын оятқан іс-шаралар айрықша бағаланды. №8 балалар кітапханасында өткен «Қаныш Сәтбаев – елінің перзенті, Отанының азаматы» атты оқу конференциясы, орталық қалалық аурухананың қызмет көрсету бөлімінің «Қаныш Сәтбаевтың ұлы мұрасы» атты адамгершілік сабағы, орталық балалар мен жасөспірімдер кітап­ханасының «Қазақ археологиясының бәйтерегі» тарих сабағы, №9 көпшілік кітапханасының «Ұлы ғалым феномені» әдеби сабағы, тағы басқа іс-шаралардың тағылымдық мәні зор болды.

Кешке қатысушылар Қаныш Сәтбаевты көрнекті геолог, үлкен жүректі ғалым ретінде ғана емес, өз дәуірінің ірі ойшылы, қоғам қайраткері ретінде таныды. Қаныш Сәтбаевтың еңбек жолы мен өмір жолы – бүгінде өмірін геология, металлургия, тау-кен өнеркәсібі салаларымен байланыстырғысы келетін жастарға үлгі.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button