Білім

Марғұлан мұрасы – ұлт қазынасы

Биыл – ғұмырында қазақтың кең даласын зерттеген, тау-тасына үңіліп, ғылыми дерек-дәйек жинаған ғалым Әлкей Хақанұлы Марғұланның 120 жылдығы. Сондықтан «қазақ археологиясының атасы» мерейтойын қалалық, республикалық деңгейде атап өту – басты мұрат.

Көрнекті қайраткер есімі берілген, отандық білім көшінің алдыңғы қатарынан көрініп жүрген мектебімізде сәуірдің 20-сы күні «Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттың рухани байлығы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Әр өңірден жиылған білікті педагогтар, білім іздеген жастар мен айтары бар ғалымдар бас қосты. Меймандар қатарында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Зейнолла Самашұлы, тарих ғылымдарының докторы Жарас Ақышұлы, Астана қаласы Әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Дидар Дулатұлы және т. б. болды.

Ауқымды іс-шараны жүргізген мектеп директоры Сәуле Амангелдіқызы «қазақ халқының этнографиясын, тарихын терең зерттеп, құнды мұра қалдырған Әлкей Марғұлан есімі уақыт өткен сайын жас ұрпақ, келер толқын жадында жаңғыра береді» деді.

Конференцияға Алматы, Қарағанды, Түркістан және бір кездері Әлкей Марғұлан білім алған байырғы қара шаңырақ, көп жылғы тарихы бар оқу орны – Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж студенттері мен оқытушылары онлайн форматта қатысса, Арқалық қаласынан келіп өз зерттеу жұмысымен бөліскен педагогтар да болды. Ауқымды іс-шара аясында білімін, тәжірибесін көрсете білген ұстаздарға, шәкірттерге, қонақтарға сертификат табысталды. Республикалық деңгейдегі конференция соңы, дәстүрге сай, мектептің әнұраны – «Марғұлан» маршымен түйінделді.

Жұлдыз НАЙМАНБАЕВА,

Астана қаласы Әлкей Марғұлан атындағы №40 мектеп-лицей мұғалімі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button