Басты ақпаратСараптама

Мықтамасаң қоймаңды, тасқын салар ойранды

Елорданы дамыту мәсе­лелері жө­ніндегі ке­ңесте «Астананы сумен қам­тамасыз ету – өте маңыз­ды міндет» деп баса айтқан Мемлекет басшысы «Қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отыр. Су алатын басқа жер жоқ. Бұл өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәт­баев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, 2024 жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек» деген еді.

Ескеретін түйін көп

Елімізде суды жинайтын, сақтайтын, бұратын гидротехника нысанының саны 1,5 мыңнан асады. Оның 405-і – су қоймасы, 250-ге жуығы – дамба, плотина саны 460-тан асады. Соңғы тексеріс нәтижесінде гидротехника құрылысының 500-ден астамы жөндеуді қажет ететіні анықталған.

Артық суды тізгіндеп, аз суды өнімді пайдалануға, қар, жаңбыр суын да кәдеге жаратуға мол мүмкіндік беретін гидротехника нысаны – халық тұрмысын қамтамасыз етудің маңыз­ды кепілі. Еліміздегі көлемді, ірі су қоймаларының дені Кеңес Одағы кезінде салынды, тәуелсіздік алғаннан кейін салынған су қоймалары да бар. Бірақ оның саны саусақпен санарлық қана. Әрине, су қоймасын салу деген асығыс жасайтын іс емес. Оған біраз қаражат кететінін былай қойғанда, оның қауіпсіздігі мәселесі тағы бар. Яғни су қоймасы да екі жүзді қанжар сияқты, жай күнде халықты қарық қылғанмен, апат болса (жарылып кетсе, жер сілкінісінен ақау алса немесе соғыс болса) жұртты ғарық қылатын жасырын қатері де бар. Мәселен, 2010 жылы Қызылағаш су қоймасы жарылып, 251 үй суға кетті, 45 адамның өмірі қиылды. 2014 жылы Қарағанды облысында Көкпекті су бөгеті жарылып, 5 адам мен 300-ден аса мал суға кетті. 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасы жарылғанда, Сыр бойындағы біраз елді сыпырды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, су қоймасы дегеніміз – мемлекеттік маңызы бар стратегиялық нысан. Оның үстіне, су қоймасының көптеп салынуы жер қыртысына, климатқа да өз әсерін тигізеді. Мәселен, Қытай Чаңжияң дариясын бөгеп, Үшқысаң деген жерден алып тоспа салғанда, АҚШ ғалымдары «енді Қытайда жаңбырдан кейінгі су апаты, қуаңшылық жиілей түсуі мүмкін. Өйткені алып су қоймасы экология жүйесінің тепе-тең­дігін біртіндеп өзгерте бастайды» деп тұспал жасаған еді. Айтқаны айдай келді, қазір Чаңжияң дариясының оңтүстігінде жауын-шашын молайса, солтүстігінде құрғақшылық жиілейді.

Су қоймасы да жекенің қолында

«Әр нәрсенің бір қайыры бар» дегендей, биылғы топан су көп өңірді шайып кеткенмен, ағыны құрып, ағары қалған талай өзен қайта жөңкіліп, кебір боп кеткен көп көл қайта толды. Аралдың айырым өңірлеріне қайта су барса, жиегі түріліп бара жатқан Каспийдің суы соңғы 10 жыл ішінде алғаш рет аз да болса артқа шегінді. Жылда түбі ғана жылтырап жататын су қоймалары да ернеуін соғып толды. Бұл да қуанарлық жағдай. Бірақ су қоймасына қатысты мәселе мұнымен шешілген жоқ. Өткен жылдың соңында Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Үкімет басшысының атына сауал жолдап, еліміздегі су нысандарының 333-і республикалық меншікте, 895-і коммуналдық меншікте, 228-і жекеменшікте болса, 22-сі иесіз екенін алға тартып, «Су қоймалары – ең басты стратегиялық нысан. Еліміздегі маңызды су сақтау нысандарының көпшілігі жекешеленіп кеткені бізді қатты алаңдатады. Қаншасының тозығы жетіп тұр, оны нығайту бойынша қандай шаралар қолға алынған, ол жағы да беймәлім. Мемлекеттік жер кадастры базасында табиғи жолмен қалыптасқан көлдер де жер телімі ретінде беріліп кеткен. Сондықтан оларды тез арада мемлекет меншігіне қайтару – кезек күттірмейтін міндет» деп дабыл қаққан еді. Жақында ол Премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына тағы да сауал жолдап, су қоймаларын басқару ісіндегі былықтарды атады. Сергеев, Ворошилов су қоймаларына, Ақсай бөгетіне қатысты мәселелерге жеке-жеке тоқталған депутат «Су қоймаларының тағдырын мафия шешіп отыр» деді. Мемлекеттік маңызды нысан саналатын су қоймалары жекелерге қалай берілген? Неге әлдекімдер «су иесі – Сүлеймен» болғысы келеді? Ол жағы мүлдем күңгірт.

10 жылдан бері орындалмады

Су қоймасын салу мәселесі биыл ғана есімізге түсіп отырған жоқ. Нақ­тысын айтсақ, айта-айта тіл тозып, тіс мұжылған әңгіме. Мәселен, 2014 жылы ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары Болат Бекнияз «Қазақстанда еріген қар суын жинайтын 30 су қоймасы салынады» деп мәлімдесе, 2017 жылы билік Қазақстанда су жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін еліміздің 7 облысында 22 су қоймасын салу жоспарланып отыр­ғанын, оның жалпы құны 57,2 млрд теңгені құрайтынына дейін айтып: «Құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс» деп нық сеніммен жария салған еді. Сондай-ақ 2015 жылы гидротехника құрылымдарына 11 миллиард теңге бөлу қарастырылғаны да БАҚ беттерінде жарияланған. 2021 жылы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев «еліміздің 9 өңірінде жалпы көлемі 3,6 млрд куб км болатын 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланған» деп мәлімдесе, 2022 жылы Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Серік Қожаниязов «Қосымша су көлемін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін су қоры 1,7 текше шақырымды құрайтын 9 жаңа су қоймасы салынады» деп тағы дәмелендірді. Ал өткен жылдың желтоқсан айында Үкіметте өткен су кеңесінің отырысында «Көрші елдерге тәуелді болмас үшін Қазақстанда 20 жаңа су қоймасы салынады» деген ақпарат тарады. Аталған құжатқа сәйкес, 2024 жылы 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 су қоймасының құрылысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу көзделген. «Кешенді жоспарды іске асыру су ресурстары мен суармалы жер көлемін ұлғайтып, 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп жұртты көже буаз қылды да тастады. Бірақ осы уәделер орындалды ма, 10 жыл ішінде айтылған 120 су қоймасы салынды ма, қанша су қоймасы күрделі жөндеуден өтті – ол жағы белгісіз. 120 су қоймасының қаншауы салынып жатыр деген мәселе жөнінде бірде-бір адам мәлімет бермейді. Керісінше, су қоймасын салу деген әншейін жиналыста жоғары жақты бас изетіп, жұртты алдаусырату үшін айта салатын бос сөз сияқты. Егер биыл еліміздің 11 өңірін су басып, кейбір көне тоспалар жарылып кетпегенде, 10 жыл айтылған бос уәде қашанға дейін жалғасар еді?! Бір қызығы, бұл уәде биыл да қайталанып жатыр. Атап айтқанда, еліміздің көп өңірін топан су басып, халық қарғын суға ғарық болып жатқанда, «Қазақстанда ауқымды су тасқынынан кейін 57 жаңа су қоймасы салынады» деген хабарды көріп, не қуанарымызды, не жыларымызды білмей қалдық. Нақтылап айтсақ, 2024 жылғы 11 сәуірде ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елді мекендерді су басудан қорғау және тасқын суды жинау үшін 20 су қоймасын салу жұмысына кіріскенін хабарлап, тұжырымдамада көзделген 20 жаңа су қоймасын салу жөніндегі жоспар мен басқа да кешенді іс-шаралар өзгермейтінін, министрліктің әр өңірдің әкімдіктерімен 57 жаңа су қоймасын салуды көздейтін кешенді жоспар әзірлегенін айрықша атап өтті. Демек, биылғымен қосқанда 10 жылда саламыз деген су қоймасының саны 177-ге жетті. 10 жыл бойы айтылған «ертегі» әлі жалғаса ма, жоқ енді шынайы іске кірісе ме – оны алдағы уақыт көрсетеді.

Айта кететін тағы бір мәселе, 2021 жылғы мониторинг нәтижесіне сәйкес, Қазақстанда ірі 36 су нысаны нормативтен тыс ластануға байланысты бұдан былай ішу үшін де, тіпті шаруа­шылыққа да жарамсыз деп танылған. Оның сыртында климаттың өзгерісі мен су көзіне көңіл бөлу жағындағы немқұрайдылыққа байланысты қанша өзен тартылды, қанша көл құрыды, қанша су көзі әлі де ластанып жатыр деген мәселеге назар аударып, қарқынды жұмыс істеп жатқандар сирек. Мәселен, Бурабай маңындағы бір көлдің суы түгелдей жап-жасыл боп түсі өзгеріп кеткен. Неге, не себепті өзгерді деп сол мәселеге назар аударып жатқан ешкім жоқ. Егер жаңадан құрылған ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі осы мәселелерге баса назар аудармай, бұрынғылар сияқты бос сөз, құр уәдемен күн өткізіп, жыл айналдырса, онда елімізде су тапшылығы мәселесі күн сайын ауласып, көктем сайын көлкіген судан көз ашпайтынымыз анық.

Биыл да біраз уәде берілді

Мемлекет басшысының тапсыр­масы бойынша Қазақстанның су ресурс­тары және ирригация министр­лігі су ресурстарын басқару жүйе­сін дамыту тұжырымдамасының ереже­лерін қайта қарайды. Өйткені 1 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев 2030 жылға дейін су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың Үкімет бекіткен тұжырым­дамасын қатаң сынға алды. Президенттің пікірінше, оны іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары су тасқынынан болатын залалдың алдын алу және азайту мәселесін кешенді шешуге мүмкіндік бермейтін декларативтік сипатта.

Су қоймасы туралы жасалған жос­парлар да естіген жан еміренетіндей керемет! Бірақ «өтірікшінің шын сөзі зая» дегендей, тағы да орындалмай қалмай ма деген сұрақ көңілді күпті қылады. Мәселен, биыл 11 облыста 5 жаңа су қоймасының құрылысы басталады. Бұл суармалы жерлердің ауданын 250 мың гектарға ұлғайтады және 137 мың адам тұратын 70 елді мекен үшін су басу қаупін азайтады. Сонымен бірге жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасы қайта жаңартылады. Бұл 70 мың халқы бар 64 елді мекен үшін су басу қаупін азайтуға және 74 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуге серпін береді. Солай болғай! Ең бастысы, 10 жылдық уәде сияқты орындалмай қалмаса болғаны.

Еліміздегі ірі өзендер саналатын Ер­тіс, Іле, Тобыл, Талас, Сырдария, Жайық өзендерінің бәрінің жоғарғы ағысына ірі дамба, су қоймасы салынған. Мәселен, Ертісті бұрған Қытай 365 бөгеуін ағытса, Қазақстанның шығыс өңірін шайып кетеді. Жайық өзеніне салынған тоспа жарылса, қазақ елі топан судың астында қалады. Демек, су қоймасын салу жұмысы мемлекеттік стратегиялық қауіпсіздік тұрғысынан ойластырылуы керек. Сондай-ақ салынатын су қоймалары электр энергиясын өндіруге қауқарлы болса, онда біз екі алып биге шығар едік. Мәселен, Америка Құрама Штаттары – әлемдегі су бөгеті саны бойынша Қытайдан кейінгі 2-орында тұрған мемлекет. АҚШ армиясы инженерлер корпусының статистикасына сәйкес, Америка Құрама Штаттарында тым кішкентай гидроэнергетика жобасын қамтымайтын 79000-дай бөгет бар, оның ішінде 2500-ге жуық бөгет электр энергиясын өндіруге қауқарлы. Елімізде су да, электр энергиясы да жетіспей жатқанын ескерсек, бұл – біз ескеретін тәжірибе.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button