Басты ақпаратМәслихат

Мәслихат мектебі – өмірімнің ең қымбат кезеңі

Астаналық алтын дәрігер Надежда Петухованы білмейтін адам кемде-кем. Сонау 1977 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық институтын бітірген соң еңбек жолын қалалық балалар ауруханасында педиатр-дәрігер болып бастап, Мәжіліс депутатына дейін адал еңбегімен көтерілді. Өмірінің 24 жылын (1988-2012) Астана қаласындағы №1 балалар ауруханасын аяқтан тұрғызуға, дамытуға арнады. Ол – үш мәрте Астана қалалық мәслихатының депутаты болып, мәслихат мектебінен Мәжіліс депутаты дәрежесіне жеткен жігерлі жан. Астана қаласының құрметті азаматы. «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері. Жоғары санаттағы дәрігер, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері. Надежда Михайловнамен Amanat партиясының қалалық кеңсесінің ғимаратындағы жиналыстардың бірінен кейін жүздестік. Жасы 70-тен асса да, елорда медицинасының дамуына үлесімді қоссам деп, тыным таппай жүрген бақытты адаммен мәслихаттың тарихы, елорданың қалыптасуы, адам мен ел бақыты туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрдық.

Елорда құрылысының бастауында тұрды

 – Надежда Михайловна, сіз Астана қаласының үш шақырылымында бірдей (1999-2003; 2003-2007; 2009-2012) мәслихат депутаты болдыңыз. Тура 25 жылға артқа шегініс жасап, елорданың Астанаға көшкен кезеңіне оралайықшы. Сіздер, алғашқы мәслихат депутаттары елорда құрылысының бастауында тұрдыңыздар ғой.

– Иә, дұрыс айтасыз. 1999 жылы 10-24 қазанда Астана қаласының екінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. 25 сайлау округінен 147 үміткер ұсынылды. 37 үміткер саяси партиялардың өкілдері болды. Соның ішінде екінші шақырылымға сайланған 25 депутаттың қатарында 7 әйел, 18 ер адам болды, 10 депутат «Отан» республикалық саяси партиясының мүшелері едік. Әлі есімде, 25 депутаттың ішінде 5-еуі – дәрігер, 3-еуі – педагог, 12-сі коммерциялық құрылымдардың жұмысшылары болды. Екінші шақырылымдағы депутаттардың қызметі жас астананың белсенді құрылысының кезеңімен, экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізумен тұспа-тұс келді. Елорда құрылысының бастауында тұрдық. Сол кездегі сессияларда астананы абаттандыру, тұрғын үй құрылысы, жолдарды жөндеу, тиісті инфрақұрылымды әзірлеу мәселелерін шешумен айналыстық. Тарихи оқиғаның бірі – Астана қаласы мәслихатының 2001 жылғы 23 мамырдағы шешімімен жапон сәулетшісі Кисе Куракаваның басшылығымен жапон халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі агенттік зерттеушілер тобы жасаған Астана қаласын дамытудың бас жоспары мақұлданып, бекітілді. Біз ол кезеңде елорда тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға, астаналықтардың әл-ауқатының деңгейін арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық бағдарламаларды бекіттік. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі бағдарламалар өте маңызды болатын. Ең алдымен мектептер, ауруханалар және әлеуметтік мекемелер салу қажет еді. Соның бәріне куә болдық. Мысалы, 1999 жылы Көкталда (ол кезде Киров совхозы) қарттар үйі салынды. Ол кезде қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып жұмыс істедім. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейі төмен еді. Сол себептен, халықтың өмір сүру жағдайларын жақсарту туралы талабы жоғары болды. Мәслихат депутаты болуға адамдардың құлығы да, ықыласы да жоқ еді. Тіпті депутат дегеннің кім екенін, не істейтінін де білмедік. Бір өкінішті жағдай, қазір жұрттың көпшілігі мәслихатқа, Мәжіліске депутат болуға ұмтылады. Олардың барлығы лайықты емес, әрине. Сонда да жанталасады. Алдымен бір партиядан үміткер болады, одан өтпейді. Екінші бір партияға мүше болып, тағы бағын сынап, өте алмайды. Одан үшінші партияға барады. Олардың ойы – қалай болса да Парламентке депутат болу. Менің ойымша, мұндай саясаттың, елдік мүдденің жолына түсу үшін әр адамның қандай да бір идеологиялық тұғырнамасы болуы керек. Содан кейін депутат болып сайланған адам өз міндеттерін мүлтіксіз орындап, халыққа берген уәдесінде тұруы тиіс.

– Ал сіз қалай депутат болып сайландыңыз? Ауруханадағы қызметкерлеріңіз ғана дауыс берді ме? Әлде аурухананың емделушілері сізді танитын ба еді?

– Ол кездегі мен басқарған көпбейінді аурухананың аумағы да үлкен болатын. Құрамына 7 емхана, 2 стационар, сүт өнімдерінің асханасы, реабилитация орталығы кіретін. Мекемеде 1200 қызметкер еңбек етті. Ол жылдарда қаражат тапшы болғандықтан, жұмысшылар уақытында жалақы алмайтын, ауруханада дәрі-дәрмек, жұмсақ жиһаз, құрал-жабдық жетіспейтін-ді. Жоқшылық пен тапшылық жұмысымызды қиындатқанымен, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Тіпті маған депутат болуға ұсыныс жасалғанда сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысын жүргізбедім. Өйткені менің қолым бос болмады, күнделікті нау­қастарды емдеу, аурухананы қиыншылықтан шығару деген нәрселерге бірінші кезекте көңіл бөлдім. Партияға мүше болғанымнан ұсыныстан бас тарта алмадым. Кейінірек көзімнің анық жеткені, өз кәсібіңді жетік меңгерсең, кәсіби шеберлігің мен өз ісіңе деген сүйіспеншілігің бір арнаға тоғысқанда ғана жақсы бір нәтижеге жете алатының анық. Мұндай жетістік қандай да бір қоғамдық жұмыспен айналысатын кезде немесе жергілікті өкілетті құрылымға заңнамалық жұмысқа барған кезде өте маңызды рөл ойнайтынын басымнан кештім.

Депутаттар белсенді болды

– Надежда Михайловна, сіз үш шақырылымда әртүрлі әкімдермен жұмыс істедіңіз. Қала басшыларының депутат беделін, мәртебесін көтеруге ықыласы қандай болды?

– Орынды сұрақ қойдыңыз. Астананың алғашқы әкімі Әділбек Жақсыбековтен бастап барлық әкімдер мәслихат депутаттарының беделін, мәртебесін көтеруге атсалысты. Мысалы, мәслихат депутаттары қаланы абаттандыру, тұрғын үйлерді бөлу, жер учаскелерін бөлу сияқты барлық құзыретті комиссиялардың жұмысына қатысатын болды.

– Ал үшінші шақырылым­дағы мәслихат несімен есіңізде қалды? Егер жаңылмасам, 2004 жылы «Жергілікті мемлекеттік басқару туралы» заң қабылданды емес пе? Бұл заңның депутаттық корпусқа қандай да бір жағымды әсері болды ма?

– 2003 жылы 20 қыркүйек – 12 қазан аралығында Астана қаласы үшінші шақырылымдағы мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. 25 сайлау округінен үміткер болған 177 адамның 54-і саяси партиялардың мүшелері болды. 117 адам өзін-өзі ұсынды. Сайланған 25 адамның 12-сі – бұрынғы шақырылымның депутаттары. Сіз тілге тиек еткен заңға енгізілген түзетулер мәслихаттың өкілеттігін нақтылай түсті. Депутаттық корпусқа жергілікті өзін-өзі басқару саласындағы күрделі мәселелерді шешуге қосымша мүмкіндіктер пайда болды. Ең бастысы, астаналықтар депутаттардың көмегіне белсенді түрде жүгініп, өз мұң-мұқтажын ашық айта бастады. Біздің қаладағы ішкі саяси тұрақтылық пен ұлт бірлігі, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті нығайту бағдарламаларының орындалуына бақылау жасау құзыретіміз кеңейді. Осы шақырылымда бірқатар маңыз­ды бағдарламалар бекітілді. Олардың қатарында: 2005-2007 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысын дамытуға арналған бағдарлама, Астанада қоғамдық тәртіп пен құқықтық мәдениетті қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама бар. Сондай-ақ елордадағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету ережесі, абаттандыру, санитарлық жабдықтау, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және Астана аумағында тазалықты қамтамасыз ету қағидалары, жасыл көшеттерді күтіп ұстау мен қорғау қағидалары бекітілді. Жалпы алғанда, осы шақырылымдағы 51-сессияда 413 мәселе қаралды. Елорданы
әлеуметтік-экономикалық жағынан дамытуға арналған 33 өңірлік бағдарлама бекітілді. Тағы бір тарихи шешім, Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатының 2008 жылғы 7 желтоқсандағы бірлескене шешімімен 6 шілде – Астана күні болып белгіленді. Мұның бәрі қазір тарих болып отыр.

Қаралатын мәселенің бәрі өзекті

– Қалалық мәслихатта қыз­мет еткен жылдарыңыз, айларыңыз бен күндеріңіз сіз үшін бақытты шақтарға толы кезең бе, әлде, өміріңіздегі қиыншылығы көп қайтып оралғыңыз келмейтін кезең бе?

– Әрине, бұл жылдарда мен сияқты қаншама адамның елге, елордаға сіңірген еңбегі, жұмысының қолтаңбасы бар. Бұл бір ғана адамның қолынан келетін іс емес. Десек те мәслихат мектебі менің өмірімнің ең қымбат кезеңі дер едім. Бұл – тек саяси ғана мектеп емес, сондай-ақ адамдарды танып-білудің, қарапайым халықпен дұрыс, шынайы қарым-қатынас жасауды үйренудің үлкен мектебі. Адами бақытымды осы қаладан таптым. Ол – өзім сияқты адамдармен арадағы ізгі қарым-қатынас, достық сезім. Бір ғана мысал айтайын. Өзім қарапайым тұрғындарды қабылдаған кезде денсаулық сақтау саласына қатысты қаншама түйткілдерді, мәселелерді көзіммен көрдім. Сол себептен адамдар шағымданып, өзінің хал-ахуалын түсінеді және көмектеседі деп үмітпен алдыма келіп тұрғанда бірден сол мәселені шешетін іс-әрекеттерге көшетінмін. Өйткені министрлердің бұйрығы барлық өзекті мәселені шешпейді. Керісінше, жергілікті жерлердегі түйткілдерді сол өңірден депутат болып сайланған, халық сенім артқан адамдар тез шешеді. Осыған толық көзім жетті.

– Сіз мәслихатта жиып-терген мол тәжірибеңізбен Мәжіліске де депутат болып сайланып, 4 жыл жоғары заң шығарушы органда қызмет еттіңіз. Мәслихат мектебі сізге кәсіби маман, білікті дәрігер, халықтың сенімді өкілі ретінде өсуіңізге не берді?

– Бір жайшылықта назар аудармайтын нәрселер бар. Мысалы, мәслихатта қаралатын мәселенің бәрі өзекті. Мен мәслихат депутаты ретінде халықты қабылдаған кезде адамдар кабинетіме кіре алмай, ұзын-сонар кезекке тұратын. Тіпті көп күтуге шыдамы таусылғандар: «Петухова қайда?» деп айқайлайтын-ды. «Осы сені неге жұрт көп іздейді?», «Басқа депутаттарға неге жазылмайды?» деп сұрағандарда: «Өйткені мен жергілікті тұрғынмын» деп жымиып жауап беретінмін. Расында да, маған арыз-шағымымен келген адамдардың мәселесін тезірек шешу үшін, үстелімде тұрған телефон тұтқасын көтеріп, құзырлы басқарма басшысына хабарласып, лезде жауабын айтатынмын. Жергілікті басқармалардың басшылары мені жақсы танитындықтан, әр сұрағыма жауап беріп, тіпті болмай жатса, бір аптада шешімін жеткізетін. Мұның бәрі – өмірлік тәжірибемен келетін құрмет. Осындай жергілікті жерде шынығып, жан-жақты дамып-жетілген адам жоғары тұрған заң шығаруға органға барса, оңай игеріп әкетеді. Меніңше, Парламентке депутат болып сайланатын адамдар әуелі жергілікті жерден тәжірибе жинақтағаны абзал. Мұндай тәжірибе өсуге мүмкіндік береді. 30 жылда қалалық мәслихат кәсіби жағынан толық жетілудің, өсіп-өркендеудің жолымен жүріп өтті. Қыруар жұмыс атқарылды. Өз басым алғашқы шақырылымдарда мәслихатта қалыптасқан ізгі дәстүрлер сақталғанын қалаймын. Барлық әріптестерімді, астаналықтарды мәслихаттың 30 жылдығымен құттықтаймын! Еліміз аман болып, елордамыз көркейе берсін!

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button