Денсаулық

Адам папилломасы вирусының қаупі

Астанадағы №10 емханада 11 жастағы қыз­дарға адам папилломасы вирусына қарсы вак­цинаны салу маңызы туралы арнайы екі күндік ­семинар-тренинг өтті.

Іс-шара қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы және қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен өтіп, оған екі мекеменің және емхананың дәрігерлері қатысты. Адам папилломавирусы (АПВ) – тері мен шырышты қабаттардың эпителийіне әсер ететін өте кең таралған вирустар тобы. Оның 14 түрі онкогенді, яғни онкологияның дамуына әкеледі. Көптеген адамды бұл ауру алаңдатпайды, бірақ кейбір папилломавирустар сүйелге немесе қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Жатыр мойны обырының дамуы әйелдің адам папилломавирусын жұқтыруымен байланысты, бұл туралы көптеген ғылыми дәлел бар. ДДҰ мәліметі бойынша 95 пайыздан астам жағдайда жатыр мойны обырын адам папилломавирусы тудырады. Жатыр мойны обырының 70 пайызы АПВ-ның екі түрлі вирус штамынан туындайды.

Әлемде жыл сайын 600 мың әйелде жатыр мойны обыры анықталады және содан 340 мың әйел қайтыс болады. Ал Қазақстанда жатыр мойны обырының 1600-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі, бұл аурудан 500-ден астам әйел қайтыс болады. Елімізде әйелдерде онкология ауруының таралуы бо­йынша жатыр мойны обыры сүт безі обырынан кейінгі екінші орында тұр. Папиллома вирусы адамнан адамға тұрмыстық байланыс және жыныстық қатынас арқылы берілуі мүмкін.

Қазақстанда 2024 жылдың ІІІ тоқсанынан бастап қыздарды вакцинациялау жоспарлануда. Адам папилломавирусына қарсы вакцина ұлттық егу күнтізбесіне енгізіледі, вакцинация 11 жастағы қыздарға балаларды вакцинациялауға ата-анасының келісімін алғаннан ке­йін жүргізіледі. Бұл жас ДДҰ, онкологтардың ұсынысына сәйкес таңдалды, себебі 11-14 жас аралығындағы иммундау ересек жасқа қарағанда тиімді, тұрақты иммунитет қалыптасады. Әлемде бұл вакцинаға сұраныс өте жоғары. Бүгінгі таңда 125-тен астам ел ұлттық вакцинация күнтізбесіне осы вакцинация­ны енгізді. Орталық Азия елдері бойынша көршілес Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түрікменстан АПВ қарсы вакцинацияны енгізген.

Астаналық дәрігерлер осындай ақпарат келтіріп, ауруға қарсы вакцинаны алу маңызына тоқталды. Атап айтқанда, Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы директорының орынбасары Гүлназ Досмырзаева, қалалық санитарлық-эпидемиология­лық бақылау департаменті директорының орынбасары Жанна Пралиева, №9 қалалық емхана директорының орынбасары Дана Сәбитқызы және басқа да медицина ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдері баяндама жасады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button