Елорда тынысы

Әлмұқан әлемін әспеттеді

Астана қаласының Мемлекеттік архивінде Ақмоладан шыққан Екінші дүниежүзілік соғыс батырларының бірі, «Даңқ» орденінің толық иегері Әлмұқан Сембиновтің 100 жылдығына орай «Ерлігі ұрпаққа ұран» атты дөңгелек үстел отырысы мен елорда архиві қорындағы батырдың фотосуреттері мен құжаттары көрмесі өтті.

Жиынды ашқан қалалық архив директоры Жангелді Бимолдин аталмыш іс-шараның мән-маңызына тоқталып, Әлмұқан Сембинов сынды батырлардың ерлігі ұрпаққа отаншылдықтың үлгісіндей болып, әлі күнге дейін ел жадында екенін атап өтті. Сонымен қатар биыл Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен Халық Қаһарманы Рахымжан ­Қошқарбаевтың да 100 жылдығы екенін еске салды.

«Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев әр сөзінде Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлерін құрметтеуді айтады. Бүгінгі іс-шараны Президент саясатын қолдау ретінде өткізіп отырмыз. Келесі жылы Жеңістің 80 жылдығына орай Әлмұқан Сембинов туралы жеке жинақ шығаруды жоспарлап қойдық» деді Жангелді Бимолдин.

Қорғаныс министрлігі Орталық ұлттық қорғаныс университетінің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Асқар Макипов Әлмұқан Сембиновтің өмір жолына тоқталды. Ақмола облысында туған Әлмұқан Оспанұлы соғысқа 18 жас­ты толтырмай отырып, 1942 жылдың ақпанында аттанды. Соғыс қимылдарына 1943 жылдан бастап қатысты. 1 және 3-Беларусь майдандарында, 1210-атқыштар полкінің 362-Қызыл тулы, Суворов орденді дивизия құрамында жаумен шайқасты. Қарапайым барлаушыдан барлау взводының командирі дәрежесіне дейін жетті. Соғыстан кейін Ақмолаға оралып, қалалық партия комитетінде еңбектеніп, қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Ақмола – Павлодар теміржолы құрылысы бөлім басшысының орынбасары, құрылыс техникумының директоры болып, Көлік жолдары министрлігінің оқу комбинатын басқарды. Бейбіт өмірдегі еңбегі үшін «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Целиноград қаласының Құрметті азаматы атанып, қалада оның атына көше берілді.

Астана қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев дөңгелек үстел отырысының тәрбиелік мәні туралы айтып өтті. Жиынға Әлмұқан Сембиновтің туысқандары мен ұрпақтары да қатысты. Батырдың туған қарындысы Мария Сембинованың қызы Бақыт Алтаева нағашысы туралы анасының айтуынан ғана білетінін, себебі ол өмірден өткенде кішкентай бала болғанын жеткізді. Батырдың отбасына тоқталды.

Әлмұқан Сембиновтің Римма, Фатима және Ирина атты үш қызы болған. Үшеуі де өмірден өтіп кетті. Өкініштісі, батырдың кіндігінен ұл өрбімеді.

Батырдың үлкен қызы Риммадан туған немересі Руслана Клименко атасы аңшылыққа, балық аулауға құмар болғанын, өзін кішкентайында аң аулауға апарғанын айтып өтіп, әжесі мен атасы арасындағы махаббатқа, сыйластыққа тоқталды.

«Атам өте мейірімді жан еді. Қолы ашық болып, жан адамнан ештеңесін аямай, қамқорлық танытатын. Мәскеу­дегі Иілу тауында (Поклонная гора) мемориалдық тақта бар. Атамның да есімі онда қашап жазылған» деді немересі.

Астана қаласы Қорғаныс істері департаменті өкілі, запастағы полковник Ғани Артықов өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тоқталып, департамент тарапынан Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелеріне орай алда ұйымдастырылатын іс-шараларға тоқталды. Жиынға басқа да қатысушылар мәнді, мағыналы әңгіме өрбітті.

Отырыста Әлмұқан Сембинов есімін елдің есінде мәңгі қалдыру мақсатында бірқатар ұсыныстар айтылды. Соның ішінде Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының мүшесі Амангелді Әшіров Әлмұқан Сембинов атында медаль тағайындауды, бюст орнатуды, қаладағы құрылыс техникумының алғашқы директоры болғанын ескеріп, елордадағы политехникалық колледжге атын беруді ұсынды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button