Денсаулық

Тілге құрмет көрсететін дәрігер

Қазақстанда туып, өмір сүріп, мемлекеттік тілді білмеу – сол елге құрмет көрсетпеу. Астанадағы №9 емханада гинеколог болып еңбек ететін украин ұлтының өкілі Ксения Гурина осылай деп санайды. Өзі Арқалықта дүниеге келген ол бала кезден қазақ тілін жетік біліп өскен. Соның арқасында ол қазір кез келген науқасқа екі тілде де қызмет көрсете береді.

29 жастағы жас дәрігер қазақша анық, қатесіз сөйлейді. Осы ретте ол ауылында қазақ тілінен сабақ берген Айзада апайына талапшылдығы үшін алғыс білдіреді. Қазір алдына келген кейбір әйелдер ойын орысша жеткізе алмай жатса, мемлекеттік тілде сөйлесіп кетеді.

– Қазақша тіл білуім орташа деңгейде. Көп адамдарды, әрине, таңғалдырады. Бірақ оған таңғалатын ештеңесі жоқ деп санаймын. Себебі Қазақстанда туып, өскен соң мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың міндеті. Сөйлегенде қатем болса, айтуын сұраймын айналамнан. Үйренуден еш қымсынбаймын. 2013 жылдан бері Астанадамын. Сол жылы медицина университетіне оқуға түсіп, 2020 жылы бітірдім. Мектепте биология, химия пәндерін жақсы көретінмін және дәрігер болуды армандадым. Сол арманыма қол жеткізіп, елордада №2 емханада еңбек жолымды бастадым. 2022 жылдан бастап осы емханадамын. Жұмысым өзіме ұнайды. Менде тіркеуде 160-тан аса жүкті әйел бар. Бір күнде орташа есеппен 25-30 әйел, кейде 40 адамға дейін қаралуға келеді, – дейді гинеколог дәрігер.

Жыл сайын адамдар дәрігерлердің шақыртуымен емханаларда скринингтерден өтеді. Медицина қарыштап дамып, бір орнында тұрмайды. «Болашақта көптеген ауруларды жеңеміз! Халқымыз­дың салауатты, дені сау болуы үшін денсаулық сақтау саласымен бірге адамдардың өзінің де ой-санасы дамып, өз денсаулығына жауап­ты болу деңгейі де артуы керек. Атап айтқанда, дұрыс тамақтану, спортпен айналысу, медициналық тексеруден уақытында жиі өтіп отыру – көптеген аурулардың алдын алып, адам өмірін ұзартады. Біз өз ұрпақтарымыз­ға осындай сауатты әрекеттерімізбен үлгі болсақ» дейді дәрігер.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button