Ел тынысы

Журналистер экологиялық акцияға үлес қосты

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты ауқымды экологиялық акциясына журналистер де қолдау көрсетті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің студенттері мен «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің қызметкерлері «Журналистер аллеясында» тазалық іс-шарасын ұйымдастырды.

Ұйымдастырушылар жалпыұлттық акцияға үлес қосып, аллея аумағын тазалап, ретке келтіріп қою басты мақсаттары екенін айтты.

«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің шемімімен «Журналистер аллеясын» тазартып, әрі тамашалап қайтайық» деген ниет болды. Бұл факультетіміздің туған күнімен де тұспа-тұс келіп отыр. Факультетіміз 5 мамыр күні ашылған болатын. Осы бастамамызды кафедра меңгерушілері, оқытушылар, студенттер және 12 басылымның басын біріктірген «Қазақ газеттері» серіктестігі қолдап, оның ішінде «Егемен Қазақстан» газеті де бізбен бірге тазалық акциясына қатысып жатыр, – деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор Қайрат Сақ.

Экоакция қатысушылары іс-шараның символикалық мән-маңызына да тоқталып өтті.

«Осы жерде өтіп жатқан тазалық акциясының символикалық мәні бар. Өйткені бұл жер тек қана Журналистер аллеясы емес, «Егемен Қазақстан» газеті көшесі. Астанада ақпарат құралдарының атына берілген екі көше болса, соның біреуі – осы. Ал екіншісі «Қазақ радиосы» көшесі екенін білесіздер. Мұның тазалық қана емес, мағыналық мәні бар іс-шара деуге болады. «Тазалық бар жерде адамның жаны таза, ауласы тазаның ауасы таза» деп жатады. Сондықтан бұл – тазалыққа, үлкенді сыйлауға шақыратын акция, – деді «Егемен Қазақстан» газетінің шеф-редакторы Қуат Әуесбай.

Осы апта «Өнегелі ұрпақ» деп аталады және ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналған.

Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button