Басты ақпаратЕл тынысы

Құрылыс – елорда экономикасының драйвері

Астана қаласында 2023 жылдың басында 16 проблемалық нысан болса, соған қаражат салған 4 мыңнан аса салымшылардың 90 пайызы баспанасын алды.

Кезекке қою ашық болсын

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов тұрғын үй құрылысы және проблемалық нысандар құрылысын аяқтау мәселесі бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ бірқатар өңірлер әкімдерінің, соның ішінде Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдады.

Олжас Бектенов Үкімет алдына биыл тұрғын үй құрылысына қатысты көптеген маңызды міндеттер қойылғанын атап өтті. Бұл – рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үйді тапсыру, Мемлекет басшысының жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу туралы тапсырмасын жүзеге асыру, сондай-ақ үлестік құрылыс пен заңсыз құрылыс­тың қордаланып қалған проблемаларын түпкілікті шешу.

Үкімет басшысы қазіргі уақытта 650 мыңнан астам адам үй кезегінде тұрғанын атап өтті. 2023 жылы өңірлер әкімдіктері тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш берушілердің талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша жұмыстарын бастады. Мысалы, Ақмола облысында баспана кезегінде тұрғандардың ішінде талаптарды бұзған 16 мыңға жуық азамат, Шымкент қаласында 36 мыңнан астам адам анықталды. Бірақ, олардың аз ғана бөлігі кезектен шығарылған.

Олжас Бектенов әкімдіктерге тізімдерді бірінші жартыжылдықтың соңына дейін өзектендіруді және тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуына мониторинг жүргізуді тапсырды. «Барлық әкімдіктер осы тізімдерді қайта қарап, жұмысты І жартыжылдықтың соңына дейін аяқтауы қажет. Бәрі белгіленген ережеге сай болуға тиіс. Кезекке қабылдауды ашық әрі бәріне түсінікті етіп жасау керек. Сондай-ақ тізімге енгізілген адамдарға нақты мониторинг жүргізілуге тиіс» деп тапсырма берді О.Бектенов.

Заңсыз құрылысқа жауапкершілік күшейеді

Премьер-министр жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу және жылжымайтын мүлікке сұранысты ынталандыру үшін жалға берілетін тұрғын үй тетігін іске асыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Президент Үкіметтің алдына қойған міндеттерді орындау аясында биылғы 1 наурыздан бастап «Отбасы банкі» «Отау» бағдарламасын іске қосты. Шарттарға сәйкес, қазақстандықтар Астана мен Алматы қалалары үшін 30 млн., басқа өңірлер үшін 18 млн жылдық 9 пайызбен және халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін 7 пайызбен тұрғын үй несиесін рәсімдей алады.

18 сәуірдегі ахуал бойынша, банк бағдарламаға қатысуға 18 729 өтінім қабылдаған. Жылжымайтын мүлік бағасының өсуін тежеу үшін құрылыс салушыларды Баспана Маркет платформасында орналастыру кепіл құны келісілгеннен кейін ғана жүзеге асырылады. Жаңа тұрғын үй бағдарламаларын іске қосу жылжымайтын мүлікке сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Өнеркәсіп және Сауда министрліктеріне Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бірлесіп, бір ай мерзімде жылжымайтын мүлік және құрылыс материалдары нарығында дүрбелеңге жол бермеу үшін қажетті іс-шараларды іске асыру тапсырылды.

Олжас Бектенов салынып жатқан құрылыстың сапасына назар аударды. Жалға берілген тұрғын үйге қоныстанғаннан кейін кездесетін мәселелерді үй салушылар шешуі керек. «Тағы бір маңызды мәселе – құрылыс­тың сапасы мен оның заңнамаға сәйкес болуы. Құрылыс компаниялары өздеріне алған міндеттемені толық орындауға және құрылыстың сапасын қамтамасыз етуге міндетті. Қандай да бір кемшіліктер анықталса, оларды тез арада жойып отыруы керек. Өнеркәсіп министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде заңсыз құрылыс жүргізгені үшін құрылыс компаниялары мен лауазымды тұлғаларға ықпал ету шараларын қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлесін. Оларды Құрылыс кодексінің жобасына енгізу қажет» деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қатаң бақылауды тапсырды

Сондай-ақ Олжас Бектенов ұзаққа созылған құрылыс мәселесін шешу және тұрғын үйлерді уақтылы пайдалануға беру үшін құрылыстың заңдылығына тиімді бақылауды қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мәселеге орай Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, бірқатар өңірлер әкімдерінің алданған үлескерлермен жұмыс, заңсыз құрылыспен күрес, инженерлік желілерді жүргізуге бөлінген қаржының игерілуі туралы баяндамалары тыңдалды.

Қазір елімізде 39 барынша проблемалық нысан бар. Олар бойынша алданған үлескерлер жылдар бойы соттасып келеді. 340-қа жуық тұрғын үй кешені заңсыз салынуда және ұзақ мерзімді құрылыс санатына түсу қаупі бар.

«Өнеркәсіп министрлігі өңірлермен бірлесіп, 1 маусымға дейінгі мерзімде салынып жатқан барлық нысандарға құрылыс жұмыстарының заңдылығы мен құжаттарына ревизия жүргізуі қажет. Оның қорытындысы бойынша 1 айдың ішінде осыған дейін қабылданған Проблемалық объектілерді аяқтау жөніндегі жол картасын өзектендіру керек. Ең бастысы, барлық үйлерді мерзімінде тапсыру үшін қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет» деді Үкімет басшысы.

Астана үлескерлер мәселесін шешті

Құрылыс саласы елорда экономикасының негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Өткен жылы бас қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9 пайызға ұлғайып, соның ішінде тұрғын үй құрылысы 58,1 пайызға өскен. 3,8 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл да осындай шаршы метр баспана салу жоспарланған. Бұл туралы Үкімет отырысында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек егжей-тегжейлі баяндады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алданған үлескерлердің «екінші толқыны» мәселесін шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. 2019 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – қазіргі уақытта Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 140 үйдің құрылысы аяқталды, 15,5 мыңға жуық үлескер пәтерлерінің кілттерін алды. Өткен жылдың басында елордада 16 проблемалық нысан  болды – бұл 32 үй, 4 мыңнан астам салымшылар. Бүгінгі таңда олардың 90 пайызы баспаналарын алды. Қалған 484 отбасы пәтерлерінің кілтін ағымдағы жылдың маусым айының соңына дейін алады» деді елорда әкімі.

Қала басшысы жалпы қазіргі уақытта астанада 401 тұрғын үй құрылысы алаңдары барын тілге тиек етті. Әкімшілік тұрғын үй нарығындағы өзгерістерді ескере отырып, проблемалық үлестік құрылыстың «үшінші толқынының» пайда болуына тосқауыл қою үшін алдын ала қандай іс-шаралар жүргізіп жатқанына тоқталды.

«Біріншіден, қала әкімдігінің Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия­сының үйлестіруімен және құрылыс нысандарында әрбір тұрғын үй кешені бойынша үлескерлер мен құқық қорғау органдарының қатысуымен жүйелі негізде кездесулер өткіземіз. Бұл туындаған мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді және салымшылардың арасында әлеуметтік шиеленіске жол бермейді. Екіншіден, үй салушыларға техникалық және қаржылық аудит жүргізу, жобалық құжаттаманы сәйкестендіру, инженерлік желілерді салу және қосу мәселелерінде толық көмек көрсетеміз. Үшіншіден, салынып жатқан үйлердің құрылысын аяқтау үшін үй салушылар қатарына ірі және адал инвес­торларды тартамыз. Салынып жатқан бірде-бір үй назардан тыс қалмайды және күнделікті бақылауда» деп түсіндірді Жеңіс Қасымбек.

Бес жылда қанша отбасы үй алды?

Өнеркәсіп және құрылысы министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Барлық қаржыландыру көздерін ескере отырып, 695 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартыпты. «2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 111 млн шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда, бұл 1 млн-нан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді» деп мәлімдеді министр Қанат Шарлапаев. Оның айтуынша, Үкіметтің 2024 жылы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды енгізумен 15,5-тен 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Осылайша, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 110 млрд теңге сомасына 10 мың несиелік пәтер салу жоспарлануда. «6 сәуірде Президент қол қойған кәсіпкерлік мәселелері туралы заң жобасы аясында әкімдіктерге нарықта несиелік тұрғын үй салуға ғана емес, сонымен қатар сатып алуға да құқық берілді, бұл қаражат айналымы арқасында тұрғын үй көлемін жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік береді» деді министр. Бұл ретте 7 мыңға жуық несие беруге жылдық 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека беруге 81 млрд теңге бөлінген. 9 пайыздық мөлшерлемемен «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 млрд теңгеге 8 мың несие беру көзделген. 1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр, оның аясында 300 млрд теңгеге 12 мың несие беру жоспарлануда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңға жуық несие беріледі. «Осылайша, биыл тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді, соның нәтижесінде 64 мың азамат тұрғын үй жағдайын жақсарта алады» деп сөзін түйіндеді Қ.Шарлапаев.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button