Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Жасыл желек – желге қалқан, жұртқа пана

Жексенбі күні жоспарлы жұмыстармен Астананың сырт аймағына барғанбыз. Өңменнен өтер ызғарлы жел. Жоқ, жерге түскен қарды суырып соғар бұрқақ жел дерсіз. Желдің қай түрі болсын, әйтеуір Арқаның желі даланың суығын бірден сездірді. Осындайда елорданы қоршалай бой түзген орманды алқаптың пайдасын сезіндік. Иә, орман экожүйені реттеумен қатар, қаланың ауасын тазартып, желін азайтып тұр. Біз «Астана орманы» ЖШС-іне арнайы барып, басшыларынан қысқы маусымдағы жұмыс жайын да білдік.

ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ҚЫЗМЕТТЕ

– Арқаның ен даласында орман өспейді деген пікір айтылған-ды. Жоқ, ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп, елорданы 88 шақырым қоршап жатқан жасанды орман пайда болды. Қысы-жазы 24 сағаттан 45 орманшы жасыл белдеуді күзетеді. Олар 6 постан кезек-кезек шығып, дала өртінен сақтауды, жеміс терушілер қоқыс тастап кетпеуді, мал кіріп кетпеуді қадағалайды. Дәл қазір жасыл белдеудегі қарағайды қорып, қорғап жүр. Біздің орманшылар Табиғатты қорғау полициясымен тығыз жұмыс істейді.

21 желтоқсанда түнгі кезекшілікте жүрген орманшылар заңсыз қоян атуға мылтықпен кірген 1989 жылы туған Т.А есімді азаматты тоқтатып, полицияға тапсырды. Жаңа жылдың нышаны – шырша. Нарықта шырша саудасы қызып тұр. Кейде кездері ормандағы қарағайды кесіп, сататындар бар. Қарағай ағашын кесіп жатқан жерінен ұсталған адамдар да болды. Өз басым жақындарым мен достарыма жаңа жылдық кеште жасанды шыршаны безендіруді ұсынамын, – деп сөзін бастады бас агроном Ардақ Хасенов.

Астана орманы қалай, қашан, қайтіп құрылды? Бұл сұраққа жауапты «Астана орманы» ЖШС директоры Мәулен Самәмбетов­тен сұрадық.

– Астананың жасыл белдеуі екі кезең бойынша құрылды. Бірінші кезең 1998-2004 жылды қамтиды. Бұл уақытта жасыл белдеу аумағында (жалпы аумағы – 14,9 гектар, оның 11,5 гектары ағаш пен бұтаның 34 түрінен 9,6 миллион дарақ көктеді) көшеттерді ықтырмаралық кеңістікті сақтай отырып отырғыздық. Бұл кезеңде бой көтерген ағаштардың биіктігі 15-17 метрге жетті. Екінші кезең 2012-2023 жылы 4 мың гектар жерге 4,7 миллион көшет орналастырдық. Оның ішінде 28,6 шырша, қарағай, самырсын болса, 71,4 пайызы емен, қайың, шегіршін, жиде, қарақатты құрайды, – деді директор.

ОРМАН – ХАЛЫҚ БАЙЛЫҒЫ

Мұны финдердің тәжірибесінен көруге әбден болады. Финляндия экономикасының негізгі табыс көзі – орман. ХХ ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап ағаш өңдеу мен қағаз өнеркәсібі жолға қойылды. Бүгінде аталған салада әлем бойынша алдыңғы қатарда. Мәселен, целлюлоза мен тілінген тақтай, қағаз бен қатты қағаз экспортынан көшбасшы ел саналады. Мысалды ұзақтан іздемей-ақ, солтүстіктегі көршіні алайық. Ресей территориясында тундра-орманы 15 пайызын қамтиды десек, Сібірдегі орман қорын елестетуге болады. Қазір осы орманды алқаптар қаржының көзіне айналды. Біздің елде орманды дала 4,2 пайыз ғана. Оңтүстік өңірлерде сексеуілді тоғайлар басым. Шығыс және оңтүстік-шығыста таулы орманға жатады. Солтүстік өңірлерде шоқ-шоқ ормандар кездеседі. Астанадағыдай жасанды орман сирек. Тарихқа зер салсақ, 1841 жылы Жәңгір хан училище ашып, орман шаруашылығы бойынша білім беруге жол ашып, батыс өңірде көшет отырғызып, жасанды орман алқабын құрды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» демей ме, батыстағы «Жәңгір ханның орманы» көпке сая болып әлі өсіп тұр. Одан кейінгі жасанды орман, осы – Астана орманы. Жасыл белдеу халық санына сай келуі керек. Мұның ғылыми негізі, мемлекеттік стандарты бар.

Астана каласының халқы жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2013 жылы елорданың 797 мың тұрғыны болса, 2023 жылы 1 миллион 354 мыңға жетті. Мемлекеттік стандартқа сай 500 мыңнан 1 миллион аралығында адам тұратын қаланың әрбір 1 мың адамына 25 гектар жасыл желек келуі керек. Осы көрсеткішке сәйкестендіру үшін Астана қаласының жасыл белдеуінің ауданы 25 000 гектар болу керек. Бұған жету қосымша 15,2 мың гектар жер қаралып, көшет отырғызып, оны күтіп-баптау жұмысы жүргізілуі керек

– Астана қаласының халқы жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, 2013 жылы елорданың 797 мың тұрғыны болса, 2023 жылы 1 миллион 354 мыңға жетті. Мемлекеттік стандартқа сай 500 мыңнан 1 миллион аралығында адам тұратын қаланың әрбір 1 мың адамына 25 гектар жасыл желек келуі керек. Осы көрсеткішке сәйкестендіру үшін Астана қаласының жасыл белдеуінің ауданы 25 000 гектар болу керек. Бұған жету қосымша 15,2 мың гектар жер қаралып, көшет отырғызып, оны күтіп-баптау жұмысы жүргізілуі керек. Біз өзіміздің жоспарлы жұмысымызды жалғастырып, 2024 жылы көшет отырғызу жобасын әзірлейміз. Содан кейін ол жерлерге жас көшет отырғызамыз, – деді Ардақ Хасенов.

ДЕМАЛЫС ЖӘНЕ СЕРУЕНДЕУ АЛАҢЫ

Орманды алқапқа елордалықтар мен қала қонақтары екі жағдайда келеді. Біріншісі, жазда велосипед теуіп, қыста шаңғымен сырғанап, рухани демалу үшін. Екіншісі, жеміс теріп, қысқа керекті азық-түлігін жинайды. Орман алқабында велосипед теуіп, шаңғымен сырғанайтын арнайы жолдың ұзындығы – 25,6 шақырым. Қысы-жазы сенбі, жексенбі күндері салауатты өмір салтын ұстанатын адамның қарасы көбейеді екен. Жазда түрлі ағаштың жұпар иісі, қыста қарлы даланың таза ауасында еңбек белсенділігін арттырғанға не жетеді?! Орманшылар ұсынған деректерге қарағанда, Үркер ауылының жанында орналасқан орман кварталына (ауданы – 40 гектар) орташа есеппен бір күнде 52 адам келіпті. Олардың 2-еуі саңырауқұлақ теруге, 29-ы демалуға, 21-і велосипед теуіп, серуендепті.

Ал атқа мінуге арналған 13,2 шақырымдық жолдың екі жақтауы ағашпен оқшаулаған, атқа міну қауіпсіз. Биіктігі 18 метр болатын мұнараға шыққанда, қайың мен емен ағаштары биіктей түскенін көрдік. Кейбірі мұнарамен бойлас болса, кейбірі одан да биіктей түсіпті. Мұндай мұнара орманды алқаптың 10 жерінен табуға болады (6-уы – 18 метрлі, 4-і – 12 метрлі). Орманшы-күзетшілер күніне бірнеше рет шығып, алқапты бақылауды әдетке айналдырыпты.

Бас агроном емен ағашын Арқаның табиғатына жерсіндіргенін мақтана айтты.

– Біздің орманда жарық сүйгіш, көп жағдайда жылы аймақта болатын емен ағашы өседі. Биіктігі 40 метрге дейін, діңінің жуандығы 2 метрге дейін жетеді. Өмір сұру ұзақтығы – 800-1000 жыл. Он бес жылдан кейін жеміс бере бастайды. Міне, осындай алып ағаш біздің орманға бейімделіп, биіктігі 8-9 метрдей болды. Жасанды орманның 30 пайызын қылқанжапырақты тұқымдастар – шырша, қарағай, самырсын құраса, 70 пайызы жапырақты тұқымдастар – емен, қайың, шегіршін, жиде, – деді А.Хасенов.

Жасанды ормандағы әрбір жұмыс тек ғалымдардың сүйемелдеуімен жүзеге асады. Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары жасыл белдеудегі сынақ алаңдарында зерттеу жұмысын жүргізіп, ғылыми қорытынды береді. Содан кейін ғана орманшылар нұсқама бойынша жұмыс істейді.

– Көшетті отырғызу, есепке алу, орман зиянкестері мен түрлі аурудан қорғау және тағы басқа жұмыстарды ғалымдардың бағыт-бағдары бойынша істейміз. Мәселен, ағаштардың арасындағы бос кеңістікке көп жылдық шөптің бірнеше түрін өсірдік. Бұл ортаға көбелек, ара, инелік, өрмекші, құмырсқа, қоңыз тағы басқа көзге көрінетін және көрінбейтін жәндік түрлері келіп, өз экожүйесін құрды. Жәндіктер ормандағы түрлі зиянкестермен қоректеніп, ағаштың ауырмауына жағдай жасайды. Жәндіктер тым көбейіп кетпеуі үшін Жетісудың қырғауылдары жерсіндірілді. Қояндар орманның негізгі тіршілік иесіне айналды. Қоян популяциясы көбейіп кетпеу үшін түлкі мен қарсақтар жіберілді.

Бүгінде институт ғалымдары 5 тақырып бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізуде. Соның бірі – ағашты санитарлық бұталау және жиілігін реттеу, – деді директор Мәулен Самәмбетов.

Орманды күтіп-баптай бір күндік іс емес, жалықпай, шаршамай, үнемі ізденіп, еңбек етуді талап етеді. 2023 жылы орманшылар 452,84 га аумақта 457 мың гектар көшет көлемінде жаңа орман екпесін құрды. Оның ішінде көктемде 203,94 гектар жерге 249,1 мың, күзде 248,9 га жерде 207,4 дана көшет отырғыз­ды. 2024 жылдың көктемінде 200,2 мың көшет отырғызуды жоспарлап отыр екен.

P.S: Жап-жасыл ағаштарды жердің жүрегіне балайтын орманшылардың өмір жолы қарапайым, бірақ өте маңызды құндылықты жүзеге асырудың мысалы болады. Орман – бүгіннің ғана емес, келешектің ісі. Өйткені келешек ұрпақтың бақ-берекелі болуы бізден қалған байлыққа тікелей байланысты, оның ішінде орман қорына да тәуелді болады. Біз орманды алқапқа барып санаға осындай ой түйіп қайттық.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button