Басты ақпаратЕлорда тынысы

Байырғы ауданның болашағы зор

Елорданың ең көне ауданының бірі – Сарыарқада 354 мыңдай адам тұрады. Аудан әкімі Бауыржан ЕРАЛЫНЫҢ айтуынша, мұнда жайлы орта қалыптастыру үшін түрлі бағытта жұмыс жүргізіледі. Соңғы үш жылда аудан аумағында 125 аула мен 32 қоғамдық бірлестік абаттандырылған. Биылғы ең басты жобаның бірі тарихи көшелердің жаңғыртылуы болды.

Атап айтқанда, «Шапағат» сауда үйінің айналасындағы 12 аулаға күрделі жөндеу жүргізіліп, көгалдандыру, ойын алаңдарын жаңғырту, жарықтандыру, үйлер арасындағы аумақтағы жолдарға тасжол төсеу жұмысы атқарылды. Аталған сауда үйі аумағындағы 10 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан жабайы сауда нүктелері жабылып, ол жерлер абаттандырылды, ал 30-ға жуық саудагер басқа базарларға ресми сауда қызметі бойынша орналастырылды.

– Абаттандыру жұмысына тұрғындардың өздері идея білдіріп, қандай жаңа нысандар салуға болатыны туралы ұсынысын айтады. Қала тұрғындарының көмегімен биыл бірқатар қоғамдық кеңістік қайтадан жаңа кейіпке енді. Солардың бірі – Көктөбе, 5 қиылысында салынды. Ол жерде бұрын бос жатқан жер бар еді, соның орнына спорт-ойын алаңы пайда болды. Ойын кешендері, тренажерлер қойылды. Ал К.Күмісбеков көшесі бойында ескі гараждар орнына қалалықтардың жайлы және қауіпсіз демалысы үшін жол төселіп, жарық қойылды, 800-ге жуық ағаш отырғызылды. Сонымен қатар Фахд бен Абдул Азиз және Бөгенбай батыр, 43/1 қиылысындағы бос жерге де жарық пен әткеншектер қойы­лып, абаттандыру жұмысы жүргізілді. Одан бөлек, Желтоқсан, Бұқарбай батыр, Ағыбай батыр, Бейбітшілік көшелері мен Бөгенбай батыр, Республика даңғылдарының бойында қозғалыс қолайлы етіліп, тротуар­лар кеңейді, қимыл қозғалысы шектеулі азаматтарға арналған пандустар қайта жаңғыртылып, орындықтар қойылды. Жалпы алғанда, биыл ауданда 40 мекенжай бойынша абаттандыру жұмысын жүргіздік, – дейді аудан әкімі.

Қоғамдық кеңістіктер жаңарды

Аудан аумағында 587 аула бар болса, соның 142-сі жөндеуді қажет етеді. Өтіп бара жатқан жылда 43 сквер мен қоғамдық кеңістікке жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Атап айтқанда, гранит плиталар орнатылып, сынған, бүлінген жерлер қалпына келтірілді, орындықтар мен қоқыс жәшіктері боялды. Жалпы ауданы 1264 м² болатын 16 көшенің жаяу жүргіншілер тротуарына жөндеу жасалды. Ауданы 585 м² 9 көшеге жаңа тротуарлар салынды. Келесі жылы 100-ден астам ауланы абаттандыру көзделуде, соның ішінде 50 аулаға күрделі жөндеу жүргізу керек.

– Жеке үйлерді, әкімшілік орындарын қатты нөсер жауында су басу мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Оны шешу үшін 16 көше мен ауданның 8 ішкі кварталдық аумағында арықтар қазылып, су өткізетін құбырлар салынды. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда, – дейді әкім.

Ауданның басты даму аспектісіне жол инфрақұрылымы, аялдама кешені мен бағдаршам жатады. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 314 км болатын 315 көше бар. Соның ішінде 268 көшеге тасжол төселген

2024 жылы 7 тарихи көше – Ә.Мәмбетов, Ғұмар Қараш, А.Иманов, М.Әуезов, Кенесары және Жеңіс көшелерін жаңғырту жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар Мәскеу мен Гете, Біржан сал мен Гете аралығындағы тротуарлар желісіне жөндеу жүргізіледі. Келесі жылы сонымен қатар 5 қоғамдық кеңес абаттандырылады.

Астананың ең жасыл ауданы саналатын Сарыарқада 52 мыңнан астам ағаштар мен бұталар бар. Бұл көбіне оның бұрын қаланың тарихи орталығы болғанына байланысты. Аудан аумағында барлығы 70 сквер мен қоғамдық кеңістік және «Көктал» паркі бар. Көгалдандыру жұмысы аясында биыл 16 мыңнан астам жасыл көшет отырғызылған. 2024 жылы 3 мың ағаш егіп, 1 мың шаршы метр аумаққа көп жылдық өсімдік отырғызып, сонымен қатар, 5 скверді дамыту көзделуде.

Жарықтандыру жайы қалай?

Қалада жарықтандыру мәселесі өте маңызды рөл атқарады. Бұл астаналықтардың түнде жайлы жүруіне ғана емес, қауіпсіздік пен қылмыстардың алдын алуда да үлкен рөл атқарады. Ауданда қазіргі таңда барлығы 330 көше бар, оның 305-і жарықтандырылған. Жарықтандырылған көшелерде 10 мың көше шамдары мен 6 мың паркке қойылған шамдар бар. Бұрыннан жарық қойылмаған 5 көше жарықтандырылды. Жыл соңына дейін коммуналдық қызметтердің келісімімен 25 көше бойынша жарықтандыру жұмысы жүргізіледі. Аудан әкімінің айтуынша, көлік инфра­құрылымы да дамып, жабық жылы аялдамалар салынуда, газдандыру жұмысы да қатар жүруде.

Биыл Кенесары, Сарыарқа, Республика көшелерінде, «Тұлпар» көпірінде, Самал шағын ауданында, «Гранд Алатау» ТК, Музыкалық жас көрермендер театры, Н.Тілендиев көшесі бойында да декоративтік жарықтандыру жұмысы жүргізілді. Желтоқсан, Жеңіс көшелеріндегі нысандарда жарықтандыруды қалпына келтіру жұмысы әлі жалғасуда. Ол 1 қаңтарға де­йін аяқталады. Келер жылы 50 нысанда декоративтік жарық қою жоспарланған.

Газдандыруға басты көңіл бөлінеді

Бүгінде аудандағы шет аймақтардағы халықтың 94 пайызы газға қосылды. Бұл дегеніміз – 5141 абоненттің 4834-і. Газдандыру экологияны жақсартып, өрт қауіпсіздігінің деңгейін жақсартты. Осы ретте айта кетерлігі, газға қосылу үшін жиналатын құжаттар саны екі есе қысқарды.

– Астана қаласы бойынша газдандыру жұмысы алғаш рет Сарыарқа ауданында басталды. Биыл 1300 абонент қосылды. Тұрғын алаптардағы 17 әлеуметтік нысан газға қосылып отыр. Газға қосу бойынша әлеуметтік бағдарламалар шеңберінде 105 млн теңге сомасына 254 абонентке көмек көрсетілді. «Халық банкпен» арадағы меморандум шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары арасынан 68 абонентке газға қосуда көмек берілді, – деп атап өтті әкім.

Қыс келісімен қар шығару мәселесінің өзегі артады. Санитарлық тазалауға 21 мердігер ұйым жұмылған. Олардың 560 техникасы мен 660 жол жұмысшысы бар. Қар қалың түскенде, техника саны 580-ге дейін көбейеді. Сонымен қатар жыл басынан бері ауданда 27 рұқсатсыз қоқыс төгу орны анықталып, жойылды. 20 мың тонна құрылыс қалдығы шығарылды. 605 хаттама толтырылып, 5,5 млн теңге сомасына айыппұл салынды.

Жол сапасы жақсарып, қауіпсіздік артады

Ауданның басты даму аспектісіне жол инфрақұрылымы, аялдама кешені мен бағдаршам жатады. Аудан аумағында жалпы ұзындығы 314 км болатын 315 көше бар. Соның ішінде 268 көшеге тасжол төселген. Биыл орташа жөндеу жұмысы шеңберінде 21 көшеге жөндеу жүргізілсе, келесі жылы сондай жұмыс 20 көшеге жүргізіледі. Сонымен қатар ауданда 370 аялдама кешені бар, оның 61-і – жабық аялдама. Биыл қосымша 6 жылы аялдама орнатылды. Келесі жылы 15 жылы аялдама орнату көзделуде. Бағдаршам 13 көшеге қойылған. Жалпы тағы 7 жерде бағдаршам қою қажет.

Аудандағы қауіпсіздікті арттыру үшін бейнебақылау камерасын қоюға ерекше көңіл бөлінеді. Олардың жалпы саны – 2194. Тағы 538 нысанда 2,5 мың камераға деген қажеттілік бар. Биыл 48 мекенжайда 200 камера орнатылды. Келесі жылы 378 мекенжайда бейнебақылау камерасы қойылды.

Сарыарқа ауданында 994 көппәтерлі тұрғын үй болса, оларға 262 қызмет көрсету ұйымы қызмет көрсетеді. Жаңғырту бағдарламасы аясында биыл 10 мекенжайда фасад, лифт ауыстыру, инженер желілерін жаңарту жұмысы жүргізілді. Келесі жылы 10 осындай үйде лифт ауыстырылады.

Мыңнан астам қандасымыз тұратын Нұрбесік шағын ауданында 204 үй бар. Мұнда да көшелерді, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, аялдама кешенін орналастыру, жолдарға тасжол төсеу жұмысы жүргізілді. Сумен қамтамасыз ету, су бұрып, электрмен, газбен жабдықтау бойынша инженер желілері құрылысы аяқталды.

«Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде аудан әкімдігі қоғаммен тығыз байланыс орнатқан. Мәселелерді шешу үшін тиімді тәсілдерді дамытады. Әкімдік базасында Open akimat жүйесі жұмыс істейді, оған әрбір тұрғын өз сұрағы бойынша хабарласа алады.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button