Басты ақпаратҚоғам

Қандастар мәртебесіз қалмасын

Қазақстан – шетелдегі қандастарын тарихи отанына шақырып, өз елінің халық санын көбейтуге, ұлттың ұлы гүлденуін жүзеге асыруға талпынып отырған санаулы мемлекеттің бірі. Қазіргі таңда бейресми дерек бойынша әлемнің 40-тан астам елінде 10 миллионға жуық қандасымыз тұрады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері 1,5 миллион қандасымыз тарихи отанына оралып, санымыздың өсуіне оң серпін берді. Соның арқасында бүгінгі таңда 20 миллионға жетіп, қазақ ұлтының үлесі 72 пайыздан асты. Шетелден келген қазақпен бірге ұмытылып бара жатқан көптеген салт-дәстүріміз де, ұлттық құндылығымыз да оралғанын былай қойғанда, олар бүгін еліміздің әр саласында жұмыс істеп, Қазақстанның саясат, экономика, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, т. б. салаларында елеулі еңбек етуде. «Елге ел қосылса – құт» деген – осы.

«Көп қорқытады, терең батырады», «Саннан сапа туады» дегендей, демография – еліміздің ең өзекті әрі қазақ ұлтының тағдыршешті мәселесі. Әлем бойынша жер көлемі жағынан 9-орында тұратын мынау байтақ даланы мемлекет құрушы тұлғалық ұлт – қазаққа толтырмай, қазіргі аумалы-төкпелі кезеңде еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тәуелсіздігін баянды ету қиын екені көпке түсінікті. Бұл мәселені Президент Қасым- Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тақырыбындағы Жолдауында «Қуатты ұлттың діңгегі – халық» деп тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде шегелеп тұрып айтқан еді. Жер аумағымыз 4 Франция елі сыятындай кең болғанмен, көрші қырғыз елінің жалпы халық санынан артық қазақ әлі шетелде өмір сүріп жатыр. 30 жылдан астам уақытта оның небәрі 10 пайыздан астамы ғана тарихи отанына оралды. Олардың басым бөлігі ба­йырғы ата-бабасының күл төгіп, ірге көмген күлтелі мекенінде отыр дегенмен, өмір сүріп жатқан елдеріндегі саяси, экономикалық жағдайға байланысты олардың ассимиляцияға ұшырап, тілден, дәстүрден күн санап алыстай бастағаны байқалады. Күнкөрісі төмен, діни араздық өршіген өңірлердегі қандастарымыздың жағдайы тіпті мүшкіл.

Елімізде билік алмасып, саяси салада үлкен өзгерістер туғанда, шетелдегі қандастар да, еліміздегі ұлтын, халқын сүйетін асыл ойлы азаматтар да «көш тоқтап қала ма?» деп алаңдағаны рас болатын. Алайда Президент аса үлкен көрегендік танытып, еліміз күрделі саяси кезеңдерден өтіп жатқанына қарамастан, «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп ашық айтып, «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс» деп тапсырма беріп, ұлы көшке мүдделі аға­йынды қатты қуантты. Сондай-ақ 2022 жылғы Жолдауында: «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда демография­лық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деп қайталай дәріптеді.

Бірақ соңғы кездері шетелден келген аға­йындар қандас мәртебесін уақытында ала алмай, табанынан тозып жүр. Оған бұрын 5 жұмыс күнінде берілетін қандас куәлігінің қазір 35 жұмыс күнінде берілуі басты себеп болып отыр. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қандас куәлігін беру мерзімі «35 жұмыс күні» деп көрсеткенмен, сенбі, жексенбіні қоса есептесек, қандас мәртебесін алу уақыты 2 айға дейін созылып кетіп жатқан жағдайға куә болып отырмыз. 40-50 күннен кейін куәлікті беруден бас тартқаны жайлы хабарламаны алып жатқандар да бар. Ал ол куәлік болмаса, қандастар азаматтыққа тапсыра алмайды.

Президент аса үлкен көрегендік танытып, еліміз күрделі саяси кезеңдерден өтіп жатқанына қарамастан, «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүние жүзіндегі қандастарымыз­дың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз» деп ашық айтып, «Үкімет көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді іс-шаралар қабылдауы тиіс» деп тапсырма беріп, ұлы көшке мүдде­лі ағайынды қатты қуантты

Қандас мәртебесі бұрын Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы берілетін. Ал қазір қандас куәлігін алудың бұл жолы аталған куәлікке тек «Құтты мекен» қосымшасы арқылы онлайн өтініш беруге өзгерді. Бірақ осы қосымшаның өзі кемелсіз болып шықты. Біріншіден, нұсқаулығы орысша, бұл орысша түгіл, кириллицаның өзін әрең жазатын қандастарымыз­ға үлкен қолайсыздық тудырып отыр. Екіншіден, қосымшада «келу мақсатына»: «Отбасымен бірігу үшін», «Жұмыс берушілердің шақыруы бойынша», «ҚР Үкіметі айқындаған қандастардың қоныс аударуы үшін», «Бейімделу бағдарламаларының шарттарына келісім бойынша» деген 4 талап қана жазылып, атажұртқа өз еркімен, өз бетімен көшіп келушілер назардан мүлде қағыс қалған. Деректерге қарағанда, өз еркімен көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алып жатқандардың саны жоғарыдағы 4 талап бойынша көшіп келген ағайындардан бірнеше есе көп екен. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері тарихи отанына оралған ағайындардың да басым бөлігі – өз еркімен көшіп келгендер. Ендеше өз еркімен көшіп келушілер не үшін «Құтты мекен» қосымшасына енбей қалды?! Қазақстанда бірде-бір туысы жоқ қандастарымыз қалай қандас мәртебесін алады?! Осы жағдайға байланысты қандастар арасында үлкен түсінбеу­шілік орын алуда. Кейбір қандастарымыз өз бетімен туысшылау визасымен келіп, қандас куәлігі уақытылы берілмегендіктен азаматтық ала алмай, кері көшіп кеткен (бейресми дерекке қарағанда, Қытай, Моңғолия елінен келген 100 шақты түтін кері көшіп кеткен). Ал неше мың қандасымыз қандас куәлігін ала алмай, «мәртебесіз» қандас болып сарсаңға түсуде…

Соңғы кездері көшіп келген қандастарды Астана, Алматы қалаларына қабылдамай, солтүстіктегі белгіленген орындарға баруға итермелеп жатқанымыз жасырын емес. Ішкі және шетелден келетін көшті жеті облысқа қарай бұру – мемлекет саясаты. Бірақ белгіленген Павлодар облысына барған қандастарымыз да қандас мәртебесін ала алмай, визасының уақыты толып кеткен 13 отбасы Қытайға қайта көшіп кеткені жайлы ақпаратты да естіп-біліп отырмыз. Бұл арада «Қазақстан Рес­публикасының шегінен тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар басқа мемлекеттің азаматы болғандығына қарамастан жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқықты» деген заңды жазып қойып, олар елге оралмай жатып, тосқауыл болатын шарттарды көбейту шетелден келетін көшке кері әсер ететінін ескерген жөн.

Көшіп келген мың көштің қуанышынан кері көшіп кеткен бір көштің кесірі көп. Өйт­кені атажұртқа деген алып-ұшқан сезіммен келген ағайын Қазақстанның қамқорлығын емес, жемқорлығын көріп кері қайтса, ол көшем деп отырған, көшсек пе деп ойланып жүрген мың түтіннің көшіне тоқтау болатыны анық. Сондықтан бұл мәселеге ұлттық мүдде тұрғысынан қарау керек. Ол үшін қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы заңының» (Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV заңы) бірнеше тармағын өзгерту керек. Атап айтқанда, «Халықтың көші-қоны туралы заңының» 20-бап, 5-тармағын аталған заңнан түгелдей алып тастап, қандас мәртебесін бұрынғыдай Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 5 жұмыс күні ішінде беріп, олқылығы көп «Құтты мекен» қосымшасы арқылы қандас куәлігін 35 жұмыс күні ішінде беруді тоқтату керек. Өйткені «Құтты мекен» қосымшасының қажеті жоғын, ХҚКО арқылы беруден тиімді емес екені қазірдің өзінде дәлелденіп болды. Сонымен қатар «Халықтың көші-қоны туралы заңындағы» бұрын бар, кейінгі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген нұсқасында жоқ, өздігінен көшіп келушілерге қатысты тармақты түгелімен қайта қалпына келтіру қажет. Өйткені бұл тармақтың алынып тасталуы өздігінен көшіп келгендерге заң жүзінде қалай мәміле жасаймыз деген мәселені алға шығарып отыр.

Шетелден келген қандастар тек қана алам, бізге бер деп келмейді. Елге үлесімізді қоссақ, ұлт болып ұйысып Қазақстанымызды дамытсақ деп келеді. Осы орайда біз оларға Отанның ыстық мейірін сезіндіріп, қазақ болғанына мақтанатын сезімін одан әрі асқақтатуға дем берсек те жеткілікті. Өйткені қандас куәлігін ала алмай қиналған қандастар «біз сіздерден көмек сұрап, алақан жайып келгеніміз жоқ қой, азаматтықты жеңіл тәртіппен, тез берсеңіздер, ол да бізге жасалған үлкен қамқорлық» деп жиі айтады.

Біз шетелден қандастарын шақырған санаулы елдің біріміз деп мақтанғанымызбен, 30 жыл бойы кемелді көші-қон саясатын жасай алмай, заңнаманы қырық құбылтып жүргеніміз елдігімізге сын. Сондықтан жоғарыдағы мәселелерге байланысты «Халықтың көші-қоны туралы» заңын қайта қарап, көшке, қандастарға қолайсыздық тудырып отырған баптарды, тармақтарды тез арада түзету айрықша маңызды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button