Ел тынысы

«Қарызсыз қоғам»: 9 мыңға жуық адам оқытылмақ

Астанада азаматтардың қаржылық сауатын арттыру мақсатында «Қарызсыз қоғам» жобасы жүзеге асып жатыр. Жоба аясында сарапшылар биыл 9 мыңға жуық адамды оқытуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Курсқа кез келген адам онлайн тіркеле алады. Қазақстандықтарға курстан өту барынша ыңғайлы болуы үшін Qogamfin.kz арнайы білім беру платформасы әзірленген.

Qogamfin.kz сайтына кіріп, «Курсқа қатысу» деген батырманы басуы қажет. Жобаға қатысуға ниетті азаматтар бірнеше сұраққа жауап береді. Аты-жөні, байланыс номері, тұрғылықты жері, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын және несие мөлшерін көрсетуі тиіс. Сауалнама сұрақтарына жауап жолданғаннан кейін жобаның жетекшілері хабарласып, курс өтетін орын мен басқа да ақпараттарды ұсынады.

«Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша, елордада бір уақытта 5 орында тренинг ұйымдастырылған. Әрқайсында шамамен 50 адам білім алады. Курстың ұзақтығы 5 күн, қазақ және орыс тілдерін таңдау мүмкіндігі қарастырылған.

Жоба менторларының бірі Рауан Ерғалиевтің айтуынша, 5 күндік бекітілген ортақ бағдарлама бар.

«Алайда курстың алғашқы сабағында аудиторияның қажеттілігі мен сұранысын анықтау мақсатында міндетті түрде қандай тақырыптардың қамтылғанын қалайтынын анықтаймыз. Курс бекітілген тақырыптар бойынша өткенімен, қатысушыларың сұраныстары мен ой-пікірлері ескеріліп, олардың сұрақтарына жауап береміз», – деді ол.

Курс бағдарламасы қарапайым тақырыптан басталып, күрделіге көшеді. Мәселен алғашқы күні отбасы бюджетін жоспарлау және басқару, қолда бар ақшаны үнемдеу және көбейту жолдары, несие және оның түрлері, пайызды есептеу формуласы, депозиттер туралы айтылды. Кейін инвестиция, банкроттық, Қазақстанның қор биржасы, акция мен облигациялар, брокерлік компаниялар мен олардың жұмысы жайлы тақырыптарға көшеді.

Жобаның тағы бір артықшылығы бір жыл бойы заңгерлерден тегін консультация ала алады. Мамандар банкпен немесе басқа да қаржылық ұйымдармен жасалған келісімшарттар бойынша немесе құзырлы органдарға жолданатын құжаттарды сауатты толтыруға, жалпы қаржы мәселесіне қатысты жасалатын әрбір қадамына көмектесе алады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button