Мәдениет

Бабалардан жеткен саз

Сыбызғы қазақ халқының қобыз, домбыра сынды төл аспаптарымен қатар аталатын, сан ғасырлық тарихы бар үрмелі саз аспабы болғанмен, сыбызғы үніндегі жүрек қылын тербейтін сұлу сазды, көмейден қайырып, көкіректен шығаратын танымал сыбызғышылар ел ішінде күн өткен сайын сиреп бара жатыр. Тек сахнада, ұлттық оркестрдің құрамында төбе көрсеткені болмаса, бабадан қалған бағлан өнердің бағасын биіктетіп, бабымен ұстап жүрген өнерпаздар қатары селдір. Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның сыбызғышысы Шығыс Маханұлы «сыбызғы әлі де терең зерттеліп, жас ұрпаққа кеңінен насихатталуы керек» деп санайды.

Шығыс Маханұлы – арда Алтайдың бауырындағы Сауыр деп аталатын шөбін тартсаң май шығатын, қазық қақсаң тал шығатын шұрайлы өлкенің тумасы. Қазақтың небір өнер саңлағы туған бұл мекенде Жылқышы Ақтайұлы, Ақымжан Болдырғанұлы, Тотай сал Сымағұлұлы сияқты атақты сыбызғышылардың өнерінен қалған өнеге бар. Жаста­йынан өнерге, ән-күйге бейім өскен Шығыстың бойына дарыған сыбызғышылық өнер дала мектебінің құдіретімен қонған десек қателеспейміз.

Шығыс өнерлі отбасында ержетті. Әкесі Махан дәрігер болғанмен, қара домбыраны шебер сөйлететін асқан күйші еді. Ал әжесі Зәуре Мәликеқызы топқа түсіп айтысқан айтулы ақын болған. Бала Шығыс та әке жолын қуып, домбыраны жаста­йынан өзіне серік етіп, ауылда «бала күйші» атанды. Кейін Бейсембі Дөненбайұлының күйлерін зерттеп, жинаушы, атақты күйші Тұрсын Кәдейұлынан үш ай сабақ алған Шығыс өз өнерімен көзге көрініп, 1988 жылы Жеменей (ҚХР) аудандық ойын-сауық үйірмесіне қабылданады. Кейін Үрімжі қаласындағы көркем өнер колледжіне оқуға түсіп, аккордеон мамандығы бойынша Елнар Мұқашқызынан сабақ алды. Осылайша Жеменей аудандық ойын-сауық үйірмесінде күйші, аккордеоншы болып 10 жылдай қызмет істеді. Осы өнер ұжымында жүргенде арғы беттегі атақты сыбыз­ғышылардың бірі Құттыбай Сыдықұлы Шығыстың күй шерту шеберлігі мен әуенді әдемі алатын сезімталдығына қызығып, оны өзіне шәкірт болуға шақырады. Бірақ Шығыс 2001 жылы атажұртқа қоныс аударады да, Құттыбайға шәкірт болу несіп болмайды.

Қазақстанға келгеннен кейін Шығыс Астана қаласының филармониясына жұмысқа орналасады. Осы өнер ұжымында жүріп Қазақстанда сыбызғы өнерінің кенжелеп қалғанын байқап, өзінің сыбызғы тарту өнерін жетілдіруге кіріседі. Сөйтіп іштей дайындық жасап жүргенде, ұжым жетекшісі Нұрлан Хамзин Шығысқа «Осы сен оркестрде сыбызғы тарт­саң қайтеді? Бұл өнер біздің елде өшіп барады, арғы бетте оның тұнық бояуы сақталған. Сен Қытайдағы сыбызғышылардан біраз уақыт үйреніп, сол бояуды Қазақстанға әкелсеңші» деген өтініш айтады. Бұл Шығыс Мақанұлының Қытайда шешесі қайтыс болып, отбасымен сол елге аттанғалы тұрған сәті еді.

«Шешемнің қырқы өткеннен кейін әкемнен рұқсат сұрап, Құттыбайдан сыбыз­ғы үйренуге бардым. Он күн үйренгенде барлық дыбысты толық алып, сыбызғымен 5-6 күй, 6-7 ән тартатын деңгейге жеттім. Әрине, қуыс ағашты үрлей білетіннің бәрін сыбызғышы емес, маңыздысы – сыбызғы үніндегі табиғи бояу мен көмекейдегі тереңнен шығатын әсем сазды сәйкестіре білу. Мен Құттыбай ұстаздан сыбызғышылықтың осы кереметін үйреніп қайттым. Кейін Бейілхан Қалиакбарұлынан тәлім алып, осы деңгейге жеттім» дейді өзі.

Ендігі жерде «сыбызғышы Шығыс» атанған ол 2002 жылы 2 қыркүйекте Астана қаласының мемлекеттік академиялық филармониясы жанынан құрылған «Ақ Орда» ұлт аспаптар ан­самблінің сыбызғышысы болып жұмысқа қабылданады. Осы өнер ұжымында жүріп сыбызғының сырлы үнін әуелеткен ол шетелге дейін барып, сыбызғы тартты.

– Маған филармония бас­шылары үлкен қолдау көрсетті, «сыбызғы – жоғалып бара жатқан аспап, осыны қайта түлетуге күш сал» деп дем берді. Башқұртстанға де­йін жіберіп, сыбыз­ғы тарту өнерімді дамытуға жағдай жасады. Демеп, жебеп, сыбыз­ғының сахнадан ойып орын алуына мүмкіндік берді. Бұл – өнерде жүрген ағалардың ұлт аспаптарына, өнерге деген жанашырлығы, – деген Шығыс Нұрлан Хамзин сияқ­ты ағаларының есімін үлкен ілтипатпен атап өтті.

Шығыс ­Мақанұлының «Жылп өткен дүние», «Жыл­қысын жау айдаған жалғыз жігіт», «Ертіс толқыны», «Тәттім, сылқым», «Сарыбел», «Ботасын аңсаған бозінген», т. б. күйлері «Қазақтың 1000 күйі» алтын қорына енген. 2010 жылы «Сарыарқа» халық музыка ансамблінің сүйемелдеуімен республика көлемінде тұңғыш рет «Сыбызғы сазы» атты жеке шығармашылық концерт беріп, киелі сахнада сыбызғы күйлері мен халық композиторларының сыбызғыға арналған күйлерін орындады. Жақында Шығыс Мақанұлының Астанада 26 сәуірде  «Алтын Алтай – әуенім» атты шығармашылық кеші өтпек. Бабалар үнін бүгінге жалғаған сыбызғышының өнердегі жолы әрдайым ашық болғай!

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button