Мәдениет

«Жүрек» желіні жарып тұр

Қазақстандық әнші Adam-ның «Жүрек» атты әні әлемге танылды. Бұл ән әлеу­меттік желіде 5 млрд рет тыңдалса, бейнебаяны 55 миллионнан астам қаралым жинаған. Түрлі әлеуметтік желіде неше он мың қолданушы «Жүрек» әнін пайдаланып, қысқа бейнебаяндар түсірген. Осылайша «Жүрек» әні Shazam әлемдік рейтингісінде 13-орынға шықты. Қытайдағы хид-парадта бұл ән үшінші орынға көтерілген. Адам ең көп тіркелген TikTok платформасында «Жүрек» жарып тұр.

Аз уақытта хит болған әнді Азия, Европа, тіпті Оңтүстік Америка құрлығындағы Қытай, Корея, Вьетнам, Марокко, Албания, Германия, Украина, Армения, Франция… сияқты елдердің тыңдармандары тұшынып тыңдауда. Қазақ ұлтын қойып, Қазақстан деген мемлекет барын жақсы білмейтін халықтар да «Ол мен емес» деп әнге басып, қазақ әнін қор, өзге ұлттың әнін зор санайтын қазақстандықтардың өзін ұялтып жатыр.

Adam есімімен танымал Фарух Тохтамуратов – Жамбыл облысы Меркі ауылының тумасы. Әншінің айтуынша, студент кезінде Алматының әртүрлі мейрамханаларында ән айтып нәпақа тапқаны болмаса, музыкамен кәсіби түрде айналыспаған. Тек 2019 жылдан бастап ол өнер жолына бет бұрып, орыс тілінде әндер шығарған. Бірақ оның ешбірі хитке айналмаған, қиындықтардан шаршаған ол тіпті кейде музыканы мүлде тастасам ба деген ойға да келген.

Әнші туындысының мұндай феноменге айналғанына өзі де таңқалғанын жиі айтып жүр. «Мүмкін, жүректен шыққан ән миллиондардың жүрегіне жол тапқан шығар. Мұнда ерекше ештеңе жоқ. Бастысы, шынайы ниеттен туған. Ән Қазақстанда танымал болса болар, бірақ әлемдік деңгейде танылады деп ойлағамыз жоқ. Бірақ, бұл тректің world shazam-ға, әлемдік чарттарға түскені үлкен тосынсый болды» дейді ол.

Ол өзін қайтпас қайсар жан деп есептейді. Хит әндердің шығуына осы қасиеті көмектескеніне сенімді. «Мен Қазақстанда дүниеге келген этникалық өзбек жігітімін. Әке-шешем де, аталарым да осында туған. Сондықтан бізді қазақ деп санайтындар көп, өзіміз де қазақ болып кеттік. Менің бойымда екі адам өмір сүреді. Біреуі – Фарух, екіншісі – Adam. Фарух Adam-ға ән жазады, оны алға сүйрейді» дейді әнші.

«Жүрек» қазір ағылшын тіліне аударылып, әлемдік сахналарда айтыла бастады. Ән авторы Adam да алдағы уақытта Еуропа мен Азияға гастрольдік сапарға аттанбақ. Бұл – оның Еуропаға тұңғыш гастрольдік сапары. Енді әнші Ганновер, Дублин, Мадрид, Барселона қалаларында ән шырқайды. Әлеуметтік желідегі дерек бойынша, әншінің хит әні Европа+ чартына қосылған, осылайша 67 елде қазақтың «Жүрек» әні шырқалуда.

Жалғыз «жүрек» қана емес, қазақтың басқа әндері де әлеуметтік желіде жиі айтылатын әндер қатарынан көрініп жүр. Димаш Құдайберген әлемдік сахналарда ән салғаннан кейін, өзге ұлт тіліне аударылып, шырқалып жүрген қазақ әндері де аз емес. Бұрын бұл қатарда «Дудар-ай», «Қайран жалған», «Қарлығаш», «Желсіз түнде жарық ай» әндері аталса, Димаштың орындауынан кейін «Дәйдидау» бүкіл әлемге танымал әнге айналды. Іргеміздегі көрші ел Қытайда Димаштың өнеріне тәнті болған жанкүйерлерінің арасында қазақ тілін үйреніп, қазақ әндерін айтатын жастар көбейді. Соның бірі  – 宅叔五毛 (өз аты Тянь Луван). Оның репертуарында қазақша орындаған қазақ тіліндегі әндердің саны 20-ға жуықтады. «Ой, жеңгем», «Сен маған массың» сияқты әндерін қытай тыңдармандарына осы жігіт танымал етті. Ал Қытайдың Тибет өңіріндегі тойлар «Мұзарт» тобының «Фарида» әнісіз өтпейтініне де біраз уақыт болды. «Сен маған массың» демекші, Рахымжан Жақайымның «Сен маған массың» әні мен қазақстандық дуэт Tanir мен Tyomcha «Da Da Da» трегі де Азия аумағында хитке айналған.

Халқымызда мазмұн, мәнері, дыбыс­тық бояуы жағынан «Жүрек»-ті жеті орайтын әндер баршылық. Бірақ соның көбінің әлі бағы ашылмай жатыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button