Басты ақпаратШаһар шаруашылығы

Қуатты кәсіпорын – даму драйвері

Астана қаласының арнайы экономикалық аймағында көптеген кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл аймақ елорданың негізгі инвестиция­лық орталығына да айналып отыр. Инвестиция тарту бойынша №1 Индустриялдық парк айрықша рөл атқарады. Мұнда жалпы инвестиция сомасы 322 миллиард теңге болатын 100 жоба жүзеге асырылып жатыр. Парк өндіріс ауқымы жағынан республикада бірінші орын алады. Халық шаруашылығына қажетті сан алуан тауар өндіретін өндіріс нысандарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылып отыр.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында іске асып жатқан перспективалы жобалардың жұмысымен танысу үшін Астана қаласының мәслихат депутаттары Асқар Смағұлов, Ерлан Дәкенов, Қанат Ибраев, Владислав Сергеев, Жанаргүл Құлмағамбетова №1 Индустриялдық паркке арнайы барды. Экономикалық аймақта түрлі салада қызмет ететін жүзден аса бизнес субъектісі шоғырланған. Халық қалаулылары бес кәсіпкерлік нысанды аралады.

Сапалы құрылыс материалдарын өндіреді

Бірінші құрылыс материалдарын шығаратын «Metal Former» ЖШС жұмысын көрдік. Компанияның өндірістік директоры Тимур Данияров қарсы алып, зауыттың жұмысымен таныстырды.

– Жобаның құны – 6 миллиард теңге. 2022 жылы зауыттың құрылысы басталып, 2023 жылы желтоқсан айында іске қосылды. Зауыттың ашылуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысты. Шатыр және қаптауға қажетті құрылыс материалдарын шығарамыз, – деді директор.

Ішкі және сыртқы сәндік панельдер, ламинатталған талшықты цемент тақталар, алюмин профильдер, қар ұстайтын қалқандар және тағы басқасын өндіретін компанияның өнімдеріне нарықта сұраныс бар.

– Құрылысқа керекті материалдың 47 түрін шығарамыз. Ламинатталған талшықты цемент тақталар заманауи, практикалық және экологиялық таза қаптау материалы саналады. Бұл – құрылыс материалы ыстыққа да, суыққа да төзімді, жеңіл әрі берік материал. Өрт қауіпсіздігіне толық жауап береді, – деп өнімнің сапасын сөз етті компания инженері Абзал Рақымжанов.

2019 жылдан №1 Индустриялдық парктегі компаниялар мемлекетке 230,29

миллиард теңгенің салығын төледі

Бізді қызықтырғаны, шикізатты қайдан, қалай алатыны. Бұл сұраққа Тимур Данияров былай жауап берді: «Алюминий өнімін Павлодар мен Қарағанды қаласынан, цемент тақталарды Қырғызстан мен Қытайдан алдырамыз. Біз алюминий өнімін түрлі формаға түсіріп, құрылысқа керекті материал ретінде дайындаймыз. Ал талшықты цемент тақталарды әртүрлі түске бояймыз».

Компания ұзақ жылдық жоспарын бекітіп, сол бойынша жұмыс істеуде. Қазір 46 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырса, 2029 жылы жұмысшы санын 150 адамға жеткізуге ниетті. Биыл 18,5 миллиард теңге табыс табуды жоспарласа, 2029 жылға қарай қаржы айналымын екі есеге арттырып, 29,8 миллиард теңгеге жеткізу міндеті тұр.

Теміржол паркін жаңартуға үлес қосады

Елдің дамуында логистикалық сервистің сапасын арттыру маңызды рөл атқарады. Әсіресе сенімді тасымал құралы саналатын пойыздардың сапасын арттыру керек. Қазір теміржол қатынасында жүрген вагонның көбі ескірген. Туризм мен бизнесті ілгерілетуде жоғары жылдамдықты жаңарған вагондар оң әсер етеді. Осындай ауқымды міндетті орындауда «Stadler Қазақстан» ЖШС атсалысуды көздеп отыр.

Вагон шығаратын зауыттың аумағы 1,5 мың текше метрді қамтиды. Қазір 100 адамды жұмыспен қамтып отыр. 2026 жылға қарай 500 адамды вагон құрастырып, шығаруға тартпақ.

Компанияның бас директоры Владимир Русак перспективалы жобаның маңызын түсіндірді.

– 2023 жылы Қазақстан нарығына швейцариялық сапа келді. Бұл пойызбен сапарлау немесе саяхаттау Еуропадағыдай ыңғайлы және қауіпсіз болуға алғышарт болады. Stadler компаниясы 80 жылдан астам жолаушылар қозғалысының қауіпсіздігін, жылдамдығын және ыңғайлылығын арттыратын сапалы вагондар шығарып келеді. Германия, Италия, Нидерланды, Австрия, Польша, Испания, Венгрия және АҚШ-та филиалдары жұмыс істейді. Енді 2025 жылы Астанада толық циклді зауыт жұмысын бастап, теміржол паркін жаңартуға үлес қосады, – деді компания басшысы.

Бұл компанияның FLIRT H2 сутегі пойызы 46 сағат ішінде 2803 шақырым қашықтықта тоқтаусыз жүріп, Гиннестің жаңа әлемдік рекордты орнатты. Яғни Stadler – әлем бойынша теміржолға арналған жолаушылар вагонын өндіретін жетекші компания.

2021 жылғы 29 қарашада ­Президент Қасым-Жомарт ­Тоқаевтың Швейцарияға ресми сапары кезінде «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ мен «Stadler Rail AG» компаниясы ынтымақтастық туралы келісімге келген-ді. Қазір зауытты жабдықтау жұмыстары жүргізілуде.

Компанияның коммерциялық директоры Сергей Леонтьевтің сөзінше, кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 100-ден астам жолаушылар вагонын құрас­тырып, шығарады. «Stadler Қазақстан» ЖШС стратегиялық серіктесі «Жолаушылар тасымалы» АҚ ұлттық тасымалдаушысы компаниясы. Демек, зауыт іске қосылған кезде теміржол паркін жаңартуға жол ашылады.

Экологиялық таза дақыл өсіруге көмектеседі

Үшінші нысан «SWISSGROW» брендімен тыңайтқыштар өндіретін кешен болды. Халық­аралық компания ауыл шаруа­шылығына арналған арнайы кешенді минералды тыңайт­қыштардың 400-ден астам түрін өндіреді. 35 жылдық тәжірибесі бар компанияның тыңайтқышы топырақтың әртүрлі түрінде құнарлықтың жоғарылауын қамтамасыз етеді. Қазақстанда «SWISSGROW» компаниясы 100-ге жуық тыңайтқыш атауын тіркеді. ТМД нарығына 20-ға жуығын экспорттауды жоспарлауда.

Жергілікті компанияның директоры Рүстем Алиев:

– Швейцарияның ауыл шаруа­шылығы саласындағы тәжірибесіне сүйеніп дайындалатын тыңайтқыштар дақыл түрлерінің саны мен сапасына әсер етеді. Бәрінен бұрын, дақылдың қоймада сақтау мерзімін ұзартады. Бізде жылыжай шаруашылығына және тамшылатып суаруға арналған рецепт бойынша сұйық және сусымалы тыңайтқышқа жататын 25 атау және 500-ден астам түрі бар. Онымен топырақтың құнарын арттыруға болады, – деп таныстырды.

Арнайы экономикалық аймақтағы «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополистің» басқарушы компаниясы болып «Astana Invest» инвестицияларды дамыту орталығы саналады. №1 Индустриялдық паркте өнеркәсіптік объектілерінің инвестициялық портфелі нақты салынған 112 жобаны құрайды

2017 жылы ақпан айында ашылған өндіріс орнында 14 адам тұрақты жұмыс істейді. Компания  жұмысының  тиім­ділігі – агрономдар арқылы шаруа қожалықтармен тікелей жұмыс істеп, тыңайтқыштардың қай түрін, қанша мөлшерде, қандай уақытта беру тәжірибесімен бөліседі. Яғни өнімді нарықта сатудан бөлек, швейцариялық брендтің тиімділігін көзбен көріп, қолмен ұстайтын деңгейге жеткізеді.

– Жобаның жалпы құны – 150 миллион теңге. Жылына 50 мың тонна сұйық және құрғақ түрінде тыңайтқыш шығарамыз. 2023 жылы 5,8 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, мемлекетке 673 миллион теңгенің салығын төледік. Шикізаты – минералды заттар. Біздің ел минералды элементтерге бай болса да, шикізатты шет елдерден әкелеміз, – деді директор Рүстем Алиев.

Қаланы абаттандыруға қарқын береді

Қалаға да, ауылға да абаттандыру жұмысын жүргізгенде тастөсенішті (брусчатка) жерге қалап жатады. Әсіресе серуендейтін скверге, демалатын аллеяға түрлі-түсті брусчатканы төсейді. Былтыр елордада ондаған демалыс орны жаңа сипатқа енді десек, барлығында тастөсенішті жаңалады. Демек, брусчатка өндірісіне сұраныс жоғары. Міне, нарықтағы сұранысты өтеуге «Paving Stone Company» ЖШС тәуекел етіп, жаңа өндіріс орнын құруға 5,9 миллиард теңге инвестиция құйды. 4 мың шаршы метр аумаққа қамтитын өндіріс орны автоматтандырылған. Артықшылығы – өндірістен шыққан суды қайта өңдеп, қолданады, әрі өнімді түрлі-түспен шығарады.

– Құрама темірбетон және бетон конструкциялары мен бұйымдарын өндіреміз. 70 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Тәулігіне 5 мың шаршы метрге дейін өнім шығарамыз. Аралас форматты: Artis, Teppa S, Agara, Микс S, Микс L, Софи аталатын өнім түрлерін өндіреміз. Тастөсеніштің стандартты 50×50 өлшемінен бастап, 30×30, 60×30, 30×15, 60×20 табуға болады. Жиектастардың өлшемі 100×30×15, 100×25×10, 100×20×8, 50×20×8 бойынша дайындалады, – деп таныстырды компанияның сауда-саттыққа жауапты директоры Жақсылық Есентеміров.

Одан әрі өндірісте қиыршық тасқа цементті араластырып дайындаудан, тастөсенішті шығаруға дейінгі толық циклды жұмысын көрсетті. Алдымен арнайы аппаратта бір қалыпқа келтіріліп, сосын жылжымалы жүйе арқылы беріктігін арттыратын қоймаға жіберіліп, кептіріледі. Онда 24 сағатқа дейін 40 градуста ұстайды. Одан әрі қораптарға жиналып, нарыққа шығаруға әзірленеді. Осы аралықта арнайы мамандар өнімнің сапасын қайта-қайта тексеріп отырады.

Түркия бренді – Қазақстанда

«YDA Group» компаниясы бизнестің негізгі 11 саласында табысты саналады. Әсіресе, құрылыс және жылжымайтын мүлік, медицина және сауықтыру, авиация және энергетика, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, ақпараттық технология бағытында әлемдік деңгейдегі қызмет ұсынады. Бұл компания Қазақстан нарығына кіріп, ірі жобаларды іске асыра бастады. Соның бірі – Түркістан қаласындағы халықаралық аэропорттың құрылысын жүргізді. Одан бөлек, Петропавл, Қостанай, Түркістан, Астанада емхана салды.

Бізді қарсы алған алпауыт компанияның директоры Мүрат Четин индустриялық паркте орналасқан өндіріс орнымен таныстырды.

– 2022 жылы 22 миллиард теңге инвестия салып, ашылдық. Өндіріс орнында 5 цех бар. ПВК және алюминий есіктер мен терезелер шығаратын және медициналық газ жабдықтары, кеңсе жиһаздары, медициналық техникалық жиһаздар мен жабдықтар, құрама ғимараттар шығаратын цехта 200-ге жуық адам жұмыс істейді. 2023 жылы 3,3 миллиард теңгенің өнімін дайындап, 266,5 миллион теңге салығын төледік, – деді түрік азаматы Мүрат Четин.

Бізді медициналық жиһаз бен жабдықтар шығаратын цех қызықтырды. Онда қозғалмалы, жылжымалы түрлі кереуеттер дайындалады екен. Тіпті арбада отыратын науқастарға да жайлылық беретін жабдықтарды көрдік. Әзірге медициналық жабдықтармен Петропавл, Қос­танай, Түркістан және Астана қаласындағы емханаларды қамтамасыз етуде. Егер сұраныс болса, өнімділікті арттыруға толық мүмкіндік бар екен.

4 гектар аумақты қамтитын өндіріс орнындағы 5 цехты толық аралап шығуға 1 күн кететіні анық. Заманауи құрылыс­та нағыз төңкеріс жасаған құрама ғимараттар шығаруды ілгерілету – маңызды іс. Өйткені құрылыс индустриясы ғимараттарды қысқа мерзімде салуды талап етеді. Қазір суық және ыстық ауа райына, жер сілкінісіне және дауылға төзімді материалдарға шет елдерде сұраныс жоғары.

P.S: АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Германия бизнесті дамыту арқылы озық елдер қатарында көш бастайды. Бір ғана мысал, АҚШ-та 33,3 миллион компания бизнес санатына жатады, әрі онда 61,6 миллион адам жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш АҚШ-тағы жұмыс күшінің 45,9 пайызын құрайды. Біздің Үкіметтің ел экономикасындағы шағын және орта бизнес үлесi 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді талпынып отырғаны осы себепті. Экономикалық аймақ осы бағыттағы межелі жұмысты атқару үшін құрылып отырғаны анық.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button