Ел тынысы

Астанада тағылымдамадан өттік

Жоғары оқу орындары – болашаққа бағдар беретін, келешекке  жол сілтейтін құтты мекен. Осы ортадан түлеп ұшқан әрбір түлек өмірден өз еншісін иеленуге дағдыланады. Бакалаврдың білімін алған жас маманның алдында тағы да екі таңдау тұрады. Бірі – бітірген мамандығы бойынша жұмысқа орналасу болса, екіншісі – ғылым жолын жалғастыру.

Ғылымның алғашқы баспалдағы ол, әрине, магистратурадан басталады. Жиыны алты жылда сіңірген білімін саралап, тәжірибе алмасу үшін ғылыми тағылымдаманың маңызы зор. Ал ғылыми тағылымдаманы еліміздегі жоғары оқу орнынан өтудің қандай пайдасы бар? Жақсыны көрмек жақсы, көргенді көкірекке түймек жақсы. Шындығында магистранттың көбі ғылыми тағылымдаманы шетелден өтеді, оған арнайы қаражат та бөлінеді. Дәл осындай тағылымдаманы өз еліміздің өзге оқу орындарынан өтудің де пайдалы болатыны анық.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының екінші курс магистранттары Астана қаласындағы  А.Қ.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институтының ғылыми-зерттеу  орталығында 2 апта бойы ғылыми тағылымдамадан өттік.  Елордаға сапарымыз дәрістің айналасында шектелмей, қаланың тарихи-мәдени ошақтарына бас сұқтық. ҚР Ұлттық кітапханасы, ұлттық мұражай, «Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешені, Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры, «Жастар» театры сынды бірнеше жермен танысып, өткеніміз бен бүгініміздің сабақтастығына куә болдық. Бізге осындай мүмкіндіктерді жасаған екі оқу орнының басшылығына алғыс айта отырып, тағылымдамадан алар тағылымымыз мол болғанын жеткізгіміз келеді.      Аталған оқу орнында «Академиялық жазылым» курсы бойынша дәріс тыңдап, қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру бағыттары жөнінде семинарға қатыстық, ғылыми мақала жазу жөнінде кеңестер алдық, жас ғалымдарға арналған ғылыми жоба жұмысын әзірлеу жолдарымен таныстық. Сонымен қатар, жаңартылған білім беру мазмұны бойынша қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың белсенді әдістерін үйрендік.

Гүлжан Қиарыстанова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button