Басты ақпаратҚала мен Сала

Тасқынмен күрес толастаған жоқ

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы жұмыс қызу жалғасып жатыр. Қарғын су Астана маңындағы елді мекендерге де қауіп төндірді. Осыған орай, елордалық құтқарушылар Қостанай облысынан келген әріптестерімен бірге бас қалаға жақын орналасқан ауылдардағы судың алдын алуға көмектесуде.

Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан қорғау» объек­тісінің толтырылуына және Есіл өзені арнасының деңгейіне тұрақты негізде мониторинг жүргізеді. Бүгінде елордада су тасқыны жағдайы штаттық режимде өтуде, жағдай тұрақты.

Былтыр қыркүйекте астанада су тасқыны қаупі бар учаскелер комиссия тексеруінен өтіп, 20 учаске бойынша аудан әкімдеріне қажетті шаралар қабылдау туралы ұсыным берілген болатын. Соның арқасында бас қалаға үлкен қауіп төнген жоқ еді. Дегенмен қарғын су қала маңындағы елді мекендерге қауіп төндіріп тұр.

Жібек жолы – жіті бақылауда

Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Аршалы ауданындағы су тасқынына қарсы жұмыс­тар қызу жүріп жатыр.

– Жібек жолы ауылы №6 шағын ауданының маңында еріген су деңгейінің жоғарылауына байланысты тұрғын үйлерді су басу қаупі туындады. Жер білігін тұрғызу және нығайту жұмыстарын жалғастыру үшін жергілікті атқарушы органдар дереу 18 КамАЗ, 13 тиегіш, 6 экскаватор мен бульдозер мөлшерінде күштер мен құралдарын жұмылдырған болатын. Бүгінде бұл елді мекенде қарғын судың алдын алу бағытында белсенді жұмыс жүріп жатыр. Ауа райының күрт суытуына қарамастан, ауыл адам­дары қызу еңбек етуде. Сонымен қатар Қарағанды қаласы ТЖД 30 адам және 1 техника күштері мен құралдары, сондай-ақ ҚР ТЖМ №52859 әскери бөлімшесінен 21 адам, 1 техника және Астана қаласынан 6636 ҚР Ұлттық ұланнан 70 адам, 2 техника келді. 2300 тонна инертті материал әкелінді, 35 мың қап дайындалып, төселді. Су тасқынына қарсы жұмыстарды жүргізу үшін жергілікті тұрғындардан 200 адам мен 55 ерікті де көмекке келгенін атап өткен жөн, сондай-ақ олар әскери қызметшілер мен құтқарушыларға ыстық шай мен ыстық тамақ әзірлеп, алғысын білдірді. Ауыл адамдары құтқарушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етуде, – деді Ерсайын Қойшыбаев.

Қала маңындағы барлық елді мекенде құтқарушылар жергілікті тұрғындармен және Ұлттық ұланның сарбаздарымен бірлесіп, тәулік бойы тынымсыз еңбек етуде. Олар қажетті техникамен және құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Мамандардың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда барлық елді мекенде жағдай бақылауда, бірақ су тасқыны қаупі әлі де сақталуда

Су тасқынына қарсы жұмыстар тәулік бойы жүргізілуде және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ Аршалы ауданы Төтенше жағдайлар басқармасының тұрақты бақылауында. Дегенмен жергілікті жұртшылық алаңдаулы. «Егер уақытында көмек келмесе, су қалаға жетіп баруы мүмкін» дейді тұрғындар.

Астана қаласына жақын орналасқан Жібек жолы ауылының маңында еріген қардың суы күн жылынған сайын көтеріліп жатыр. Қазір елді мекеннің тұрғындары екі қолға бір күрек ұстап, суды тоқтату үшін қаптарға топырақ салып, дамба тұрғызуда. Екі күннен бері бұл жұмысқа Астанадан да азаматтар келіп, көмектесіп жүр. Соның бірі – «Жастар рухы» мен «Астана жастары» қозғалысының 150-ге жуық еріктісі.

Қазір Жібек жолы ауылының маңында еріген су деңгейінің көтерілуіне байланысты тұрғын үйлерді су басу қаупі бар. Осыған орай, Астана қаласының әкімдігі қорғаныс құрылысын салу үшін барлық қажетті техниканы, инертті материалдар мен топырақ салынған қапшықтарды әкелді. Дегенмен жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде Жібек жолы ауылына көмек қолы әлі жетпей жатқанын алға тартып отыр. Олардың айтуынша, егер бүгін-ертең Астанадан суды тоқтатуға көмек келмесе, су Жібек жолы мен Күйгенжар ауылын шайып кетуі мүмкін.

Бұған дейін Астана қаласының іргесінде орналасқан Қоянды мен Талапкер ауылдары, Қосшы қаласының маңындағы Тайтөбе елді мекені де судың астында қала жаздаған еді. Бұл ауылдарда қыс бойы жиналған қар уақытында сыртқа шығарылмай, тұрғындардың жүріп-тұруына кедергі келтіріп, әбігерге түсірген болатын.

«Енді Жібек жолы суын тоқтатпаса, онда су дала арқылы өтіп, барлық елді мекенді су басуы ықтимал. Су Күйгенжарға жақындады, Есіл толып кетті» деді ауыл тұрғындары. Ал сала мамандары Астана қаласын су басу қаупі жоқ деп сендірді. Тасқынды болдырмау үшін елорда іргесіндегі Тайтөбе ауылында жағалауды биіктету, суды тез өткізу үшін көпір бұзу сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Атбасардағы ахуал алаңдарлық

Ақмола облысына қарасты Атбасар қаласында Жабай өзені арнасынан асып, ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мұны аудан әкімі Аманбек Қалжанов мәлімдеді.

Облыстық ТЖ департаментінің ресми өкілі Ерсайын Қойшыбаевтың айтуынша, төтенше жағдай мамандары мен жергілікті тұрғындар бірлесіп судың жолын бөгеу жұмыстарын қолға алған. Инертті материалдар дайындаған. Бұл жұмыстарға құтқарушылар мен әскерилер жұмылдырылып, еріктілер де атсалысуда.

– Атбасардағы жағдай жіті бақылауда. Тұрғындарды эвакуациялау, нысандар мен тұрғын үйлерді қорғау шаралары жүргізілуде. Қазіргі уақытта мотопомпалардың көмегімен еріген суды сору жұмыстары жүргізілуде. Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің 400-ден астам адамы мен 100 техникасы жұмылдырылды, – деді ресми өкіл.

Астанаға жақын бұл елді мекенді былтыр да су басып, жергілікті жұртшылықты біраз әбігерге салған болатын. Сол кезде де тұтастай көшелер суға батып, тұрғындар баспанасынан шыға алмай қалған еді. Өкініштісі, жылда қайталанса да, жергілікті әкімдік су тас­қынының алдын алуға қарсы еш амал-айла таба алар емес.

Ресми деректерге сү­йенсек, 2014 және 2017 жылдары Атбасар қаласында су тасқынының салдары аса қатты болды. 2014 жылы 554 үй суға кетсе, 2017 жылы 600-ге жуық тұрғын үйді су басып, жарамсыз күйге түскен. Бюджет қаржысы шығындалып, үйін мүлдем қалпына келтіруге болмайтындарға жаңадан баспана салынған. Дәл осы жылдары Жабай өзенінің арнасы 6 метрге дейін көтеріліп, шекті межеден екі есе асып кетті. Дегенмен бұл жылдары тасқын судың қатері аса күшті болғанмен, су өзенге таяу орналасқан тұрғын үйлерді ғана шайған. Ал биыл атбасарлықтар аса қатты алаңдап отыр. Өйткені бұған дейін ешқашан су баспайтын Жабай өзенінен шеткері орналасқан көшелер мен аудандарды да су басып, аулаларға, оның ішінде кейбір жер үйлерге дейін су кірген.

Қояндыда жағдай қалыпты

Наурыз айының соңында Астана маңындағы Қоян­ды ауылын да су басты. Бүгінгі таңда су қаупі сейілді ме? Қазіргі ахуал қалай? Биыл неге елді мекен су астында қалды? Төтенше жағдай қызметкерлері қандай жұмыс атқарып жатыр?

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Қояндыдан биыл 150 мың текше метр қар шығарылып, 100 мың текше метрге жуық еріген су тартылды. Ақмола облысы мен Астана қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органның 35 техникасы, 100-ден аса адам және 41 мотопомпа жұмылдырылды. Қазіргі таңда жағдай қалыпты.

2004 жылы Қоянды ауылында 58 үй болса, қазіргі таңда 5 мыңға жуықтады. Ауылда 180 шақырымға созылған жол және 108 көше бар. Сонымен бірге Қояндыда 40 мыңға жуық халық тұрады. Ауылда жедел эвакуацияланған адамдар жоқ. Ауыл әкімі Бақытхан Солтанбай ауылдағы жағдайдың неден шығып отырғанын айтып берді.

– Көп фактор бар. Соның бірі – Қояды бас жоспарсыз құрылған ауыл. Елді мекеннің бас жоспары тек 2018 жылы ғана бекітілді. Ауылдың көптеген үйі тасжолдан төмен орналасқан. Былтыр 16 шақырымға жуық жол салынған болатын. Құрылыс нормалары мен арнайы стандарттары сақталмай үйлер салына берген. Жалпы ауыл алдымен инфрақұрылым қалыптасып, кейін ғана қолданысқа берілуге тиіс, ал Қоянды – олай құрылмаған елді мекен. Көбіне жол жиегінде тұрған үйлердің іргесінен су кіріп жатыр. Оның үстіне фундаменті де биік салынбаған. Төтенше жағдай қызметкерлері жұмылып, су басу қаупі бар көшелердің суын сорғызып жатыр, – деді Қоянды ауылының әкімі.

Сонымен қатар әкім бүкіл мәселе жолдан бас­талып отырғанын айтты. Өйткені ауыл құрылғаннан бері заңсыз аймаққа үй сала берген тұрғындар бар. Тіпті кейбірі үйін заңдастырып алған. Бұл өз кезегінде толық ауыл жоспарының құрылуына кесірін тигізуде.

– Қояндыдағы қарды толық шығару үшін облыстан кемі жарты миллиардқа жуық қаржы бөлінуге тиіс. Биыл қар шығаруға 55 миллион теңге қарастырылған. Бірақ бұл аздық етеді. Алдағы уақытта аудандық мәслихат бұл мәселені қолға алып, бюджетімізді көбейтсе дейміз. Қазіргі таңда ахуал тұрақтанды. Құтқару жұмыстары тыңғылықты жүргізілуде, – деді ауыл әкімі.

Қала маңындағы бар­лық елді мекенде құтқарушылар жергілікті тұрғындармен және Ұлттық ұланның сарбаздарымен бірлесіп, тәулік бойы тынымсыз еңбек етуде. Олар қажетті техникамен және құралдармен толықтай қамтамасыз етілген. Мамандардың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда барлық елді мекенде жағдай бақылауда, бірақ су тасқыны қаупі әлі де сақталуда.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button