Ел тынысы

Астанада су тасқынының алдын алу мен салдары туралы пікірталас өтті

Назарбаев университетінде табиғи апаттар, оның ішінде су тасқынына қатысты сарапшылар өзара пікір алмасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Толығырақ аталған шараны ұйымдастырушы, SDNH Youth Kazakhstan жобалық менеджері, Назарбаев университеті Саясаттану және халықаралық қатынастар бағытының студенті Нұрсая Алпысбес айтып берді.

«Бүгінгі іс-шараны біз осыдан үш апта бұрын ұйымдастырмақ болғанбыз. Бірақ оның тақырыбы жер сілкінісінің зардабы туралы еді. Дегенмен ел аумағында су тасқыны басталды, сондықтан тақырыпты өзгерттік. Бүгінгі жиында су тасқыны, оның себебі мен салдары туралы талқыланды. Сонымен қатар болашақта су тасқынының алдын алуды неден бастау керек, қандай шаралар қабылдау керек деген мәселелер көтерілді», – деді БАҚ өкілдеріне аталған іс-шараның маңыздылығы туралы айтқан Нұрсая Алпысбес.

Спикердің пайымдауынша, қазір өңірлердегі су тасқынының себеп-салдарын анықтау және алдағы уақытта оны болдырмау үшін ғылыми зерттеу жұмыстарын қолға алу керек, яғни, гранттар бөліп, сала мамандарын көптеп тарту қажет.

«Су тасқынының алдын алуға болады, бірақ ол уақыт, қаражат пен жүйелі зерттеуді талап етеді. Қазіргі су тасқынының зардабы үлкен залалға алып келуі мүмкін, сондықтан да мәселенің мәнін зерттеуге мамандарды тартуымыз керек. Сонымен қатар шешімді уақтылы қабылдаған жөн», – дейді ол.

Айта кетейік, бүгін елордадағы Назарбаев университетінде төтенше жағдайларға төтеп беру мәселелері бойынша сарапшылардың пікірталасы өтті. Аталған іс-шара Назарбаев университеті, оған қарасты Қызыл ай қоғамы мен БҰҰ Тұрақты даму шешімдері желісінің жаһандық жастар бастамасымен ұйымдастырылды.

Дискуссия барысында табиғи апаттар, оның ішінде су тасқыны, жер сілкінісі, орман өрттері мен эпидемиялық жағдай бойынша сала мамандары пікір білдірді.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button