Қала мен Сала

Бюджеттің атқарылуы талқыланды

Қалалық мәслихаттың мәжіліс залында өткен Қоғамдық кеңестің отырысында Астананың 2023 жылға арналған бюджетінің атқарылуы туралы мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Астана қаласы Қаржы басқармасының басшысы Алиби Жұмаев баяндама жасады. Айтуынша, 2023 жылғы бюджет саясаты қаланың даму бағдарламасында және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларында анықталған мақсаттарға және міндеттерге қол жеткізуге бағытталды.

– Меншікті кірістердің көлемі 777647,9 млн теңгені немесе жоспардағы 754362,7 млн теңге соманы орындай отырып, 103,1%-ды құрады, оның ішінде: салықтық түсімдер бойынша түсімдер 740597,9 млн теңге немесе жоспардағы 713648,1 млн теңгені есепке алғанда, жоспар 103,8% орындалды. Қосымша 26949,8 млн теңге түсім түсті. Оның ішінде салықтық емес түсімдер 21947,5 млн теңге болса, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер – 13395,5 млн теңге (жоспардағы 12680 млн теңге) немесе 105,6%, қосымша 715,5 млн теңге түсім түсті. 2023 жылы қала бюджетінің шығыс­тар бойынша атқарылуы – 1241289,3 млн теңгені немесе 99,5%-ды құрады, – деді басқарма басшысы.

Бұл ретте баяндамашы өткен жылға арналған бюджеттің атқарылуы жөнінде кеңінен айта келе, бөлінген қаржының көлемі осы жолы үш есеге дейін өскенін және кейбір мекемелерге бөлінген қаржының игерілмегенін атап өтті.

Жылдағы дәстүр бо­йынша қосымша қаражат денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау саласында қарттар мен мүгедектігі бар адамдар үшін жалпы үлгідегі медициналық-­әлеуметтік мекемелерде, арнау­лы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарында, әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге; білім беру саласында оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуға және жеткізуге, дамуында ­проблемасы бар балалар мен жасөспірімдерді оңалтуға және әлеуметтік бе­йімдеуге, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға, сондай-ақ мәдениет саласындағы мемлекеттік шығармашылық тапсырысты және спорт саласындағы мемлекеттік спорт тапсырысын жан басына шаққандағы қаржыландыруды іске асыруға бағытталған.

Одан әрі Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Искаков елорданы дамыту жоспары бо­йынша атқарылып жатқар жұмыстарға тоқталды.

– Астана қаласын дамыту жоспары бойынша 2023 жылы 3 бағыт шеңберінде 106 нысаналы индикаторды орындау көзделген, оның ішінде 71-іне, яғни 67%-ға қол жеткізілді, 16-сы немесе 15,1%-ына қол жеткізілген жоқ. Қазіргі уақытта 16 индикатор бойынша есепті кезеңде статистикалық деректер жоқ, 3 көрсеткіш бойынша 2023 жылы іске асыру жоспарланбаған. Жоспарды іске асыру жөнінде былтыр 175 іс-шара көзделген. «Қала халқының әл-ауқаты деңгейі мен өмір сүру сапасын арттыру» бағыты шеңберінде 57 нысаналы индикатор, 179 іс-шара қарастырылған, – деді Жәнібек Искаков.

Жаңа жұмыс орындары ашылды

Бас қалада әлеуметтік салада жаңа кәсіпорындарды ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрғандарды дамыту есебінен 62,1 мың жаңа жұмыс орны, оның ішінде 56969 тұрақты және 5140 уақытша жұмыс орындары құрылды.

Жұмыссыз азаматтарды тегін оқыту бойынша жұмыс жалғасып келеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында 2023 жылы 1262 жоба мақұлданды.

Астана қаласы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы орынбасарының мәлімдеуінше, елордада тіркелмеген, еңбек және практикалық дағдысы жоқ азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында Joltap жобасы іске қосылды. Білім беру саласында 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 68,1 мың баланы (81%), 3-6 жастан бастап 64,5 мыңға жуық баланы (99,5%) құрады. Өткен жылы екі ауысымда 15300 орындық 12 мектеп пайдалануға берілді. 2024 жылы 71440 орындық 27 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бо­йынша Астанада 2024-2027 жылдар аралығында 88800 оқушы орнына арналған 24 мектеп салынады.

Денсаулық сақтау саласында 900-ге жуық медицина қызметкері біліктілікті арттыру курстарында оқытылды, оның ішінде 872 адам республика ішінде, 45 адам шетелде білім алды.

Ведомство өкілі 2023 жылы 6 медициналық ұйым­да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін және 708 медициналық техника сатып алынғанын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың материалдық-техникалық жабдықталуы 100 пайызды құрағанын жеткізді.

– «Өмір сүруге жайлы қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында «адамдарға арналған қала» жобасының екінші бағыты аясында 26 нысаналы индикатор, 58 іс-шара қарастырылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы ауданы 3,8 млн шаршы метр тұрғын үйді құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,1%-ға жоғары. Тұрғын үй сатып алуға мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек ретінде 374 тұрғын үй сертификаты берілді, – деді Жәнібек Искаков.

«Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС үлестік құрылыстағы 7 проблемалық үйді (3,5 мыңға жуық үлескер) пайдалануға берді. Көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін 52,8 шақырым орташа жөндеу жүргізілді. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қалалық маңызы бар автокөлік жолдардың үлесі 92,9/7,1% құрады. Сумен жабдықтау және су бұру бойынша 12 жоба іске асты.

«Заманауи бәсекеге қабілетті қала» жобасының үшінші бағыты аясында 23 нысаналы индикатор, 36 іс-шара қарастырылған. 2023 жылдың 9 айында Астана қаласының жалпы өңірлік өнімінің көлемі 7,8 трлн теңге немесе 2022 жылмен салыстырғанда 105,2%-ды құрайды. Елдің жалпы ішкі өніміндегі қаланың үлесі – 10,4%. Жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 5,7 млн теңгеден асты.

2023 жылы елорданың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 6,6%-ға өсіп, 1,6 трлн теңгеге жетті. Өткен жылы 30 жоба іске қосылып, 1800 жұмыс орны ашылды.

Бүгінгі таңда қала экономикасының құрылымында негізгі үлесті – 74,5%-ды шағын және орта бизнес алады, бұл орташа республикалық деңгейден 2 есеге артық. Жұмыс істеп тұрған ШОБ субъек­тілерінің саны 11,2% өсіммен 227 мың бірлікке дейін өсті. Мұнда қазіргі кезде 522 мың адам жұмыс істейді, бұл қаланың экономикалық белсенді халқының 75 пайызын құрайды.

Үй кезегінде тұрғандар көп

Қоғамдық кеңес отырысында елордада тұрғын үй кезегінде тұрғандар санының азайып келе жатқаны туралы айтылды. Бұл жөнінде қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Бақытжан Жолмұқан мәлімдеді.

Оның сөзінше, Астанада тұрғын үйге кезегінде 40872 адам тұр. Олардың арасында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 2685 бала бар. Мемлекеттен берілетін тұрғын үйдің 20%-ы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады.

Қазір жетім балаларға 173 пәтер беру жағы қа­рас­тырылып жатыр. Өткен жылы жазда тұрғын үй кезегінде 48 мың адам тұрса, бүгінгі таңда олардың саны 40872 адамды құрап отыр.

Сонымен бірге Қоғамдық кеңес отырысында «Астана қаласының аумағында бөлшек салықтың мөлшерін төмендету туралы» Астана қаласы мәслихатының 2023 жылғы 30 маусымдағы №50/5-VIII шешіміне өзгерістер енгізілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының 2024 жылғы екінші тоқсанға арналған шекті мәні бекітіліп, елорданың әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесі айқындалды.

Отырысты қорытындылай келе, Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов 2023 жылы бюджеттен бөлінген қаржының 30%-дан астамы әлеуметтік саланы дамытуға бағытталғанын, талқыланған мәселелердің барлығы, түптеп келгенде, Астана халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналғанын атап өтті. Расында, қаланың даму жоспарын орындау елорданың серпінді дамуына және шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

 

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button