Басты ақпаратҚала мен Сала

Жол жұмысы тәулік бойы жалғасады

Астананың ажары әсем де сәнді ғимараттарымен және сәулетті бейнесімен ғана өлшенбесе керек. Ол айналаның тазалығына да тiкелей байланысты. Ал бас қала көшелерін мұнтаздай жарқыратуға мейлінше үлес қосып келе жатқан мекеменің бірі – «Астана-Тазалық» ЖШС. Жылдың төрт мезгілінде де уақытпен санаспай, тынымсыз еңбек үлгісін танытып жүрген мұндағылардың жұмысымен жақынырақ танысу ниетімен кәсіпорынның Ақжол көшесі, 49 мекенжа­йында орналасқан екі қабатты ғимаратына ат басын бұрдық.

«Астана-Тазалық» ЖШС өндіріс-техника бөлімінің жетекшісі Ержан Айтмаханұлы бізді жылы шыраймен қарсы алды. Айтуынша, қаланы күнделікті тазалаумен айналысатын кәсіпорынның жұмыс күні таңғы сағат 6-дан басталады екен.

– Мекеменің жол жұмысшылары осы кезде өздеріне бекітілген учаскелерді тазалауға кіріседі. Содан демалыс жоқ. Ауысыммен бірін-бірі алмастырып, жұмыс тоқтаусыз жалғаса береді, – деп бастады әңгімесін бөлім жетекшісі. – Бүгінгі таңда біздің мекемеде механикаланған, яғни техниканы жұмылдырып көшелерді тазалау, қарды қолмен жинау, кәріз жүйелеріне техникалық қызмет көрсету және нөсер суының алдын алу бағытында жұмыстар жүзеге асып келеді. Жалпы «Астана-Тазалық» ЖШС қаланың 300-ден астам көшесін немесе жиналатын алаңдардың жалпы көлемінің 42 пайыз аумағына, яғни 14980042 шаршы метр алаңды жуып-тазалайды. Олардың басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 70 пайызы магистралдық көшелерден тұрады. Бұл жұмыс­тарға күн сайын кәсіпорыннан 361 жеке техника мен 391 жол жұмысшысы жұмылдырылады.

Жұмысшылардың дені – ауылдықтар

Қыс бойы қар тазалап, мұз оюмен айналысатын кәсіп­орынның жол жұмысшылары жылдың жылы мезгілдерінде де қарап отырмайды. Елорданың ерекше таза болуына, көшелері мен аулаларының қысы-жазы айнадай жарқырап тұруына атсалысып келеді. Бүгінде бас қаланың Алматы, Байқоңыр, Есіл, Нұра және Сарыарқа аудандарында аумақты қысқы кезеңнен ке­йінгі тазарту және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, игі іске жүздеген коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар жұмылдырылуда.

Есіл ауданындағы Бәйтерек учаскесіне келгенімізде, бұл жерде жұмыс қызып жатты. Учаске шебері Айкерім Жолдасқызын әңгімеге тарттым.

Алғашында бұл мекемеге жай жол жұмысшы болып орналасқан ол – бүгінде осы саладағы жұмыстардың қыр-сырын жақсы меңгеріп алған білікті маман. Қарамағында 20 шақты жұмысшысы бар екен. Айтуынша, аудан аумағында екі учаске бар: оның бірі – ЭКСПО, екіншісі – өзі шеберлік ететін Бәйтерек учаскесі. Олар Қабанбай батыр даңғылынан бастап М-3 көпірі, Ш.Қалдаяқов көшесіне дейін, Ақмешіт, Түркістан, Сауран көшелерін, Сығанақтан бастап Орынбор көшесіне дейін тазалаумен айналысады.

Қазіргі кезде «Астана-Тазалық» ЖШС-те ­жалпы саны 2000-ға жуық адам жұмыс істейді. Күн сайын жалпы саны 315-330 жұмысшы қала тазалығымен айналысады. Биыл олардың жалақысы 20 па­йызға көтерілді. Орташа есеппен олардың әрқайсысы 200-250 мың теңге шамасында еңбекақы алады. Барлық инвентармен, қысқы-жазғы киіммен, жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтармен тегіс қамтамасыз етілген

Жол жұмысшылары екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы 6-дан 3-ке дейін жұмыс істесе, одан кейін келесі ауысым қызметке кіріседі. Кешкі бригада тағы бар. Қысқасы, жол жұмысшылары тәулік бойы тыным таппайды.

Көшеге шығып жұмыс істемес бұрын алдымен кеңседе жиналып, техника қауіпсіздігі бойынша өткен кеңестен кейін журналға қол қойып, әркім өзіне бекітілген учаскеге жұмыс іс­теуге аттанады. Мәселен, бүгін екі жұмысшы контейнердің маңын тазалауға жіберілсе, екі адам арнайы техниканың көмегімен көшені сыпыруға және төрт жұмысшы қолына пакеттері мен қысқышын алып күл-қоқыс жинауға шығады.

– Астана – үлкен қала. Қанша жинап, тазалап жатсақ та, кейде таңертең жинап кеткен жеріміз түстен кейін шашылып жататын кездер болады. Ондайда ренжімей, қабақ шытпай, екінші ауысымның жұмысшылары қайта жинайды. Адамдар да әртүрлі. Кейде «Gorilla», «Coca-Cola» секілді сусынды ішеді де, бос құтыны қоқыс жәшігіне салмай, жерге тастап кетеді. Жеген тамақтарының қалдығын да жол бойына тастайтындар көптеп кездеседі. Тіпті келе жатып, қолындағы заттарын бізге қарай лақтыра салатындарды да көріп жүрміз. «Неге олай істейсің? Алдыңда қоқыс жәшігі тұр ғой» десең, «Бұл – сенің жұмысың, сен жинай сал» деп өз жөніне кете баратындар жоқ емес. Ондайларды көргенде, әрине, қынжыласың. Жалпы тұрғындарға айтарым: қала тазалығына көңіл бөліп, қарапайым адамдардың еңбегін бағаласаңыздар екен, – деді Айкерім Шелимбетова.

Жол жұмысшыларының дені қала маңындағы ауылдардан келеді екен. 2012 жылдан бері осы мекемеде еңбек етіп жүрген 58 жастағы Қарлығаш Әлімбекова Малиновкадан қатынап жұмыс істесе, Ербол Қырғызбаев Романовка деген ауылдан келіп жұмыс істеп жүрген көрінеді.

Жасы 50-ге жақындаған Гүлнәр Құсайынова болса Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Байтуған ауылынан. Бұған дейін аспаз болып жұмыс істеген ол жолдасының денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыздығын, шиеттей үш баланы асырау үшін 120 шақырым жерді артқа қалдырып, күн сайын Астанаға қатынап жұмыс істеуге мәжбүр екенін жасырмады.

– Ауылымызда жұмыс та, жалақы да жоқ. Бұл жерде ай сайын уақытылы еңбекақымызды алып тұрамыз. Мереке күндері сыйақы береді. Қалада тұратындар қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Біз секілді сырттан қатынап жұмыс істейтіндерді арнайы автобуспен тасымалдау қарастырылған. Қыстың күндері тегін тамақпен қамтамасыз етті. Жұмыс оңай емес, әрине. Әсіресе аязды, боранды күндері ауыр. Бірақ көбіне қимылдап жұмыс істегеннен кейін бе, тоңа қоймаймыз. Тұрғындардың мәдениеті туралы айтсақ, бәрі де болады. Жұмысымыз болған соң ешкіммен қарсыласпаймыз, тазалық сақтауға тырысамыз. Жалпы қазір бұрынғыдай емес, адамдар айналасына ұқыппен қарауға дағдыланып келеді, – деді жұмысшы.

Олар сонау алыс ауылдардан ат арытып, Астанаға еріккеннен келіп жүрген жоқ. Ауылда жұмыс болса, бала-шағасының қасында тып-тыныш отырар еді ғой. Тұратын елді мекендерінде не жұмыс, не жалақы болмаған соң, осылай еңбек етіп, нәпақа тауып жүргендер жұмысына адал, елорданың өзге қалаларға үлгі болуы жолында аянбай тер төгуде.

Техника тілін меңгергендер тапшы

Астанада көшелер мен ашық аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстары күн сайын жалғасып жатыр. Бұл ретте Мемлекет басшысы да cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Соның аясында қаладағы көпірлер, түрлі белгілер, қоршаулар, ескерткіштер жуылып, гүлзарлар, саябақтар, қоғамдық кеңістіктер қоқыстардан тазарып, арнайы техниканың көмегімен тротуарлар мен жол жабындарын механикаландырылған тазалау жүргізіліп жатыр.

Бүгінде елорданың барлық 5 ауданында да жол жұмысшыларының тамақтануы мен түскі үзіліс кезінде сәл де болса тынығуы үшін барлық жағдай жасалған. Тек «Астана-Тазалық» ЖШС өндіріс-техника бөлімінің жетекшісі кәсіпорында техника тілін жетік меңгерген мамандардың жетіспейтінін атап өтті.

– Астананың тазалық мекемесіндегі жол жұмысшыларының басым бөлігі қалаға жақын маңдағы ауылдардан қатынап жұмыс істейді. Оларды тасымалдау тегін жүргізіледі. Дегенмен өздеріңіз білесіздер, бұл жұмысқа қалалықтар, әсіресе жастар жағы онша көп келе қоймайды. Ал мұндағы жұмысшылардың орташа жасы – 40 пен 50-дің арасы, одан үлкендері де бар. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда кәсіпорында кадр жетіспеушілігі байқалады. Қазірдің өзінде 80-100 жол жұмысшы жетіспейді. Көлік жүргізушілермен де мәселе туындап отыр. Арнайы техникалар болғандықтан, оған кез келген жүргізушіні ала алмаймыз, бұл салаға арнайы білімі бар мамандар қажет. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда ондай білікті мамандар тапшы, – деді Ержан Айтмаханұлы.

Әсіресе қыста жұмыс көп. Арқаның аязы мен боранына қарамай, қаланың қарын күреп, елорданың тазалығын қамтамасыз ететін «Астана-Тазалық» ЖШС жұмысшыларымен бірге техника жүргізушілері де тыным таппайды. Осындай қалың қар жауған кезде қосымша 433 бірлікке дейін арнайы техника тартылады. Мұндай кезеңде қар тазалау күшейген режимде, екі ауысыммен жүргізіледі. Ауа ра­йын болжау қызметі кәсіпорынға мәлімет жібереді. Мекеме соған сәйкес жұмысты реттеп отырады.

Бөлім жетекшісінің айтуынша, қазіргі кезде «Астана-Тазалық» ЖШС-те жалпы саны 2000-ға жуық адам жұмыс істейді. Күн сайын жалпы саны 315-330 жұмысшы қала тазалығымен айналысады. Биыл олардың жалақысы 20 па­йызға көтерілді. Орташа есеппен олардың әрқайсысы 200-250 мың теңге шамасында еңбекақы алады. Барлық инвентармен, қысқы-жазғы киіммен, жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтармен тегіс қамтамасыз етілген.

– Қазіргі таңда бұл салада ше­шімін күткен мәселелер баршылық. Мәселен, көшедегі қоқыс жәшіктеріне темекісін сөндірмей тастап кететіндер кездесіп қалады. Ол бұрынғыдай темір емес, пластик болғандықтан жанады. Тұрғындардың осыны ойламайтыны өкінішті. Сондай-ақ шағын, орта бизнес өкілдері мен қалада қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс алаңдарында күрделі мәселе көп. Олардың көбі әлі күнге дейін аумақтағы күл-қоқысты жинамай, «Астана-­Тазалықты» күтіп отырады. Негізі, ол табалдырықтан басталады, әр адам тазалықты өзінен бастауы керек. Өйткенi тазалық – мәдениеттiң басты белгiсi. Сондықтан елордалықтарды айналамыздың айнадай болуына айрықша үлес қосуға шақырамын! – деді Ержан Айтмаханұлы.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button