Басты ақпаратЕл тынысы

Гүл көмкерген елорда

Елордада алты айлық қыстан соң шуақты көктем келіп, айналаның қызылды-жасылды реңге боялып жатқаны көпшілікті қуантады. Шөп көктеп, гүл бүр жаратын осындай уақытта Астана жыл сайын еріксіз таңдай қақтыратын тамаша сәулетімен ғана емес, жайқалған жасыл желегімен көз тартады. Биыл да көшелерге ерекше көрік беретін гүл көшеттерін отырғызу жұмыстары мамырда басталады. Осы тұста біз қаланың гүл шаһарға айналуына жауапты «Астана көгалдандыру» мекемесінің жылыжайына барып, дайындық барысын көріп қайттық.

Әр тіршілік атаулының өз бастауы болады. Жасыл әлем үшін де солай. Гүл өсірудің машақатын қысы-жазы бағып-қағатын «Астана көгалдандыру» ЖШС мамандары жақсы біледі. Мекеме елорданың жас көшеттерін отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптаумен айналысады. Сондықтан, жүктелген міндеттерді орындау үшін мекеме құрамында көгалдандыру құрылысы, күрделі құрылыс, тәлімбақ, жылыжай шаруашылығы, ландшафтық жобалау шеберханасы секілді бірқатар қызмет түрі көрсетіледі. Ал қала сәнін келтіріп, астаналықтардың көңіліне жылулық сыйлайтын гүлдер осы мекеменің жылыжайында өсіріледі. Аумағы 20 мың шаршы метрді құрайтын мұндай 15 жылыжай бар.

Биыл Астана аумағында 3 миллионнан астам біржылдық және 500 мың шамасында кілем тәрізді гүл көшеттерін отырғызу жоспарланған. Гүл өсіру – қызығы мен қиындығы қатар жүретін жұмыстардың бірі. Жерді өңдеу, тұқымды егу, суару, желдету, қопсыту, отау, тыңайту, таңбалау секілді жұмыстарға 1000-ға жуық адам тынымсыз еңбек етеді.Бір ғана қалемшелеу әдісімен өсірілетін алуан гүлдердің жиынтық саны 500 мыңнан асатын көрінеді.

Гүлдердің тамыры жайқалғанға дейінгі күтімі бірнеше кезеңдерді қамтиды және аса төзімділікті қажет етеді. Алдымен мамандар арнайы машинаның көмегімен топырақты құрғақтай елейді, өңдеп, тазартады. Топырақ ұяшықтарға бөлінген жәшікке салынады. Тура сол жерде ол конвейер арқылы өтіп, әрбір ұяшыққа бір-бірден тұқым себіледі. Негізінен, бунақ тұқымдар себіледі. Олар тұтынушыға өсімдіктің қажет түсін, биіктігін, мөлшерін алуға кепілдік беріп, сапалылығымен ерекшеленеді. Мұндағы температура түнде +18 градус, ал күндіз +20-22 градуста сақталады.

Биыл Астана аумағында 3 миллионнан астам біржылдық және 500 мың шамасында кілем тәрізді гүл көшеттерін отырғызу жоспарланған

Елордада егілетін гүлдердің көп бөлігі – біржылдық өсімдіктер. Мұның себебі астананың қатаң климатына байланысты болса керек. Бұл туралы «Астана көгалдандыру құрылысы» мекемесінің Жылыжай кешенінің меңгерушісі Татьяна Артемьева кеңірек тарқатты.

«Әрине, гүл көшеттерін отырғызуда елорданың қатаң топырақты-климаттық жағдайлары міндетті түрде ескеріледі. Жазы қысқа, қысы ұзақ қалада өсімдіктер үшін күз бен көктем аяздарының болу қаупі бар. Осы факторлардың барлығын ескере отыра, қала климатына жылдам бейімделетін өсімдіктер өсіріледі. Жылыжайда біз агротехникалық іс-шаралардың бірі ретінде біржылдық гүлдерді суыққа дағдыландырып, «шынықтырып» аламыз.

Маусымдық егу жұмысы – ұзаққа созылатын процесс. Өйткені кейбір өсімдіктер ұзақ мерзімді өсіруді қажет етеді. Айталық, біз пеларгонияны ақпан айының басында егіп, ал мамырдың соңында жерге отырғызамыз. Сол сияқты барқытгүл ақпанның соңында егіліп, мамырдың аяғында не маусымның басында отырғызылады. Ал енді бірінде маусымдық егу 8-10 аптаға созылса, кейбірінде 4 айға ұзайды.

Біржылдық өсімдіктер қатарында пеларгония, барқытгүл, цинерария, нарғызгүл, жауылша, лобелия, гацания, бозкілем, шырайгүлдің түрлері бар. Оларды нағыз «астаналық» гүлдер деп айтсақ болады. Бойы да, өсімі де біркелкі әрі ыстық-суыққа төзімді» деді спикер.

Елорданы ертегідегідей ерекше шаһарға айналдыруда аталмыш ұйымның қосатын үлесі орасан.  Еңбегі ерен жандардың басым бөлігі – әйел адамдар. Жұртшылыққа жыл он екі ай бойына гүл сыйлайтын нәзікжандылар, міне, осылар. Солардың бірі «Астана көгалдандыру» мекемесінің жұмысшысы Құралай Мұхитова мекемеде 10 жыл уақыт қызмет атқарады.

«Ұжымда қызмет ететін отызға тарта қыз-келіншек өздері күтіп-баптайтын гүлдердің бойына бар мейірім-шуағын сіңіріп жүр. Содан да болар, қаланың сән салтанатына айналған гүлдер көпті қуантып, көңілдерге құштарлық сыйлайды. Жылыжайдың қызметкерлері күндіз-түні кезектесіп, жапырақ жайып келе жатқан гүлдердің жағдайын жасайды. Яғни, тынымсыз тірлік мұнда жыл бойына жалғасады. Гүл дегеніміз кішкентай нәзік бала сияқты. Жақсы көңіл-күймен қарасаңыз, гүл де жайнап тұрады. Оларға мейірім, шапағат керек. Жылы сөз айтсаң, жайқалып шыға келеді. Гүлдің айналасына, одан кейін адамға деген әсері өте мол. Себебі гүлден адам нәр алады. Өзімнің бес балам қызметіме қызығушылық танытып, қалада жайқалып өскен гүлдерді көріп, біздің өсіргенімізді айтып, марқайып қалып жатады» деп бөлісті маман.

Елордалық гүл өсірушілер қаланы сәндеуде адам мен табиғат, технология мен дәстүр, зат пен түр арасындағы үйлесімдікке баса назар аударады. Қаланың көп жерінде көзге шалынатын ұлттық ою пішініндегі гүл текшелері де – осы ұйым қызметкерлерінің еңбегі. Топиарлық мүсіндер заманауи дизайнда кеңінен қолданылып, қала көшелерін кезіп жүрген адамның назарына бірден ілігеді. Тірі гүлден жасалатын мүсіндер жыл сайын ерекше дизайнмен жасалады. Отырғызылған гүлдердің түр-түсінің өзінен мерекелік салтанат сезілуі тиіс. Ол үшін түстерді тиімді қолданып, гүл кілемдердің оюын айқындап алады. Ажарын ашу үшін ақ мәрмәрдің қиыршық тастарын төсейді. Гүл композицияларымен мекеменің ландшафтық дизайн бөлімі айналысады. Күзден-ақ шеберхана мамандары гүл көшеттерінің алдын ала жобасын дайындап, мүсіндердің үлгілерін әзірлейді, жазуын басады. Осы жылы домбыра, қобыз, құлын және шабандоздардың мүсіні қаланың әсемдігін айшықтай түспек.

Осылайша, жыл сайын қыс бойы жылыжайда өсірілген өсімдіктер көктемде түрлі-түрлі мүсіндердің бойынан көрініс тауып, жаздың соңына дейін қалалықтарды қуантып тұрады. Мекеме қызметкерлері жазда қайта бәрін тазалап, жинастырады. Ал жылыжайда қалемшелеу әдісімен тұқымдарды жаңа өсімдік үшін алып қалады. Арқа төсінде қоныс тепкен астанамызды осыдан жиырма жыл бұрын нағыз гүлді шаһарға айналады десе, ешкім сене қоймас еді. Сондықтан оның бүгінгідей гүлордаға айналуы шынымен де тамшылап төгілген тер мен ерекше шығармашылық еңбектің жемісі екені анық.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button