Мәселе

Игілікті істер ұйытқысы

Сауда саласында халықты алдау не алаяқтық сынды күрмеуі шешілмеген мәселелер бар. Оған қатысты сұрақтардың шешімін тауып, нүктесін қоюда Астана қаласы «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркін ТОМПИЕВ ұзақ жыл бойы аянбай еңбек етіп, қоғамның құқықтық сауатының артуына ауқымды үлес қосты. Бірлестік бастауымен 30 жылда 100 мыңнан астам азаматқа көмек көрсетіліп, жалпы сомасы 1 млрд теңге көлеміндегі қаржы астаналық тұтынушыларға қайтарылды. Соның ішінде білікті басшының да сіңірген еңбегі орасан. Білімді әрі тәжірибелі маман, еңбек ардагері биыл 70 жасқа толып отыр.

Біздің ке­йіп­­керіміз – ел игілігі жо­лында еңбек етіп, жұрт сүйсінер игі істер тындырса да, азаматының алдына шықпай, менмендік танытып, кеуде қақпайтын қайраткер. Ол – уақытпен санаспай денсаулық күзетінде жүріп, дертіне шипа іздеп келген науқастарды ауруынан айықтырып, халықтың алғысын арқалап келе жатқан мәртебелі мамандық иесі. Денсаулық сақтау саласында жылдар бойы қызмет атқарып, адал еңбегімен абырой биігінен көрінген жан. Еркін Қалиұлы – 48 жылдан астам уақытқа созылған қызметтік жолында түрлі салада жұмыс істеген еңбек ері. Денсаулық сақтау саласының үздігі және білім беру ісінің құрметті қызметкері, жоғары санатты дәрігер, проскопия ғылымдарының академигі, медицина ғылымдарының кандидаты. Денсаулық сақтауды реформалауға, қалада алғашқы медициналық-санитарлық көмекті қалыптастыруға көп еңбек сіңірді.

Игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген Еркін Қалиұлының өмір жолы – көпке үлгі, оның жастарға айтары да жоқ емес

1993 жылдан 1998 жылға дейін Балқаш тау-­кен металлургия комбинатының медицина-санитария бөлімінің бас дәрігері болып жұмыс істеді. Кейін 1998 жылы Астанаға көшіп келіп, қалалық Денсаулық сақтау басқармасында қызметін жалғастырды. 1999 жылдан 2009 жылға дейін Астана қаласындағы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» орталығының бірінші директоры қызметін атқарды. «1999-2005 жылдар аралығында Астана қаласы тұрғындарының денсаулығы» және «Салауатты өмір салтын қалыптастыру» бағдарламаларын құруға белсенді қатысты. 2008-2009 жылдары Астана қаласында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті әзірлеуде Денсаулық сақтау министр­лігі жұмыс тобының мүшесі болды. Денсау­лық сақтау саласының маңызды бағдарламаларын білім беру ұйымдарында енгізуге тырысты. Нәтижесінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер», жоғары оқу орындарында «Салауатты университеттер», «Темекіні таста және денсаулықты нығайт!» жобалары пайда болды. Сөз барысында бірінші байлық – денсаулыққа әркім жасынан ерекше қамқорлық танытса, салауатты өмір салтын ұстанса деген тілегін жеткізді.

Астаналық мектептердің бастауыш сыныптарында алғаш рет «Денсаулық» сабағын енгізді. Мектеп бағдарламасы үшін қазақ тіліндегі «Аурулардың алдын алу және денсаулық сақтауды нығайтудың мұралары» оқулығын, жалпы салауатты өмір салтын насихаттауда ғылыми еңбектерді, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттерге арналған нашақорлыққа қарсы бағытталған журналдар мен мақалаларды шығарды. «Астана – денсаулық қаласы» кітабы, «Бәйтерек жапырақтары» еңбегі, «Медицина тарихы: халық медицинасының қалыптасуы» әдістемелік оқулығының авторы. Жалпы саны 47 еңбек, аурудың алдын алу бойынша 2 практикалық ұсыным және 8 брошюра жарияланды.

Еркін Томпиев Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеп, отансүйгіштік пен патриотизмнің ерен үлгісін көрсеткен батырлардың арасынан да табылды. Елге оралған соң, 2008 жылы Қорғаныс министр­лігінің басқарушы құрамында Қырғызстанда өткен халықаралық әскери оқу-жаттығуға қатысып, Қорғаныс министрлігінің бөлімдері мен мекемелерінде әскери-медицина бөлімшесін ұйымдастырды. Қызметін тұтас қоғам игілігіне арнаған ол 1999-2004 жылдары Астана қаласы мәслихатының депутаты болып сайланды.

Көп жылғы өлшеусіз еңбегі ескерусіз қалмады. КСРО және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен, «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері», басқа да мерейтойлық медальдармен, Қазақстан Рес­публикасы Президентінің, Астана қаласы әкімдігінің, Денсаулық сақтау, Білім, Төтенше жағдайлар, Сауда және интеграция министр­лігінің, мемлекеттік органдар және бұқаралық ақпарат құралдарының алғыс хатымен марапатталды. Одан бөлек, сіңірген еңбегі үшін Қытай, АҚШ және Түркия мемлекеттері тарапынан да құрметке бөленді.

Бүгінде Еркін Қалиұлы – «Әділет» тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы. Былтыр аталмыш мекемеге 30 жыл толды. Тұтынушылардың қажетін қанағаттандыру – қоғамдық бірлестіктің негізгі міндеті. Өмірлік миссиясы ретінде адам құқығын қорғауды көздеп, бұл жолда басшылық және ұйымдастырушылық қасиетімен көзге түскен. Халықпен қарым-қатынас құрып, бірлесе жұмыс істеу, азаматтардың өтінішін қарап, оларды орындауға атсалысу – еңбек ардагерінің ұстанатын басты бағыты. Тұтынушылардың құқығын қорғап қана қоймай, ол Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға да жиі көмек көрсетеді. Кейіпкеріміз әңгіме барысында тұтынушылардың заң аясында бекітілген міндеттерін қорғауға мүдделі еместігінен әрі құқықтық сауатының таяз болуынан мәселелер орын алатынын жеткізді. Елімізде тұтынушының құқығы заңмен қорғалғанын ұмытпағанымыз жөн. Бұл заң жобасында қазақстандықтар тұтынушының құқығы бұзылғаны туралы арыз-шағыммен тікелей сотқа жүгіне алатынын білген абзал.

Игілікті істердің ­ұйыт­қысы болып жүрген Еркін Қалиұлының өмір жолы – көпке үлгі, оның жастарға айтары да жоқ емес.

Бүгінде қызы Салтанат пен ұлы Нұрсұлтанды тәрбиелеп, немересі Лаисаның қызығына бөленуде. Балалары – азаматтық авиация саласының мамандары. Жүрегі кең әке, немересіне үлгілі ата ешбір адамның ала жібін аттамауға, кісінің жолын кеспеуге, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетуге, ұрлық-зорлыққа жоламауға, өтірік-өсектен аулақ болып, көпке адал қызмет етуге тәрбиелеумен келеді. Адам ұрпағымен мың жасайды. Ендеше ғұмырларын қоғам игілігіне арнаған отбасының бақытқа бөлене беруіне тілекшіміз.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button