Басты ақпаратМәселе

Коллектор қызметі: қорқыту ма, қорғау ма?

Ел бойынша 2 ипотекалық ұйым, 21 екінші деңгейлі банк және 924 микроқаржы ұйымы бар. Бұл – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми дерегі. Қазір қаржы институттарының тұтынушысы қалың. Мәселен, Ұлттық банктің мәліметінше, 2023 жылдың 1 сәуірінде 7,9 миллион адам тұтынушылық кредит алды. 2024 жылғы 1 қаңтарда 8,5 миллион адамның банктер мен қаржы ұйымдарына 19 триллион теңге қарызы қалыптасты. Өз кезегінде, банктер қарызды коллекторға өткізіп жібереді. Нәтижесінде коллекторлар борышкерлерді жиі мазалап, қорқытып-үркітіп, қарызды өндіруге күш салады. Біз саланы реттейтін агенттікпен және заңгерлермен хабарласып, борышкерлердің құқығын қорғаудың мән-жайын білдік.

МОРАТОРИЙ ЕНГІЗІЛЕ МЕ?

2016 жылы режиссер Алексей Красовскийдің «Коллектор» киносында банкке қарызын уақытылы өтемеген клиентті нысанаға алып, қоқан-лоқы көрсетіп жүргенін көресіз. Ресейде түсірілген фильмнің сюжеті біздің елге де ұқсас. Коллектор банк алдындағы міндетін дұрыс орындамаған борышкерді жиі мазалап, бопсалап, сес көрсетіп, қарызды өндірудің түрлі әдіс-тәсілін қолданады. Заң тұрғысынан білімі аз адамдар психологиялық қысымды көтере алмай, өз-өзіне қол жұмсаған жағдайлар аз емес. 2023 жылы 12 қазақстандық кредит берешегі салдарынан өз-өзіне қол жұмсады. 40 азамат кредитін өтеуге қажетті ақшаны алу мақсатында түрлі қылмысқа барды.

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев іске араласып, Парламентке коллекторлық агенттіктердің ісін қайта қарап, заңды қатаңдатуды тапсырды. 2023 жылы ел азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң шеңберінде коллекторлық қызметті реттеу қатаңдады. Бірақ коллекторлар айылын әлі жияр емес. Көп жағдайда коллекторлар өзін тергеуші немесе прокурор ретінде таныстырып, түрлі тәсілмен борышкерге қысым жасайды. Кең тараған түрі – тұрғын үйін немесе жылжымайтын мүліктің басқа түрін тартып алатынын немесе банктегі есеп шотын бұғаттап тастайтынын айтып, қорқытады. Шын мәнінде, банктердегі шотты тек сот, прокуратура, тергеу, кеден, салық органы ғана бұғаттай алады. Адвокаттар, коллекторлар және заңгерлерде мұндай өкілеттілік жоқ.

Коллектор – қарызбен жұмыс істейтін маман. Яғни борышкер мен кредит беруші арасында делдал қызметін атқарады. Қарыз беруші төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен жағдайда ғана коллектор қызметіне жүгінеді.

2024 жылғы 1 қаңтарда 8,5 миллион адамның банктер мен қаржы ұйым­дарына 19 триллион теңге қарызы қалыптасты

Жақында Парламент тыңдауында екінші деңгейлі банктер коллекторға проблемалық несиелерді сатуға екі жылға мораторий енгізу ұсынылды. Егер заң қабылданған жағдайда коллекторлардан келетін қауіп уақытша тоқтайды.

Мәжіліс депутаты, заңгер Үнзила Шапақтың сөзінше, соңғы жылдары екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары өз балансын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін айтарлықтай жеңілдікпен коллекторларға беру практикасы қалыптасты. 2024 жылдың 1 қаңтарында ел бойынша 890 мың адамның
382 миллиард теңге қарызы коллекторлық агенттіктерге берілді. Яғни коллектор едәуір көлемде жеке тұлғалардың қарызын сатып алып, қарыз өндіруде. Осы себепті төлем мерзімі өткен қарыздарды  24 айдан кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылды. Тіпті банктердің коллекторға қарызды сатпау жағы қаралды. Қаржы институттарында берешек пакеті көбейген жағдайда лицензиясынан айырылуы да мүмкін.

МАЗАЛАЙ БЕРСЕ НЕ ІСТЕЙМІЗ?

2017 жылы Қазақстанда коллекторлық қызмет заңды түрде енгізілді. Алғашқы кезде ел бойынша 10-нан аса коллекторлық агенттік тіркелсе, 2024 жылы ақпан айында 187-ге жетті. Соның 14-і Астана қаласында өз қызметін іске асырады. Елордада Гарант плюс, Секьюрити систем, Коллектор инвест, Коллектор партнерс, Titanium, Парыз, Platinum Collection және тағы басқа агенттіктер өз қызметінде жұмыс істейді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің БАҚ-пен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Азамат Кенже:

– 2017 жылғы 6 мамырда күшіне енген «Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен негізі коллектордың қызметі реттеледі. 22 баптан тұратын заңда коллекторлық агенттіктің мiндеттерi мен құқығын және олардың қызметін бақылау және тағы басқасы қамтылды.

Коллекторлар берешекті сотқа дейін өндіріп алу және реттеу қызметін іске асырады, сондай-ақ кредиторға байланыс­ты ақпарат жинайды. Агенттік борышкермен және оның өкілімен сағат 08-21.00-ге дейін телефон арқылы сөйлесуге, жеке кездесуге шақыруға немесе ұялы телефон арқылы мәтіндік, дыбыстық хабар жібере алады. Коллектор ретінде таныстырған қызметкер агенттіктің тіркеу нөмірі, мекенжайы, өзінің аты-жөні және кредитордың атауы туралы ақпарат беруі міндетті. Әрі борышкерді аптасына 3 реттен артық мазалауға құқығы жоқ, – деп түсіндірді.

Коллекторлардан қысым көрген адамдар аз емес. Астана қаласының тұрғыны Самат Айтжанның айтуынша, 2005 жылы «Альянс банктен» кредит алады. Қаржылық қиындықтарға байланысты кредитін төлей алмайды. 2008 жылы АҚШ-тағы бірнеше ірі банктің банкроттығы америкалық банк жүйесін күйзеліске ұшыратып, нәтижесінде әлем елдерінің экономикасына кері әсер етті. Аялдамалардағы шағын кеңселерінде кредитті тегін ақшадай таратқан «Альянс банк» жабылды. «Кредиттен құтылдым-ау!» деп жүргенде, коллектор хабарласып, бопсалап, қорқытып, мойындатып, қарызын өтеуді міндеттейді. Міне, осындай жағдайда не істеу керек? Бұл сұраққа Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми өкілі Азамат Кенже:

– Коллекторлар борышкермен және оның өкілімен байланысу кезінде жосықсыз әрекеттер – борышкердің ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне нұқсан келтіруге және мәліметтерді таратуға, қысым көрсетуге, жеке басын қорлауға, құжаттарды бұрмалауға, бопсалауға болмайды. 2021 жылы мамыр айында заңнамалық деңгейде борышкермен, оның өкілдерімен өзара іс-қимылдың барлық жағдайын міндетті аудио және бейне тіркеуді, коллекторлық агенттіктерге тіркелмеген нөмірлерден байланысуға тыйым салуды көздейтін қосымша шектеу енгізілді. Егер коллектор жосықсыз іс-қимылды қолданса, борышкер біздің агенттікке шағымдануға құқылы, – деп жауап берді.

Расында, коллекторлар көп жағдайда «Альянс банктен» 2005-2013 жылы кредит алып, төлемегендерді мазалады. Бұл банк 2011-2014 және 2015-2018 жылы коллекторлық агенттіктерге кредиттерді өндіру туралы келісімшартты сатады. Яғни кредиттер банк балансынан шығарылды. Алайда коллекторлар құқықтық-қаржылық сауатты төмен адамдарды қорқытып, қаржы өндіреді.

«Коллекторлық компанияның қорлығын көрген адамның бірімін. Отбасылық жағдайға байланысты банктен несие алған едік. Бір жағдайға байланысты үш айдың төлемін төлей алмадық. Банк өкіліне жағдайымызды түсіндіріп айтқан едік. Бірақ олар біздің несиелік жауапкершілігімізді коллекторлық компанияға ауыстырып жіберді. Коллекторлар бізді қорқытты, айтпаған сөздері қалмады. Бәрібір біздің төлейтін жағдайымыз болмады. Ал айыппұл мен үстемені қосқанда қарызымыз 680 мыңға жетіпті. Содан сотқа жүгіндік.  Жұмыссыз болғандықтан, төлей алмағандығымыз жөнінде сотқа арыз жаздық. Банк пен коллекторлық компанияның үстемелері мен айыппұлы алынып, 356 мың теңге төлеу керектігіміз жөнінде сот шешімі шықты. Қазір айына 20 мың теңге төлеп келеміз. Осылайша, коллекторлар қорлығынан құтылдық» дейді Астана қаласының тұрғыны Жәмила Қ.

– Коллекторлар үш жылдық талап қою мерзімі өтіп кеткен қарызды түрлі айла-амалмен қорқытып, борышкерге қарызды мойындатады. Егер мойындаған болса, онда үш жылдық талап қоюдың мерзімі жаңарады. Осы жағдайда коллекторлық агенттіктер дереу сотқа оңайлатылған тәртіппен (борышкердің қатысуынсыз қысқа мерзімде) талап-арыз жолдайды.

Борышкер егер коллектор пәтерге рұқсатсыз кірсе немесе заңға қарсы басқа әрекет жасаса, құқық қорғау органдарына өтініш жаза алады. Сондай-ақ аудио немесе бейне медиада коллекторлармен қарым-қатынас жасаудың бүкіл процесін жазып алуға және осы материалды сотта дәлел ретінде пайдалануға болады және сот арқылы моральдық өтемақы талап етуге құқығы бар, – дейді заңгер Дәулет Тұрабаев.

P.S:  «Ханнан қарыз алма – басың кетеді, байдан қарыз алма – малың кетеді, досыңнан қарыз алма – берекең кетеді» деген ескіден қалған тәмсіл бар. Байдың бәрі қайырымды емес, достың бәрі қаржылы емес. Халықтың қарыз сұрап баратын жері – банк. Егер қарызды төлей алмасаңыз, алдымен банк қызметкері хабарласады. Талапты орындамасаңыз, ісіңіз коллекторларға өтіп, үздіксіз қоңыраудың астында қаласыз. Оған көнбесеңіз, коллекторлық қысымға дайын болыңыз. Ең дұрысы, банктермен дос болмау керек-ақ. Бірақ айтуға бәрі оңай!

 

 

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button