Басты ақпаратЕл тынысы

Тасқынға тосқын бола ма?

Үкімет басшысы Олжас Бектенов су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тас­қыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысын өткізді. Штабтың негізгі міндеті – су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметті үйлестіру. Штаб басшысы – Премьер-­министр Олжас Бектенов, Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев штаб басшысының орынбасары болып тағайындалды. Штаб құрамына Президент Әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары кірді.

Отырыста Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту шаралары туралы министрлер мен өңірлердің әкімдері тыңдалды.

Төтенше жағдай аймақтарынан барлығы 11306 адам эвакуацияланды. Уақытша орналастыру бекеттерінде 5456 адам бар. Су шайып кеткен 40 автожолды, көпірді және 39 жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары бақылау­ға алынды. Көлік қатынасы тоқтап қалған елді мекендермен байланыс орнатылып, әкімдіктер азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қажетті қорларын дайындады. ТЖ аймақтарындағы халыққа көмек көрсету тәулік бойы, оның ішінде әуе кемелерінің көмегімен жүзеге асырылуда. Жұмысқа 7 мыңнан астам адам, 2 мыңнан астам техника, оның ішінде су айдау құралдары, жүзу және әуе кемелері тартылды.

Су қоймалары мен өзендердегі жағдайға мониторинг жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ақтөбе, Сазды, Ащысу, Жартас су қоймалары транзиттік режимде жұмыс істеп тұр, белсенді түрде су жіберу жүзеге асырылуда. Қарғалы су қоймасы жинақтау режимінде. Әкімдіктер су тасқынының қаупі жоғары өңірлерде алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. Қажет болған жағдайда, қосымша күштер мен құралдар жіберіледі.

Төтенше жағдай салдарынан қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары мен салуға ҚР Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен қаражат бөлінеді. Үйі апатты деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер жасайды.

«Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы іс-шараларды қанағаттанарлықсыз деп сынға алды. Қазірден бастап апаттан келтірілген залалдың көлемін бағалауды бастап, зардап шеккен адамдарға дереу материалдық көмек көрсетуге кірісу керек. Сондай-ақ болашақта мұндай ауқымды су тас­қынының алдын алу үшін кешенді шаралар әзірлеу қажет. Әр өңірде нақты іс-қимыл жоспары болуға тиіс» деп атап өтті штаб төрағасы Олжас Бектенов.

Халыққа қажетті көмек көрсетіледі

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб апаттан зардап шеккен өңірлердегі халыққа медициналық көмек көрсету мәселесін ерекше бақылауда ұстайды.

Медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде, дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем бригадалары қосымша тартылуда. Барлық эвакуацияланғандарды дәрігерлер қарап-тексеруде, олардың жағдайы тұрақты, қандай да бір жарақат алу туралы шағым түскен жоқ. Жүкті әйелдер мен балалардың жағдайына бақылау жүргізілуде. Босану уақыты таяған әйелдер аудандық және облыстық орталықтарға көшірілді. Денсаулық сақтау министрлігінде жағдайдың күнделікті мониторингі жүргізілуде. Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үшін медициналық және психологиялық көмектің қосымша бригадаларын ашу үшін қызметтердің дайындығы қамтамасыз етілді.

Халықты уақытша жинау пункттерінде тәулік бойы медициналық посттардың жұмысы қамтамасыз етілді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қорлары дайындалды. Барлық өңірде санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды бақылау және мониторинг күшейтілді.

Сонымен қатар жергілікті жерлерде денсаулық сақтау мәселелері бойынша байланыс орталықтарының жұмысы бірыңғай алгоритммен тәулік бойы жұмыс істеу режиміне ауыстырылды.

Шығынды өтеу тетіктері талқыланды

Үкіметте су тасқынына қарсы іс-­шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті. Онда су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу тетіктері мен қаржыландыру көздері талқыланды.

Штаб жұмысы аясында Премьер-­министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеуге қаражат жергілікті атқарушы органдар резервінде көзделгенін баяндады. Залалдың алдын ала мөлшерін жергілікті атқарушы орган, Өнеркәсіп және құрылыс, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрліктері айқындайды. Қосымша қажеттілік туындаған жағдайда, қаржыландыру Үкіметтің резервінен қарастырылады. Іс-әрекет алгоритмі:

1) материалдық зардап шеккендер ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға материалдық залалды өтеу туралы өтініш береді.

2) жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде келтірілген залалдың мөлшерін бағалауды ұйымдастырады. Тұрғын үйі қауіпті деп танылған зардап шеккен азаматтардың тізімін жергілікті әкімдіктер қалыптастырады.

Сабақ онлайн форматқа көшіріледі

Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі рес­публикалық штаб жұмысының аясында 88 білім беру ұйымы төртінші тоқсанды қашықтан оқу форматында бастайды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі хабарлады. Қашықтан оқыту су тасқыны қаупі сейілмеген аумақтардағы 56 мектепте, сондай-ақ эвакуациялық пункттер ретінде айқындалған 32 мектепте ұйымдастырылып отыр.

«Осы дүйсенбіден бастап 3 млн-нан астам қазақстандық оқушы үшін 2023-2024 оқу жылының төртінші тоқсаны басталады. Бұл ретте су тас­қыны жағдайы сақталған өңірлердегі оқушылар қашықтан оқуға көшіріледі. Жергілікті жерлерде Оқу-ағарту министрлігінің аумақтық білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері мен өңірлік білім басқармалары жұмыс істеуде. Эвакуациялық бекеттердегі балаларға қажетті көмек көрсету үшін психологиялық қызметтер іске қосылды. Балалар қашықтан оқу үшін қажетті оқу құралдарымен, киім-кешекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз етілді. Эвакуацияланған 1-4-сынып оқушыларын тамақтанумен қамту мәселесі бойынша жұмыстар жүргізілуде» деп атап өтті ведомствоның ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Оқу-тәрбие процесі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандарттарына сәйкес ұйымдастырылады. Сондай-ақ тәуекелдерді азайту және төтенше жағдайда білім беру процесін жалғастыруды қамтамасыз ету үшін Ақтөбе облысындағы колледждер қашықтан оқыту форматына ауыс­тырылды.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлер тұрғындары денсаулық сақтау басқармаларының call-орталықтары бойынша келесі нөмірлерге жүгіне алады:

Ақтөбе облысы: +7 (7132) 41 02 13

Қостанай облысы: +7 (7142) 52 40 70

Батыс Қазақстан облысы: +7 (7112) 24 00 06

Қарағанды облысы: +7 (7212) 95 55 59

Абай облысы: +7 (7222) 56 64 50

Ұлытау облысы: +7 (7102) 99 95 09

Ақмола облысы (109)

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button