Айтпайын-ақ деп едім!

Баланы еңбекке баулиық

Ұрпақ тәрбиесіндегі ең негізгі түйіннің бірі – баланы жастайын еңбекке баулу. Жас күнінен еңбек істеп үйренген бала есейгенде істің ығын білетін пысық, қағылез боп өседі. Бірақ қазір балалар күн өткен сайын еңбектен алыс­тап барады. Қаланы қойып, ауылдың өзінде күрек ұстап, шұңқыр қазуды білмейтін, бір шегені түзу қаға алмайтын ересек балалар жетеді.

Мектептерде еңбек сабағы болғанымен, ол да картон қағаз қию, қағаздан бірдеңе жасаудан аспай тұр. Сосын да біздің балалардың бойында еңбексүйгіштік қасиет жоқ. Керек десеңіз, ауланың қарын сыпыру, отырған класын тазалаудың өзін арнаулы тазалықшылар істеуі керек деп санайды. Ендеше, жаздай қолына бір рет сібірткі ұстамаған, қыста бір рет қар күреп көрмеген баланың бойында қандай еңбекшілдік қасиет болсын?!

Жалпы біздің білім беру жүйемізде балаларды еңбекке баулуға болған бағыт та дұрыс емес. Ата-аналар да балалары мектепте сібірткі, күрек ұстап қар күресе, баласы құлдыққа шегілгендей күй кешіп, мектепке келіп «мен баламды білім алсын деп жібердім, еңбек істеп, малай болсын деп жіберген жоқпын» деп шу шығарады. Міне, осының әсерінен біздің балалар тақта сүрткеннен ерінетін жағдайға жетті.

Байлықтың атасы – еңбек. Еңбек – денсаулықтың да кепілі. Қазіргі 30 жастан асқандардың дені бала күнінен еңбек істеп өсті. Су тасу, қар күреу, қар шығару, аула сыпыру, тезек теріп, қозы жаю… бәрі-бәрі балалардың мойнындағы жұмыс болатын. Мектептерде де еңбек сабағы кезінде балалар сынып бойынша жұмыс істейтін. Ол кезде мектептерді қазіргідей тазалықшылар емес, балалардың өзі тазалайтын, еден жуып, от жағып, терезе сүртіп бәрін балалар өздері істейтін. Оған бола бұларың не деп ара түсетін ата-ана болмайтын. Қайта «істеп үйренсін, үйренгені өзіне жақсы» деп мектеппен бірлесе  отырып, баланы еңбекке баулитын. Одан ешкім кемқор болған жоқ, еңбектің қадірін білетін, барды бағалайтын ұрпақ өсіп-жетілді.

Әрине, балалардың басты міндеті – білім алу. Бірақ бойында еңбексүйгіштік қасиеті жоқ бала ойыннан көз ашпайтын жалқау әрі әлжуаз келеді. Сондықтан білім беру орындары балаларды дене еңбегімен шұғылдануға да шабыттандырып отырған жөн. Сонымен қатар, мектептер еңбек сабағының рөлін күшейтіп, балаларды шамасы келетін жұмыстарды өзі істеуге бейімдегені дұрыс. Баланы «оны да істей алмайды, мұны да істей алмайды» деп тежеу, «үстіңді кір қыласың, одан да оқуыңды оқы» деп тәрбие беру, бала болашағына салынған үлкен тұсау екенін ұмытпайық. Астанада жеке секторлардың ауласындағы қардың шығарылмауынан, үйлерді су басып жатқанын көргенде маған осындай ой келді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button